Діні пәктің – ділі пәк Избранное

Пятница, 08 Ноябрь 2019 06:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 186 раз

Шымкент қаласының Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде «QAZAQSTAN WITHOUT EXTREMISM!» республикалық акциясы өтті.

364

 

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған екі күндік оқыту семинарында медиатренер, белгілі блогер Яков Федоров, «Бізбен бірге» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы Уәлихан Тұрарбекұлы, сондай-ақ Дінтанушылар конгресінің сарапшысы Мейрам Иманбаев сөз сөйледі.
– Біз тәуелсіздік алған жылдары дәстүрлі дінімізден қол үзіп қалдық. Ислам діні осы екен деп шетелден келген барлық дін таратушыларды қарсы алдық. Әртүрлі ұйымдар пайда болды. 2000 жылдары діни ұйымдардың әрекетіне алаңдаушылық туындай бастады. Бірте-бірте әрқайсысының арқасында белгілі бір саяси топтардың мүдделері тұрғандығын, дәстүрлі исламға кереғар келетін тұстары бар екендігін түсінді. Осы кезеңде мемлекет бұл мәселені нақты қолға алып, 2011 жылы арнайы заң қабылдады. 2012 жылы діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтті. Біз осындай күрделі өзгерістерден өттік. Сондықтан, дінді біржақты радикалды түрде қабылдамау керек, - деді М.Иманбаев.
Яков Федоров өткізген «Әлеуметтік желілердің экстремизмге қарсы әрекет ету жұмысындағы әлеуметтік коммуникация мен ақпараттық алмасудың тиімді құралы ретіндегі рөлі» лекциясы аясында әлеуметтік желілердің психологиясы ашылды. Медиатренер қоғамдық пікірді қалыптастыру немесе сананы манипуляциялау құралы ретінде жаңа медианы таныстырды. Сондай-ақ, радикалды көзқарастарға қарсы әрекет ету жөніндегі жұмыс стратегиясы айтылып, әлеуметтік желілердегі волонтерлік ұйымдардың жұмысы талқыланды. Дәріс соңында Яков Федоров әлеуметтік желілер арқылы жастармен тікелей диалогты қалай құру керектігін көрсетті.
Волонтерлік қызмет, волонтерлік қозғалысты құру алгоритмдері және ҚР-да волонтерліктің заңнамалық базасының негізгі ұғымдары туралы спикер Уәлихан Тұрарбекұлы «Жастар экстремизмге қарсы» жастар волонтерлік бағдарламасының үлгісін құру» тақырыбы бойынша баяндады.
Жастар ортасында жекелеген әлеуметтік, саяси, экономикалық және өзге де факторлардың әсерінен қиратушы әсерге неғұрлым бейім радикалды көзқарастар оңайырақ қалыптасады. Көбінесе экстремистік жастар топтары бейресми сипатқа ие. Оларда экстремистік ағымдардың идеялық негізі туралы түсінік жоқ. Бұл шараның мақсаты да сол – жастардың бойында антиэкстремистік сананы қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру, Қазақстан жастарының радикалды және деструктивті діни ағымдарға оралуына жол бермеу.
Аталған акцияның аясында жастар антиэкстремистік қозғалысы көшбасшыларының арасында «Әлеуметтік желілердегі үздік пост-жарияланым», «Діни экстремизмге қарсы әрекет бойынша үздік креативті акция», «Еріктілер қозғалысының үздік ұйымдастырушысы» номинациялары бойынша байқау жарияланды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.