Тұрмыстық қалдық кәдеге жараса... Избранное

Пятница, 03 Август 2018 05:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 259 раз

Қазір жаз мезгілі. Тұрмыстық қатты қалдық көбейіп, қаланы қоқыстан тазарту мәселесі де күрделене түсетін кезең. Есептеулер бойынша қаладан күн сайын 680-750 тоннаға дейін қатты қалдық полигонға жеткізіледі.

03

Яғни, бүгінде қоқысты кәдеге жарату, оны қайта өңдеу, сатып пайда табу сынды жұмыстар қолға алынуы тиіс. Бізде бұл жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр? Шымкентке жақын «Бадам» индустриалды аймағында бұл бағытта әлеуетті жобаның құрылысы бітуге таяған.

Жаңа жобаға қызығушылар бар

Үшінші мегаполисте абаттандыру, көгалдандыру сынды жұмыстар қарқын алған. Бұл ретте көше бойларында, үй аулаларында, қоғамдық орындардағы босаған қалдықтарды тазалап, қаланы қоқыстан тазарту – басты мәселелердің бірі. Жыл өткен сайын бұл жағдай күрделене түсері мәлім. Жасыл қаланы одан әрі көркейту, тынысын кеңейту ләзім.
Маңызы да зор, әрі пайдасы да мол бұл салаға қызығып отырған инвесторлар да бар. Соның бірі – Бадам» индустриалды аймағында орналасқан «Полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдығының жасанды талшығы өндірісі» зауыты. Жылына 50 мың тонна жасанды талшық өндіретін зауыт биылғы күзде толық қуаттылығымен іске қосылмақ. Ал Шымкенттегі жағдай қалай? 
Бұл жоба «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде жүзеге асып отыр. Инвестициялық құны – 20 млн АҚШ доллары. Жасанды талшық – бұл өнеркәсіптің барлық салаларында қолданылатын әмбебап материал. ПЭТ-ті қайта өңдеу Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға әсер етеді. Аталған жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.

«Мемлекеттен субсидия берілсе»

Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, бір күнде қаладан 590-650 тонна аралығында қоқыс шығады. Оны полигонға шығару қызметі ТҮКШ-тің арнайы автотранспорт мекемесі, «Спец эко-сервис» ЖШС, «Бек Асыл Сервис» ЖШС-іне жүктелген. Жаз маусымында қоқыстың көлемі де едәуір көбейеді.
Шымкентте Ақтас-1 елдімекеніне жақын маңда 29 га жерді алып жатқан жалғыз қоқыс полигоны жұмыс істейді. Бұл жобаны ең алғаш «Технология – 21» ЖШС қолға алған-тын. Бірқатар қиындықтар кезігіп, зауыт жұмысы тоқтап та қалған еді.
Қазір бұл жұмыстарды «Green line» ЖШС атқаруда. Қоқыс сұрыптау зауыты аталған мекемеге 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Кәсіпорын былтыр желтоқсан айында іске қосылып, жұмыс басталып кетті. Сұрыптау қуаттылығы 17 пайызға жуықтайды. Онда негізінен сұрыпталып жатқан – қағаз, картон, ПЭТ ыдыстар, пластмасса, темір, т.б. бұйымдар.
Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, зауыт жұмысы әлі де жаңғыра түсу керек. Заманауи құрылғылар жетіспейді.
«Green line» ЖШС өкілдері не дейді? Қазіргі мұндағы ең басты мақсат – жұмысты тоқтатпау. Күніне 500 тоннаға жуық қоқыс келеді. Қалдықтар сұрыпталып, сатылымға да шығып жатыр. Қоқыс зауытының басшысы Ғалым Сәдібековтың айтуынша, жарамайтын қоқыс полигонда көміледі.
Қиындықтар да бар. Ол негізінен тариф мәселесіне қатысты. Қазір тек электр энергиясына ақы төленеді.
– Зауытты қосқалы бері әлі тарифті көтермедік. Алматы, Астана қалаларында тариф жоғары. Біз де бағаны көтеруге ұсыныс жасаймыз. Полигон жанынан қосымша жобалар қосу сынды бірқатар жобаларымыз бар. Болашақта дайын өнімдер де шығарамыз. Қазір «Даму» қорынан субсидия алуға құжаттарымызды дайындап жатырмыз. Мемлекеттен де қолдау керек, – дейді ЖШС директоры.
Сондай-ақ, зауыт басшылығы алда сұрыптаудан қалған қоқыстарды жағып жіберетін жобаны да іске асырмақ. Ол жүзеге асса, қалада ешбір қоқыс қалмайды. Әзірге жоспар 800 тоннаға дейін. Оның да құрылысы полигонның жанынан жүргізіледі.

Сана өзгеруі тиіс

«Таза болса табиғат, аман болар адамзат». Рас, бұл сөздің маңызы жыл өткен сайын еселене түсуде. Күнделікті тұмыста қолданатын заттарымыз көбеймесе, азайған жоқ. Одан бөлек, әр қалдықты өз алдына бөлек сұрыптау, оны қайта өңдеу, сату сынды жұмыстар өзекті.
Бұл салаға да жаңа цифрлық технологияларды ендіру, инвестициялар тарту, мемлекеттік қолдауларды күшейту де басым бағыттардың біріне айналып отыр.
Айта кетсек, АҚШ қоқысты қайта өңдеу кәсібін ХІХ ғасырда жолға қойған. Қазіргі таңда дәл осы саладан қомақты пайда тауып отыр. Жапония, Германияда да қоқысты кәдеге жарату басты саясатқа айналған.
Сол себептен де еліміздегі кәсіпкерлер, инвесторлардың бұл салаға мойын бұратын сәті жеткендей. Бұл орайда ең алдымен тұрғындардың да санасы өзгеруі қажет.

Последнее изменение Пятница, 03 Август 2018 08:15
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.