"Сан ғасырлық заманның кескіні енген, Қазығұртта есепсіз ескі белдер" Избранное

Пятница, 16 Август 2019 08:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 352 раз

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне де екі жылдан асып барады. Бұл мақала рухани өмірімізге жаңғырудың жаңа лебін ала келді. Барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп, ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феномені үшін жұмыс істеуге жұмылдыра түсті.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Тамыры терең Түркістан» ақпараттық турына қатысып, біз де көкірек көзімізге нәр кіріп, рухтанып қайттық.

365

 

Ысқақ ата кесенесі

Белгіленген бағытымыз бойынша әуелі Қазығұрт ауданында орналасқан «Ысқақ ата» сәулет кешеніне жол тарттық.XIV ғасырда ӘмірТемір осыншама үлкен кешенді кесенені арнайы салдыратындай Ысқақ ата кім болған? Жолбастаушымыз
Сейдалы Дүйсебайұлының айтуынша, Ысқақ ата Ысмайыл атаның ұрпағы ғана емес, өз заманында сопылық яссауия тариқатының көрнекті өкілі, ислам діні мен мәдениетін қазақ жері мен Орта Азияға кең насихаттаған діндар, сопы, әулие кісі болыпты. Ысқақ ата туралы аңыз-әпсаналар халық аузында көп айтылады. Оның тек діндарлығы ғана емес, түркі әдебиетін қалыптастыруда да еңбегі ерен.
Архитектуралық кешеннің салынған уақыты – XIV-XIX ғасыр. Ысқақ ата кесенесінің шырақшысы Шарап Шабилов:«Бұл жерде 12 бөлмелі медресе болған. Алайда, ол сақталмаған, тек кірпіштері әр жерде қаланып тұрғанға ұқсайды. Кесенені сол медресенің кірпіштерімен тұрғызған», - дейді.

364

 

Кешеннің архитектуралық құрылыс түрі күмбезді емес, ортағасырлық шатыр жабынды қырма құрылыс стиліне жатады. Мұндай стильдегі кесенелер елімізде өте сирек кездеседі. Мысалы, Қарахан дәуіріне тиесілі Айша бибі, Бабаджа хатун сәулет ескерткіштерінде күмбез жоқ, шатыр жабынды қырма құрылыс стилімен салынған.
Ысқақ атаның әкесі – Ысмайыл ата. Ысмайыл атаның екі ұлы болған екен. Біріншісі Ысқақ ата, екіншісі Иса ата. Иса атаның (Ыстық ата) мүрдесі Сарыағашқа барар жолдың бойындағы кесенеде жатыр.
Шараф Мұбарқожаұлының айтуы бойынша, бұл жерде Исмайыл атаның әкесі жерленген, яғни Ысқақ ата өзінің атасының қасына мәңгілік қонысын тапқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Исмайыл атаға зиярат ету үшін бірінші әкесі мен баласына бару керек екен. Біз де сол ретпен бірінші осы жерге келдік. Сәулет кешенінде үш мүрде, яғни, жоғарғы жағында Ысқақ атаның шешесі, батыс жағында Ысқақ ата, күншығыс жағында Ысқақ атаның екі егіз немересі жерленген. Шығыс әдебиетінің шағатай тармағын қалыптастырушы, Әлішер Науаидың ұстазы Мәуләна Атаи Өзбекстанда қайтыс болғанымен, сүйегі осы жерде жерленіпті. Кесенеге кірген кезде ортада сол кісінің мүрдесі тұр.
Бұл жерде бұрын медресе болғандықтан, көптеген бағалы кітаптар табылыпты. Оның көбі Ысқақ атаның кітаптары деседі. Кесене 1976 жылдан бері мемлекет қамқорлығына алынып, Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Деп жазамыз-ау, бірақ Ысқақ ата кесенесіне келгенде қараусыз қаңырап жатқан шаңыраққа кіргендей әсер алдым. Айналасына шөп өсіп кеткен, кесенеге апарар жол жоқ. Пәленбай уақыттан бері мемлекет қамқорлығына қалай болса солай алына салған ба деген ойда қалдық. Ал атаның аурасы, энергетикасы керемет, бірақ...

