Шымкенттің символы не болуы керек? Избранное

Пятница, 22 Июнь 2018 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 337 раз

Бүгінгі Шымкент – өзгерген, өркендеген шаһар. Қаланың бет-бейнесі қалыптасып келеді, сәулеті келіскен мәдениет, бизнес ғимараттары көбейген. Үшінші қалада талап пен талғам жоғарылайтыны да белгілі жәйт. Енді тазалықпен, адамдардың мәдениетімен де өзгелерге үлгі болуымыз қажет. Біз бүгінде қолда барымызды бағалап, баянды ете алдық па? Қаламыздың бренді болуға не лайық? Осы тұрғыда ойласып көрейікші.

DSC 4290

Барымызды баянды ете білсек

Жалпы, көпшілік күнгей өңірдің халқын еңбекқор санайды. Расында, шымкенттіктердің пейілі кең, жаны жомарт. Шағын кәсіпкерлік шарықтап тұр. Қаланы жасыл қалаға айналдыруда да бірқатар ілкімді істер қолға алынған. Көктем де Оңтүстіктен басталады дейміз ғой. Елбасының да «Адамға өмір бір рет беріледі. Оны Шымкентте сүру керек» деген сөзі бізді арқаландырып, жігерімізге жігер қосады. Шымқала – расында күннің шуағы мол төгілетінімен, адамдардың мейірбандығы, адал еңбекті сүйетін еңбекқор тұрғындарымен айрықша аталады.
Біз ендігі кезекте осынау артықшылықтарымызды айшықтап, мегаполис қаланың символына айналар дүниелерді анықтайтын да сәт келді. Қаланың бренді мен трендін тек елімізге ғана емес, әлемге әйгілей алсақ, қане! Ендігі сұрақ: қаламыздың символы не болуы тиіс? Шымкент шаһары десе есіңізге не түседі? Әрине, әркім әрқалай ойлап, түрлі құндылықтарымызды санамалап берер.
Белгілі археолог Бауыржан Байтанаев «Шымкент – Қазақстандағы ең көне қала» деп мәлімдеген болатын. Шымкенттің 2200 жылдың тарихы бар. Тарихи мәліметтерге жүгінсек, Шымқаланың негізі б.з.д. II ғасырда қаланған. Бұған археологиялық қазба жұмыстары дәлел. Деректерге назар аударсақ, Шымкент атауы «қала-бақ», «жасыл қала» мағынасын береді.

DSC 3946

Символ «шым» болуы керек пе?

Осыдан төрт жыл бұрын газетімізде қаланың символы не болуы керек деп мәселе көтергенбіз. Біраз ойлар айтылған. Белгілі сәулетші Бақытжан Әшірбаев «Шым» ұғымы Шымкенттің басты символы болуға лайық дегенді меңзеген. «Меніңше, Шымкенттің символы «шым» болуы керек. Біле білсек, «шым» деген атының өзі өзгеше. Біздің бойтұмарымыз іспетті. Қазіргі уақытта шетелдерде шөпті үйлердің үстінде өсіруді қолға алған. Міне, Шымкенттің символын мен осылай елестетемін. Мәселен, үйдің қасбеттерін жыл сайын сырлаймыз. Енді солардың бәрі шыммен жасалса қандай әдемі. Әрине, символ міндетті түрде бір ғимарат болуы шарт емес. Қаланың бәрі өзінше бір символ болып қалу керек. Біз «шым» брендімен жасыл экономикаға бет бұрамыз» деген еді.
Әрине, бұл құптарлық идея. Ойдан ой туады. Осы орайда мына бір дерекке көз салсақ. Былтыр Шымкенттің гүл алаңшаларына 1 миллионнан астам қызғалдақ егілген болатын. Нақты айтқанда, қала аумағында қызғалдақтың 1 миллион 300 мың тұқымы егілді. Осылайша гүлдің саны екі есеге көбейген. Бір айта кетерлігі, гүл тұқымдары сәулетшілер мен суретшілердің бірлесіп сызған эскизіне сай егілген. Осы гүлдер көктемде қалаға әр берді. Негізінен Голландиядан әкелген гүлдің сұрыптары. Сары, қызыл, көк, алқызыл, күлгін секілді 6 түрлі түс бар. Әрине, қаланың барлық көшелерінде жайқалып өскен гүл шаһардың символы іспетті болғаны рас. Қазір әлемдік нарыққа Голландия шығарып жатқан қызғалдақ түрлерінің атасы осы біздің елдікі ғой. Қаламыздан бар болғаны 20-25 шақырым жерде «Қызғалдақтар алқабы» бар.
Бұдан бөлек, «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінен жыл сайын қалаға 90 мыңға жуық жай және қылқан жапырақты көшет беріледі. Олардың барлығы қаланың орталық көшелеріне, мектеп және көпқабатты үйлердің аулаларына отырғызылады. Осылайша катальп, қарағаш, боз арша, шаған, қараған, үйеңкі, емен және бұталар мен өзге де ағаштар қала көшелерінің ажарын аша түседі.
Сондай-ақ, бүгінде «Шатқал» бағдарламасы арқылы да қаншама тал-теректер отырғызылды. Мұның бәрі де қаланың абаттанып, жасыл желекке орануына септігін тигізуде.

