Мұнай мен өрт: стратегиялық нысандағы оқу-жаттығу Избранное

Пятница, 07 Июнь 2019 04:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 430 раз

Шымкенттегі «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясы технологиялық мүмкіндіктерін жаңғыртып, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздік мәселелерін шешуге әрдайым басымдық береді.

ЧС учение  1

Таяуда стратегиялық нысанда жүргізілген өртке қарсы таткикалық оқу-жаттығу да ойдағыдай өтті. Компания басшылығы, өрт сөндірушілер, газдан құтқару жасағы осылайша өз дайындықтарын тағы бір рет пысықтап алды.
Жалпы, мұндай бірлескен тактикалық оқу-жаттығу жиындары жыл сайын өтіп тұрады.

Бұл жолғы іс-шараның жөні бөлек. Зауыт басшылығы автоматтандырылған нүктелік май құю эстакадасын іске қосқан-тын. Жаңа құрылғы германиялық технология бойынша жұмыс істейді. Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының ішінде алғаш болып қолға алынған. Бұрын оқу-жаттығу ескі эстакадада өткізілетін. Жаңа қондырғы жұмысты оңтайландырып әрі экологияны жақсартуға септігін тигізеді.

Бүгінде мұнай өнімдерін вагондарға жүктеу қауіпсіз режимде әрі күндіз-түні атқарылуда.

5 маусым күні ноу-хау жоба саналатын автоматты нүктелік құю эстакадасында өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу жоғары деңгейде өтті. Компанияның еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және экология департаментінің директоры Нұрлан Досымбековтың айтуынша, мұндағы мақсат – өрт сөндіру мәселелерін бірлесе пысықтау, түрлі тәжірибелерді енгізу. Ықтимал төтенше жағдайларды болдырмау және жою бойынша ынтымақтастықты арттыру.

Оқу-жаттығу жиынында қызметкерлердің өз міндеттерін білуі, апатты жою кезіндегі практикалық іс-қимылдары сараланып, жедел жасақтардың әлеуеті тексерілді. Компанияның «Өрт сөндіруші» АҚ өрт сөндіру бөлімшелерінің және
Шымкент қаласының өртке қарсы қызмет гарнизонының жасағы жоғары кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Вагонцистерналар жанған кезде көбікпен өрт сөндіру қондырғысы автоматты түрде іске қосылды, сондай-ақ, газдан құтқару жасағы күшімен зардап шегуші анықталып, ол төтенше жағдай аймағынан шығарылды, көмек көрсету үшін медициналық қызметке тапсырылды.

Жалпы тактикалық жаттығу алаңына «Өрт сөндіруші» АҚ №1 обьектілік өрт сөндіру бөлімінен 3 автоцистерна және екі арнайы техника, Шымкент қаласының өртке қарсы қызмет ганизонынан жеке құрам мен 3 техника, жалпы алғанда, 7 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, газдан құтқару жасағы, «Mediker» клиникасы қызметкерлері апат орнына уақтылы келіп, техниканы дұрыс орналастырып, жылдам әрекет ете білді.

«Бірлескен жаттығудың пайдасы көп»

ЧС 9

Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің бастығы, полковник Аманбек Бейсенбаев та мұндай бірлескен жаттығулардың пайдасы көп екенін айтады. Стратегиялық нысанда вагондарға жанармайды құю, тасымалдау аймағында өрт қауіптілігі жоғары.

– Зауытқа қарасты «Өрт сөндіруші» АҚ қызметкерлері, Шымкент қаласының өртке қарсы гарнизоны қызметкерлері бірлесе әрекет етті. Дайындықты байқап көрдік. Газдан құтқару, медициналық қызметкерлерге дер кезінде хабар беріліп, дер кезінде жетіп келді. Біздің қызметкерлер де өздеріне тиісті тапсырмаларды жетік меңгеріп, кәсіби шеберліктерін арттыра білді.

Алдағы уақытта да осындай бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып тұрамыз. Соның нәтижесінде жеке құрамның шеберліктері артып отырады, - деді Аманбек Алтынбекұлы.

Қазіргі таңда компанияның «Өрт сөндіруші» АҚ-да 130 қызметкер жұмыс істейді. Еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және экология департаментінің директоры Нұрлан Досымбековтың айтуынша, оқу-жаттығу сабақтары аяқталғаннан кейін барлық қызметтердің жұмысына және іс-қимылдарына талдау жасалады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.