«Ысмайыл ата» сәулет кешені

Ысмайыл ата Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген сопылық исламды насихаттаған әулие кісі болған. Бұл кешен де XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған.
Кешеннің маңындағы қосымша ғимараттар: Ысмайыл ата кесенесі, Жәбірейіл-ата кесенесі (Ысмайыл атаның ағасы), Қошқар-ата кесенесі (Ысмайыл атаның нағашысы), ортағасырлық мешіт, шілдехана, қақпа орын тепкен. Осы жерде бір нәрсені анықтап айта кету керек, Созақтағы Ысқақ баб кесенесі – ол бөлек, VIII ғасырда өмір сүрген. Қошқар ата да Шымкенттегі Қошқар ата емес, бұл жердегі Ысмайыл атаның нағашысы.

366

Орда қонған Атбұлақ

Бұдан кейін Ақбура әулиенің кесенесіне жол тарттық. Жолай Атбұлақ елдімекеніндегі Орда қонған тарихи ескерткішіне тоқтадық. Қазығұрттық қаламгер, журналист Құралбек Ергөбектің атсалысуымен Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп отыр. Өйткені, бұл облыстық маңызы бар ескерткіштердің қатарында. Жолбастаушы Сейдалы Дүйсебайұлы: «Мына жерде суы атқылаған бұлақ болған. Атты жолаушылар ары-бері өткенде осы жерден су ішкен екен. Содан Атбұлақ аталып кеткен. Ұлы Жібек жолының бойымен жүрген керуен де осы жерге аялдаған деседі. Бұл бұлақ туралы тарихи деректер өте көп. Соның бірінде қазақ хандарынан Жошы, Абылай хандар осы жерге тұрақтаған деседі. Өйткені, тарихта шекаралық пост рөлін атқарған», -деп Орда қонған жерінің тарихына үңілді.
Бір қынжылтатыны, бұл тарихи жер облыстық маңызы бар бола тұра, еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне ене тұра, әлі бір төмпешік болып жатыр. Ескерткіш орнату мәселесін жергілікті билік ертерек қолға алса құба-құп болар еді-ау!..

Ақбура әулие – ізгіліктің бұлағы

Қазығұртқа жол түсіп тұрып Ақбура әулиенің басына тәу етпей қайту күнә болар. Ақбура атаның басына барғанда зиярат етуші адам саны қалың екен. Кесененің ішіне кірдік, шырақшы құран оқыды, біз іштей дұға-тілегімізді тіледік. Шырақшы әулие туралы аңызды айтып берді. Қазығұрт өңірінде ғұмыр кешкен әулие, бақсы. Қожа Ахмет Яссауидің замандасы болған деседі. Ақбура әулие – Алла тағала берген ерекше қасиетке ие болыпты. Қазақ тарихын кітапқа түсірмегендіктен бағзы өмірі аңыз, әпсаналармен өріледі. Сол замандардан жеткен аңыздарда Ақбура баба қасиетінің арқасында азанғы памдат намазын оқу үшін Меккеге ұшып баратын көрінеді. Әулие күнделікті осылайша Қағбаны бір көріп қайтады екен.

