Барды бүлдірмей пайдалана білсек...

Пятница, 14 Июль 2017 05:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3536 раз

Қалдықты тастау мәдениетін қалай қалыптастырамыз?!

Қаланың қақ ортасындағы Ю.Гагарин көшесінің бойымен жүріп барамын. Тұрмыстық қалдықтарды тастайтын қоқыс жәшіктерінің айналасында қоқыс шашылып жатыр. «Бұл неге шашылып жатыр екен» деп контейнерлердің ішін бажайласам, қоқыс сыймайтындай дәнеңе де жоқ. Демек, тұрғындардың өздері салақтық танытып отыр. Екі аттам жердегі жәшікке тастаудың орнына, жүргінші жолдың бойына қалдыра салған. Адамдар тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да зиянын тигізіп жүргенін сезінер ме екен осы?!

bardy-buldirmei-saktap-55

Қоқыс қалдықтары біздің қаламызда, қала берді елімізде күйіп тұрған мәселе. Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды жинау бойынша жақын арада жаңа жоба іске қосылмақ. Яғни енді қоқыс сұрыпталады. Содан соң қайта өнделеді. Қағаз, пластик және аралас қалдықтар бөлек жиналады. Бұрын пилоттық жоба негізінде «Самал» шағынауданындағы 20 жеке үйге арнайы қоқыс жәшігі қойылған-ды. Нәтижесі жаман емес. Шаһардың басқа аудандарына да осы жобаны жылдам енгізу жоспарда бар.
Әл-Фараби ауданында 2015 жылы 177 қоқыс алаңшасы, 602 еуроконтейнер орнатылған. «Аудан бойынша контейнер мәселесі толық шешілген», – дейді инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бақыт Мелдебеков. Ал Әл-Фараби ауданы бойынша келісімшартқа отырған «Орион Новтех» қоқыс жинау компаниясының басшысы Нұралы Төребаевтың айтуынша, тұрғындардың не тастайтыны белгісіз, контейнерлер жиі өртенетін көрінеді. Өртенгеннен кейін қаңылтыр өзінің қасиетін жоғалтады. Көтеріп, қайтадан орнына қойған кезде майысады. Әйтпесе, Ресейден әкелінген, еуростандартқа сай делініп жүрген контейнерлер.
– Екінші үлкен мәселе, тұрғындар контейнерге өте ауыр құрылыс материалдарын тастайды. Төрт дөңгелекке есептелген салмақтан екі дөңгелегі шыдас бермей, морт сынады. Сөйтіп, оны қайтадан ауыстыруға тура келеді. Қазіргі таңда келісімшартқа сәйкес 70 пайызын қайта ауыстырдық, – дейді Нұралы Төребаев.
«Ал қоқыс үшін айлық төлемақыға келсек, көпқабатты үйге – 102 теңге, жеке секторға – 120 теңге. Әл-Фараби ауданы орталықта болғандықтан, тәуліктік, айлық пәтер жалдаушылар көп. Ескі шаһарда «сүрлеуге кетеді» деген сыбыстың шыққан күнінен бастап тұрғындар қоқысқа ақша төлеуді қойды. Төлемақыны бермегеніне қарамастан, қоқысын есігінің алдына шығарып қояды. Біздің тариф 2012 жылы бекітілген. Сол күйі тариф бағасын өсіре алмай келеміз. Бұл мәселе әкімдіктің күн тәртібіне қойылды. Егер тариф көтерілер болса, көпқабатты үйге – 167 теңге, жеке секторға – 200 теңге болмақ. Адам бір күнде бір қорап темекі шексе, шамамен 400 теңге қаржы жұмсайды. Ал бір айға үйінің алдындағы қоқысқа 200 теңге төлесе, несі айып?!».
Иә, қоқыс компаниясының уәжі де орынды. Қоқыс артатын жүк көлігінің жекелеген құралдарын сатып алуға да қаржы қажет. Жанармай бағасы тағы шарықтап тұр. Мысалы Алматыда қоқысқа адам басына 350 теңге төленеді. Астанада – 420 теңге. Шымкент үшінші мегаполиске айналғалы отырған тұста, тариф бағасының мәселесін тезірек шешкен абзал.
Еңбекші ауданында 2015 жылы – 98 қоқыс алаңшасы, 2016 жылы – қосымша 11-і салынған. «Ауданның ескі аумағында толықтай орнатылған. «Жұлдыз», «Базарқақпа», «Тоғыс» тұрғын алабтарына 2018-19 жылдары құрылыс жұмыстары толық біткен соң контейнер орнату жоспарда тұр», – дейді инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің бас маманы Арман Мұталиев.
Аудан әкімдігімен келісімшартқа отырған «Нұржан-2000» ЖШС 680 контейнерді мемлекеттік сатып алу бойынша ұтып алыпты. Бүгінгі күні Мәскеуден әкелінген контейнерлердің дөңгелектері сынып, қоқыс жәшіктері өртенуде. Байқасақ, бұл аудандағы контейнерлердің де жағдайы мәз емес.
Абай ауданында 2014-15 жылдары 112 еуроконтейнер орнатылды. ТҮКШ (Тұрғынүй және коммуналдық шаруашылық бөлімі) қарамағында – 220 контейнер. «Аудан бойынша жалпы саны 555 контейнер орнату қажеттігі туындауда», – дейді халықты жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Бауыржан Қалмұратов. Бұл дегеніміз 2014-15 жылдары Ресейден, оның ішінде Мәскеуден әкелінген контейнерлер жарамдылық мерзімінен бұрын бұзылып, енді бірі өртеніп, майысып, сынып, қайта ауыстыруды қажет етіп отыр деген сөз.
Жағдай қалаға жаңадан қосылған Қаратау ауданында бірқалыпты көрінді. Ауданның қоқысына жауапты «Экоспецтранс» компаниясының директоры Жанар Нұрдынова «Нұрсәттегі» контейнерлердің 2014 жылы Сербиядан әкелінгенін айтады. «Содан бері бір жері майысқан жоқ. «Ескі Нұрсәтте» 22 қоқыс алаңшасы, 67 қоқыс жәшігі бар. Бұларды ТҮКШ 2014 жылы сатып алған. «Көк үйлерде» – 8 алаңша, «сары үйлерде» – 6 алаңша, жалпы саны 14 алаңшада 35 контейнер тұр. Қазіргі таңда әкіммен бірлесіп қоқыстарды сұрыптау жобасы дайындалуда. Егер осы жоба іске асса, халықты қоқысты бөлек жинауға үйретпекпіз», – дейді Жанар Мұратқызы.
Жанар Нұрдынованың айтуынша, ол контейнерлерге дейін «Нұрсәтте» Ресейден 25 млн теңгеге жерасты қоқыс контейнерлері орнатылған болатын. Талапқа сәйкес ол контейнерлер жергілікті тұрғындарға 10 жыл көлемінде қызмет көрсетуі тиіс еді. Әрқайсысының бағасы 500 мың тұратын қоқыс контейнерлері «Нұрсәт» шағынауданының 19 жеріне орнатылған еді. Полипропиленнен жасалған контейнерлердің бірі қоқысқа толы болса, енді бірі өртеніп, іске аспай қалған. Осылайша, бюджеттің қыруар қаражаты желге ұшқан. Сол бір тәжірибеден кейін «Нұрсәттегі» қоқыс алаңшалары жаңа кейіпке еніп, мүлде басқа еуроконтейнерлер орнатылды.

