Асыққан жүргізуші, аптыққан жолаушы

Пятница, 11 Ноябрь 2016 09:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5032 раз

оқыс оқиғаға себепші

«Жол мұраты – жету» деген. Жол-көлік апаттары жиілеген бүгінгі кезеңде көлікке мінсек, үміт пен үрейдің құшағында отыратын болдық. Жол үстінде дәм-тұзы таусылып жатқан адамдар көп. Мұндай қайғылы оқиғалар елді алаңдатып тұрғаны анық. Мұны, ресми мәліметтер де көрсетіп отыр. Зерттеулер апатты жағдайлар негізінен жүргізушілердің жылдамдықты асырғаннан туындайтынын анықтап отыр. Рас, кейбір жағдайларда жолаушылар да асығыстыққа ұрынып, өкінетін жағдайлардың куәсі болып жүрміз.

dtp

Қарсы бетке өтемін деп...

Апат айтып келмейді деген осы. Осыдан он күн бұрын Рашидов көшесінде болған мына жағдай әлі көз алдымыздан кетер емес. Жұмысқа асығып келе жатқанбыз. Аялдамаға жете бергенде жаяу жүргіншілер өткелінің тұсында, жол жиегінде алпыс жастың шамасындағы әйел азаматша ес-түссіз жатыр. Адамдар қаумалай қалыпты. Сөйтсек, «60» бағыттағы қоғамдық көлік соғып, 3 метрдей жерге ұшырып жіберіпті. Жүргізуші не болғанын аңдамай қалса керек. Азаматшаға қолынан келген жәрдемін көрсетіп-ақ жатыр. Абырой болғанда, азаматша тірі қалды. Бірақ жарақаты ауыр. Сондағы куәгерлерден мән-жайды сұрадық. Азаматша жаяу жүргіншілер өткелі бойымен өте бере артынша кері бұрылмақшы болған. Бір затын ұмытқандай. Асыққан азаматшаны кінәлаймыз ба? Әлде жылдамдықты байқамай, асырып жіберген жүргізушіні ме?
Қыркүйек айында Қазығұрт елдімекені маңында бір аптаның ішінде үш бірдей ірі жол апаты болып еді. 20-дан астам адам көз жұмған.
Ресми деректерді келтірейік. ҚР ДСӘДМ травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, жыл сайын елімізде жол-көлік апаттары салдарынан 3 мыңға жуық адам қайтыс болып, 25 мыңдай адам әртүрлі дәрежеде жарақаттанады.
Облыс бойынша жыл басынан бері 1583 ЖКО тіркелген: 302 адам қайтыс болып, 2199 адам әр түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен.
Қазір көлік көбейген. Өкініштісі, адам өлімі де ұлғайып отыр. Бір ғана Шымкенттің өзінде көліктердің саны 200 мыңнан асып жығылады.

Депутаттық сауал жолдады

Елімізде жол қатынастарын жақсартуға назар аударылып отырғаны белгілі. «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші бағыты да көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытуды көздейді. Елбасы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір өсіріп, бұл магистраль жол ежелгі «Ұлы Жібек жолын» қайта жандандыратынын атап өткен болатын.
Таяуда Оңтүстіктен сайланған ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары – Ф.Қаратаев, С. Қаныбеков, У. Қайназаров осы транизиттік бағытта жүргізіліп жатқан құрылысқа назар аударуды сұрап, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа депутаттық сауал жолдады.
– Оңтүстік Қазақстан облысының сайлаушылармен кездесуімізде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің «Оңтүстік Қазақстан облысы – Қызылорда облысы» аралығындағы учаскесінің құрылысы аяқталып, халық мың алғысын айтып, шексіз қуаныштарын жеткізген болатын. Бірақ та жолды салу және жөндеу кезінде қойылған 40-60 км жылдамдығымен жүру жол белгілері осы уақытқа дейін сәйкестендірілмеген. Қазір бұл маңда жол апаттары көбейіп тұр. Осы мәселеге назар аударуыңызды сұраймын, – делінген депутаттық сауалда.
Жол – адамзатты өркениетке бастар игілігіміз. Жол – сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жалғастыратын алтын көпір.
Яғни, халық қалаулыларын алаңдатқан мәселеге ішкі істер министрі де жауап берді.
– Осы жерлерде жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстарына байланысты жылдамдық режимін сағатына 40 шақырымға дейін сатылап төмендету көзделген. Автожолда сигналдық бағандар, жол белгілерін және көпір үстіне жарық орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жол жұмыстары аяқталып, автожол пайдалануға тапсырылғаннан кейін ішкі істер органдарының бақылауымен жылдамдық режимін шектейтін уақытша жол белгілері ретке келтіріледі, – деді Қ. Қасымов.

