Мәдени астана болуға дайынбыз ба? Избранное

Среда, 13 Ноябрь 2019 03:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 132 раз

Беларус Республикасының Брест қаласында 9 желтоқсанда өтетін «Мәдени астана» жылының салтанатты жабылу рәсімінде Шымкент қаласы Эстафетаны ресми түрде қабылдап алады. Бұл туралы Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиева БАҚ өкілдеріне берген баспасөз брифингінде мәлімдеді.

DSC 3834

2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленгені белгілі. Бүгінде жыл көлемінде атқарылатын ауқымды 15 халықаралық, республикалық дәрежедегі іс-шаралардың бағдарламасы дайындалған. «Шымкент мәдени астана» жылы ТМД елдері мен ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін болады.

– Келер жылы Мәдени астана атануымызбен қатар атаулы мерейтойлар жоспары бекітілді. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы және жерлесіміз, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығын атап өтетін боламыз. Осы айда ЮНЕСКО елдерінің Париж қаласындағы басқосуында Шымкенттің 2200 жылдық тарихы туралы тарихи шешім қабылдануын күтіп отырмыз. Яғни, алдағы жылы Шымкенттің 2200 жылдығы да тойланады»,– деді Ғ.Аликенқызы.

Ал мемлекеттердің гуманитарлық-ынтымақтастық жөніндегі халықаралық қор директорының орынбасары Эльвира Доля Бресттегі қорытынды концертте барлық ТМД елдерінің атынан әртістер өнер көрсететінін жария етті. «Оның ішінде Шымкент қаласынан Айбек Қанатбек атты әнші симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Кеңес кезіндегі екі әнді орындайды. Жаңа жылдан кейін сіздерге келіп, ауқымды іс-шаралар легін бастаймыз», – дейді Эльвира Рафиковна.

Тойдың болғанынан боладысы қызық

Иә, ең бірінші орында Ескі қалашықты қалпына келтіру жұмыстары тұр. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қалашығын қалпына келтіру жұмыстарына 2017-2018 жылдары 345,187 мың теңге бөлінген болатын. «2019 жылдың соңына дейін Ескі қалашықтың жоғарғы бөлігінің жұмысы аяқталып, келесі жылдың наурыз айына дейін қалашықта табылған экспонаттардан тұратын ескі қаланың жоғарғы бөлігінің мұражай-экспозициялық жоспары әзірленетін болады.

74449609 2361142760865343 2870158998458335232 o

Желтоқсан айында бекініс қабырғалары бар Оңтүстік қақпаларды қалпына келтіру аяқталады. Сол жерде 200 шаршы метрге Визит-орталығын орналастыру жоспарлануда. Оңтүстік қақпалар алдындағы алаңды абаттандыру қатар жүргізілетін болады. Одан бөлек, 550 орындық амфитеатр мен галерея, ашық аспан астындағы музей де келер жылы пайдалануға беріледі.

Одан әрі, Қараханид кезеңі мен Қазақ хандығының тұрғын кварталдарын мұражайландыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта желтоқсанда дайын болатын 5 тенттік жабынға тапсырыс берілді. Осы жұмыстарды аяқтау ағымдағы жылдың желтоқсан айында жоспарланып отыр. Бұған жергілікті бюджеттен 502,196 млн теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, маңызды мәселелердің бірі жер учаскелерін қайтару және қалашық маңындағы көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

– Ескі қалашықтағы құрылыс кезең-кезеңімен іске асырылуда. Егер сала мамандары құрылысын аяқтап үлгермей жатса, онда келуші қонақтар тарихи қазба жұмыстарының барысын көру үшін арнайы маршруттар да ұйымдастырылады екен.

Осы орайда, Шымкент қаласының 2020 жылға арнайы логотипы да бекітілгенін айта кетуіміз керек. Қала әкімі Е.Айтаханов ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің трактатына сүйене отырып, «Қайырымды қала» деген балама атауды ұсынды. Яғни, біздің қаланың тұрғындарының атына заты сай болуы керек. Келген қонақтарды жылы қарсы алып, мәдениеттілік танытуға міндеттіміз.

Ғалия Аликенқызының айтуынша, жылдың соңына дейін Редакторлар клубы ұйымдастырылуына орай ауқымды ақпараттық шара өтпек. Бресттегі салтанатты жабылу рәсіміне дайындық та қызу жүргізіліп жатқан көрінеді. Көптеген байқаулар, фестивальдер, ақын-жазушылармен кездесу, жастар слеті, волонтерлер форумы, үлкен іс-шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде.

«Ұлттық құнардан нәр алатын қандай іс-шаралар бар?» дегенімізде, Ипподром алаңы жақта қазақтығымызды танытатын этноауыл бой көтеретінін білдік. Қаланың орталығынан Фронт-офис ашу жоспарда бар екен. Онда ұйымдастырушылар отырып жұмыс істейтін көрінеді.

Брифинг барысында Ғалия Аликенқызы журналистердің бірқатар сауалдарына жауап бере отырып, қазақ театрларында шығармашылық ізденістің аздығын тілге тиек етті. «Бұрын жазылған сценарийлермен жұмыс жасап жатырмыз» деді ол. Себебі, біздің қаламыздағы өнер ошақтарында кәсіби режиссерлер жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы уақытта жас драматургтердің арасында шығармашылық байқау жарияланбақ.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.