Шетелде – швейцариялық дәлдікпен

Еуропада қоқыс қалай жиналады? Контейнерлері қандай?
Швецияда тұрмыстық қалдықтардың 7 % қоқыс тастайтын жерге жіберіледі. Ал қалғанының барлығы қайта өңделеді. Қоқысты дұрыс сұрыптау мен жергілікті биліктің ел экологиясына ерекше көзқарасы осындай жайлы жағдайға әкелген. Шведтер қоқысты сұрыптауды бірнеше онжылдықтың ішінде меңгеріп алыпты. Олардың үйлерінің айналасында қағаз, шыны, металл, пластик, тамақ қалдықтары мен қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарға арналған жеке контейнерлер орнатылған. Тіпті, кішкентай баланың өзі қоқыс тастарда контейнерді шатастырып алмайтынына таңғаласыз. Біріншіден, қоқысты дұрыс емес сұрыптасаңыз, әжептәуір көлемде айыппұл төлейсіз, екіншіден, шведтер жастайынан қоқысты дұрыс тастауға үйретеді.
Швецарияда да солай. Әр қоқысты әр жәшікке салу ол жақта да заңдылық. Ескі жиһаз немесе құрылыс заттарын тікелей контейнерге тастауға қатаң тыйым салынған. Арнайы қабылдау бөлімдеріне апарып, өткізу міндеттелген.
Еуропада апартамент жалдаған көптеген туристер ол жақтың қағаз-пластик-шыны-тағы басқалар сияқты қоқысты сұрыптап тастау қағидаларына жақсы қанық. Ал егер де Еуропа елдерінде тұрақтап қалсаңыз, онда сізге қоқыс тастау мәдениеті швецариялық дәлдікпен нақты түсіндіріледі. Жаңа пәтерге кіргеннен сізге қоқыс тастау туралы кітапша беріледі. Онда 50-ге жуық категория қарастырылады.
Ал Германияда талап одан да қатаң. Әрбір немістің үйінде бірнеше арнайы қоқыс жәшіктері бар. Қоқыс компаниясының талаптарына қарай олардың саны 3 пен 8-дің аралығында. Жәшіктердің түсі де белгіленген.
Біздің қаламыздағы контейнерлердің басым көпшілігі Ресейден, оның ішінде Мәскеуден әкелінген. Онда қоқыс сұрыптау, оны өңдеу жағы жоғары талапқа сай емес. Ендеше бізге Ресейден гөрі қымбатқа түссе де, Еуропа елдерінің қоқыс жәшіктерін алдырту қажет.

 Тобықтай түйін

Біздер қоқыс тастауға баланы жұмсай саламыз. Баланың аты бала ғой, жәшікке 5-6 метр жетпей-ақ қолындағысын тез тастап, ойынға асығады. Ал Еуропада титімтей баладан бастап қай жәшікке нені тастау керек екенін жақсы біледі. Қадамын қалт басса, айыппұл төлеуі мүмкін. Бізге де осындай Заң керек. Адамдар қоқысты сұрыптап, тиісті орынға тастаса, қайта өңдеу мәселесі оң шешімін табар еді. Шикізат ретінде қаншама зат қайта өңделер еді. Ал контейнерлер жарамдылық мерзімі бітер-бітпес сынып, жарамай қалуда. Оған қоқыс тастайтын адамдар да, жергілікті әкімдіктегілер де жауапты. Бірнеше жылда бір-ақ рет алынатын болған соң, біраз уақытқа қызмет ететін контейнерлер алса, бюджетке салмақ түсе қоймас. Әйтпесе, «арзанның сорпасы татымайды».
Қысқасы, әр шымкенттік қоқыс тастау мәдениетін, оны сұрыптап тастау этикасын үйренсе, өзіне де, қоғамға да зор пайда келтірер еді...

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.