Қоғамның талқысына салу қажет

Әрине, бүгінде Шымкенттің символы болуға лайық дүниелер бар. Пікірлер де әртүрлі. Кейбіреулер күннің жыл бойы беттен сүйіп тұратынын алға тартып, брендіміз Күн болу керек дейді. Географиялық ендік бойынша да, табиғаты бойынша да Күнге ең жақын өңір – біздің облыс. Күн, жүрек, бәйшешек – осы үшеуін үндестіріп, жылылықтың символы етуді құптайды.
Әрине, бұл орайда тарих пен ғылым, білімді де естен шығаруға болмас, сірә. Себебі, Шымкент – жастардың, білімнің ордасы. Шымкент – тыныс-тіршілігі қайнаған алып шаһар.
Мұны әбден зерделеп, қоғамның талқысына салу қажет. Әрине, қаланың символы шаһардың беделін биіктетіп, мәртебесін асыратыны сөзсіз. Шымкенттің өз бренді мен тренді қалыптасатын уақыт жетті. Әлемнің кейбір қалалары сәулеттік нысандары мен зәулім ғимараттарымен танымал. Кейбірі ұлттық құндылықтарын брендке айналдырып отыр. Онда әрбір қала өзінше бір мегаполис. Бірі туризм арқылы табыс тапса, екіншісі өндірісімен әйгілі.
Үшінші мегаполис атағы Шымкент қаласына өзіндік бренді мен трендін қалыптастыруға зор мүмкіндік бермек. Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Ол да жоғымызды түгендеп, барымызды баянды етудің алғышарттарының бірі емес пе?!

Сіз не дейсіз?

Махаң

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

– Оңтүстікті, оның ішінде Шымкентті шырылдай қорғап, жетістіктеріне сүйініп, кемшіліктеріне күйініп жүрген жандардың бірі ретінде қатты қуанулымыз. Осы өзгерістерге лайық болуға тиіспіз. Бұл өзгерістер маған не береді-ей деп емес, мен қаланың көсегесін көгертуге қандай үлес қосамын деп толғанып, жұмыла жұмыс істегенде ғана мақсатқа жете аламыз. Қаланың қазіргі логотипі – қазақ қызғалдағы өте жақсы. Оны өзгертудің қажеті жоқ. Қайта оны одан бетер нығайта, насихаттай, түлете түсу керек-дүр. Ал брендке келсек, ол біреу емес, негізгі бағыттар бойынша бірталай нәрселерді айрықшалап шығарып, дәлелдеп, дәйектеп, таныта түспек керек шығар.

sultanova

Төреайым СҰЛТАНОВА, қалалық мәслихат депутаты:

– Өздеріңіз білесіздер, бұл – маңызды мәселе. Қазір қызғалдақ гүлі көше бойларына көптеп егіліп, қаланың көркін ашып тұр. Тіпті темір қоршауларға дейін отырғызылған. Жалпы, қызғалдақ пен Күнді бір-бірімен үйлестіріп, символ жасау идеясын да қолдаймын. Бұл бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Ардагерлеріміз, зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып шешетін мәселе. Бір қарағанда – еңселі Бәйдібек би ескерткіші де символ болуға лайық. Бізге, негізінен, жастарымызға көбірек тәрбие беретін құндылықтар бренд болуы керек.

Қалшабек

Абай ҚАЛШАБЕК, ақын, Назарбаев зияткерлік мектептері ПШО менеджері:

– Шымкенттің ең басты артықшылығы – қазақылығынан айрылмағаны. Сондықтан Шымкенттің символы да қазақы болуы керек. Нақты мына нәрсе бренді болу керек деп айтуға қиналып тұрмын. Өйткені, расында да біздің аймақта құндылық көп. Дегенмен символдың ғылым, білім, кітапхана (мысалы, ежелгі Отырар кітапханасы) төңірегінен алыстамағаны дұрыс деп ойлаймын.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.