Ақбура әулиенің бір керемет қасиеті – таңертеңгі памдат намазының алғашқы екі бас сүннетін Қазығұрт тауында, кейінгі екі бас парызын Меккеге барып оқитын көрінеді. Сонда ілім-білімге жетілген бір шәкірті оның осы кереметтей ғажайып ісін сезіп, біліп қойыпты. Сөйтіп:
– Қадірлі ұстазым, мені де өзіңізбен бірге Қағбаға алып барыңыз, – деп өтініпті. Ақбура оған:
– Бұл сырымды ешкімге айтпа. Сені Қағбаға, Меккеге алып барайын. Етегімнен ұста, бірақ көзіңді ашпа, – депті.
Ақбура әулие өзімен бірге әлгі мүрид-шәкіртін алып, әлдеқандай гуілдеген дыбыс шығарып, аспандап ұша жөнеліпті. Меккеге жеткен соң оған:
– Қағбаға келдік, көзіңді аш, – деген екен. Мүрид-шәкірті Қағбаны көріп, Алланың құдіреті мен ұстазының ғажайып керемет қасиетіне көзі анық жетіп, шүкіршілік жасапты.
Қайтадан Қазығұртқа қарай гуілдеп ұшып келе жатқанда, Ақбураның етегінен ұстаған әлгі мүрид-шәкіртінің пенделігі ұстап, аспанда көзін ашып жіберсе, сол арада төменге қарай құлдилап құлапты. Ол бір үйдің түңлігіне тура келіп, соның ішіне түсіпті. Үйдің иесі бай адам екен. Бай:
– Бұл – менің қазынамды тонауға келген ұрылардың жансызына ұқсайды, – деп оны әбден таяқтап ұрып, бір үлкен ағашқа байлап тастапты.
Қазығұртқа жеткен Ақбура әулие өзінің керемет қасиетімен мүрид-шәкіртінің басына түскен қиын ахуалды біліпті. Ертеңінде Қағбаға барып, қайтып келе жатып, мүрид-шәкіртін байланған үлкен ағашының тамырымен бірге қопара жұлып алыпты. Сөйтіп, мүрид-шәкіртін де, әлгі үлкен ағашын да басы бүтін Қазығұртқа алып келіпті. Сол ағаштың тамырынан Ақбура бұлағының басында кәтіреңкі деген ағаш өсіп-өніп тарапты деседі. Доланаға ұқсайтын кәтіреңкі ағашын біз де көрдік, ағаш қазан айында жеміс береді екен.
Ақбура бабамыз ХІІ ғасырда өмір сүрген, яғни Қ.А.
Яссауидің заманында ғұмыр кешіп, оның шәкірті болған, дін таратқан. Ақбура бабамыздың азан шақырып қойған аты – Ақберген, бірақ жүрген жерінде «зікір» салып, ол уақытта аузынан ақ көбігі ағып, ақ жалын шашып, адам баласы естіп-білмеген алапат күшке ие болып кететін болған, екі езуінен аққан көпірік екі иығын, омырауын жауып жібереді екен және ел үнемі ақ бураның үстінен түспейтінімен таныған екен. Сондықтанда ел арасында «Ақ бура» атанып кеткен.

Бұл жердің киелілігіне бас игендер еліміздің әр жерінен келіп бабаға бағыштап құран оқытып, ниет етеді, одан қалды емдік қасиеті бар бұлағы тағы бар, ниет етушілер бұлақтан су ішіп, өздерімен алып кетіп те жатыр. Бұл мекеннің өзі қасиетті Нұқ Пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауының етегінде жайғасқандықтан, жәй жер емес. Бұл кісі қайтыс болғанда «бурасының көзінен жас көл болып ағып, содан қайта тұрмай тасқа айналған» екен. Сол тастың қуысынан ағып жатқан бұл бұлақ, ақ бураның иесін жоқтаған көз жасы екен деседі. Қарап тұрсаң, ертегі сияқты. Бірақ, бізге аңыз боп жеткен.
Бір байқағанымыз, жылдан-жылға, әсіресе Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарыққа шыққаннан кейін қасиетті Қазығұрт тауына және оның төңірегіндегі киелі орындарға, ұлық әзіз әулие-әмбиелерге, олардың ішінде, әсіресе Ақбура Атаның басына зиярат етушілер, оларға түнеуге келушілер саны артып, толастаған емес. Қайтар жолда «Шілтер ата имандылық шырағы ғой, Ақбура ізгіліктің бұлағы ғой, Қазығұрт әулиелер тұрағы ғой!» деген атақты өлең жолдары тіліме орала берді. Біздің ақпараттық турымыз мұнымен аяқталған жоқ. Барлығын газеттің бір бетіне сыйғызу мүмкін емес. Келесі жолы жолсапар очеркіміздің жалғасын күтіңіздер.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.