Шымкенттiң мәдени орындары

Среда, 17 Август 2016 07:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 13596 раз

Тәуелсіздік жылдары Оңтүстікте мәдениет саласы жаңа серпінмен дамыды. Елбасымыздың қолдауымен өнер мекемелерінің керегесі кеңге жайылды. Жаңа театрлар ашылып, жұмысы жанданды. Кейбір театрлар қайта жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді. Оған дәлел облыстық опера және балет театры, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры, Оңтүстік Цирк сияқты ұжымдар қалыптасты. Құнды сахналық шығармалар жазылып, халық мәдени мұрамызбен қайта қауышты.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан Тәуелсіздік жылдары 730 мәдениет және өнер мекемелерінің салынып, қайта жаңарып, халыққа мәдени қызмет көрсетіп келе жатқанын айтады. Қазір облысымызда 8 кәсіби театр, 1 көркемсурет галереясы, 8 саябақ, 1 облыстық филармония, 1 «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Оңтүстік-Цирк» мекемесі, 1 «Түркістан сарайы», 1 көрме орталығы бар.
– 1991 жылдары еліміздің Тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға өтуі – мәдениет саласына айтарлықтай әсерін тигізді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігінен және жекешелендіруге байланысты мәдениет және өнер мекемелері жабыла бастады. Десе де, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2000 жылды «Мәдениетті қолдау» жылы деп жариялауына байланысты мәдениет саласы айтарлықтай жандана бастады. Тиісті қаржы көздері қарастырылып, мәдениет ошақтары кезең-кезеңімен қалпына келтірілді, – дейді А.Темірхан.

kolladj

2001 ЖЫЛ

Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы 2001 жылғы қарашада, Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында ашылды. Бұл республика көлемінде қуғын-сүргін құрбандарына арналған алғашқы мұражай. Соңғы үлгідегі сәулеттік дизайнмен ерекше салынған мұражай қызыл, қара, сұр түспен өрнектелген.

2007 ЖЫЛ

Шымкентте облыстық опера және балет театры есігін айқара ашты. Театрдың ашылуы туралы шешім 2006 жылы облыстың сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолымен бекітілді. Бұрынғы Металлургтер сарайын жөндеуден өтіп, жас ұжымға пайдалануға берілді. Театрдың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев арнайы келді.
Операда музыка мен сурет, драматургия мен вокал, актерлік шеберлік сияқты қайталанбас өнер түрлері бір сахнада тоғысты. Бірегей мәдени туындылар жасалды. Бүгінгі таңда Жәнібек Тағаев басқаруындағы театрдың жетекшілік құрамында Қазақстанның халық артисі
Р. Жұбатурова, балет труппасының жетекшісі Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты М.Әшірбаев, ҚР мәдениет қайраткері бас балетмейстер Р.Хайрушева, халықаралық байқаулардың лауреаты, театрдың көркемдік жетекшісі Е.Жандарбай жұмыс жасайды.

2008 ЖЫЛ

4 сәуірде елімізде алғашқы мемлекеттік әзіл-сықақ және сатира театры өз жұмысын бастады. Театр ең алғаш С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» пеьсасының желісімен жазылған У.Әбдіраимовтың «Ауылым – әнім» музыкалық қойылымымен шымылдығын түрді. Бүгінгі таңда театр репертуарында отандық туындылармен қатар, орыс, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының 30-ға жуық комедиялық қойылымдары бар.

2010 ЖЫЛ

Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония халық игілігіне берілді. Филармония Елбасының қатысуымен ашылды. Өнер ұжымы жыл сайын орта есеппен 180-нен аса концерт қойып, 60 мыңға жуық көрерменге қызмет көрсетеді.

2011 ЖЫЛ

Елімізде үшінші болып «Оңтүстік Цирк» мекемесі ашылды. 1200 көрерменді бір уақытта қуанышқа бөлейтін мекеменің бүгінгі таңда 11 бөлімінде 145 қызметкер жұмыс істейді. Өнер ұжымы «Алақай-балақай» «Таңғажайып керуен», «Ертегілер елінде», «Наурыз-Думан» бағдарламаларын ұсынып, жыл сайын 70-ке жуық қойылымдар мен концерттер ұйымдастырып, 48 мыңға жуық көрермендерді қамтып келеді.

2011 ЖЫЛ

Осы жылы бұрынғы кинобейнеорталық «Оңтүстікфильм» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Жаңарған мекеменің салтанатты ашылу күнінде «Толағай» анимациялық фильмінің де тұсауы кесілді. Бүгінде отандық кино өндірісін дамытуда жемісті қызмет атқаруда. Соңғы жылдары мекеменің толықметражды көркем, деректі және мультипликациялық фильмдер санының өсуі байқалып отыр. Жыл сайын 250-ге жуық деректіфильмдер мен бейнематериалдар дайындайды.

2013 ЖЫЛ

Шымкент қаласының әкімшілік іскерлік орталығында бой көтерген сәулетті ғимараттардың бірі – «Көрме» орталығы. Ашылғанына көп болмаса да, орталық халықтың көз қуанышына айналды. Алып нысанның жалпы ауданы 2600 шаршы метрді құрайды. Екі қабаттан тұратын орталық заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Еуропалық үлгімен салынған орталықта көрме және конференц залдары, іскерлік залдар, сондай-ақ қызметкерлерге арналған бірнеше кеңсе бөлмелері бар. Олардың барлығы да жоғары талғаммен безендендірілген.

2014 ЖЫЛ

Оңтүстікте Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы пайдалануға берілді. Мұнда Қазақстандағы бар халықтың әдет-ғұрып және салт-дәстүрінен хабар беретін материалдар қойылған. Сондай-ақ үш зал бар, бірі – конференция залы болып есептелсе, қалған екі залда көрме ұйымдастырылмақ. Көрме залының безендіруімен тарихшылар, 20 этно-мәдени орталық пен облыстық мәдениет басқармасының мамандары айналысады.

Ж. Шанин атындағы қазақ драма театры 500 орынға арналған жаңа ғимаратқа көшті. 82 жылдық тарихы бар қарашаңырақтың жаңа сахна шымылдығы Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз» шығармасымен түрілген болатын. Сондай-ақ қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебе берілді.

2014 жылы ОҚО тарихи-өлкетану мұражайы жаңа ғимаратқа көшті. Оны ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған іссапары барысында телекөпір арқылы ашты. Мұражайдың жалпы ауданы 2541,81 шм. Оның ішінде экспозиция залдарының жалпы ауданы – 1060,12 ш.м. Мұражай «Табиғат, палеонтология, археология», «Этнография», «Қазақ хандығы және жаңа заман», «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын төрт экспозиция залдарынан тұрады. Мұражай және оның филиалдарында 93 мың 427 жәдігерлер жинақталған. 6 мың 500 кітап қоры бар арнайы ғылыми кітапхана жұмыс істейді.

2015 ЖЫЛ

«Түркістан» салтанат сарайы ашылды. Түрлі салтанатты шаралар ұйымдастыруға лайықталған ғимараттың жалпы алаңы 8,5 мың ш.м., сыйымдылығы − 1364 орынды құрайды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.