Апат саны азая ма?

Бұл жағдайларға байланысты тәртіп сақшылары да жұмысты күшейтті. ОҚО ІІД ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Н. Әбдірамановтың айтуынша, көп жағдайда апатты оқиғаларға басты себеп – адам факторы. Яғни, жүргізушілердің тарапынан өрескел әкімшілік-құқық бұзушылық жиі болады.
– ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің тарапынан Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апатты болдырмау мақсатындағы жұмыстар қатаң бақылауға алынды. Облыс аумағындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізіндегі құрылыс жұмыстары жол қозғалысына кері әсерін тигізіп отырғаны рас. Осыған орай «Алматы-Ташкент-Термез» тас жолын бақылайтын облыстық жол патрульдік полиция батальонына тағы 4 взвод қызметкерлері жұмылдырылды. ЖКО-ның алдын алатын негізгі 7 басым бағыт бойынша, оның ішінде жылдамдықты асыру мен қарама қарсы бағытқа шығу құқықбұзушылықтарын анықтауға аса көңіл бөлуге нұсқау берілді, – дейді ол. Бұл бағыттағы тас жол бойына барлық ескерту белгілері орнатылған.
Биыл тамыз айының 15-нен бастап көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру сияқты қызмет түрі ОҚО ІІД Әкімшілк полиция басқармасының Тіркеу емтихан бөлімінің қызметкерлерімен арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында жүзеге асырыла бастапты. Онда күнделікті 300-ге жуық көлік құралдары тіркеліп, 100-ге жуық жүргізуші куәлігі беріледі.
Қала аумағында тыйым салынатын жол белгілері орнатылмаған жағдайда ең жоғары жылдамдықты шектеу сағатына 60 шақырым. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592 бабымен хаттама түзіледі. Мәселен, қарама-қарсы бағытқа шығып кетуші жүргізушілер кінәлі болған жағдайда 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Өтеу мерзімі біткеннен кейін жүргізу куәлігін алу үшін ҚР Жол жүру қағидасы бойынша емтихан тапсыруға жіберіледі.

 

Сіз не дейсіз?

P1020852Мұсатіллә ТОҚАНОВ,
ОҚМУ-дың «Агроөнеркәсіп кешені мен су қоры мәселелері» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Геомагнитті толқындардың белгілерін қойсақ...

– Әр апатты жағдай болған сайын мен өзімді кінәлі адамдай сезінемін. Жол апаттарына геомагнитті толқындардың үлкен әсері барын талайдан бері айтып жүрмін. Мен ғұмырымның 20 жылын осы саланы зерттеуге арнадым. Шымкент қаласының геомагниттік толқындарының картасын да жасағанмын. Мәселен, Тәуке хан, Т. Рысқұлов, А. Байтұрсынов көшесі толық геомагнитті толқында жатыр. Дулати көшесі де сондай. Менің зерттеулерім бойынша, жол апатының көптігі жөнінен бірінші орында Тәуке хан, екінші Т. Рысқұлов, үшіншісінде А. Байтұрсынов көшелері тұр.
Жалпы, геомагнитті толқындар екіге бөлінеді. Солтүстіктен Оңтүстікке екіншісі Шығыстан Батысқа қарай кететін жолақ. Міне, осы бағыттардың қиылыстары – қауіпті жерлер. Кейде апатты жағдайлардың бірден көбейіп кеткенін естисің. Негізінен, ауа райы өзгерген сәтте оның жердің астындағы толқындарға да әсері бар. Содан геомагнитті толқындар өршиді. Сөйтіп, жүргізуші екі жолақтың қиылысқан жеріне барып қалған кезде қас-қағым уақытта есінен айырылып қалады. Түсті ажырата алмайды. Немесе адамды көрмей қаласың.
Ендігі мәселе – ОҚО ІІД-не ұсыныс тастап, солармен бірлесе осы мәселені зерттеу. Сөйтіп, анықталған жерлерге қауіпті жолдардың белгілерін қойсақ. Осы көшелердің бәріне белгілер басынан аяғына дейін қойылуы тиіс. Қазір мұндай жол белгілер Германия, Түркияда бар.
Бұл мәселе әкімшіліктің алдына қойылуы керек. Мәслихатта көтеріліп, қаржы бөлінсе, апаттың алдын алар едік. Бұған мемлекеттік тұрғыдан шешім қабылданатын уақыт жетті деп ойлаймын.

Последнее изменение Пятница, 11 Ноябрь 2016 10:42
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.