ЕСКІ БАСПАНАЛАРДЫ ЖАҢАРТУҒА Избранное

Пятница, 02 Октябрь 2020 03:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 266 раз

 DSC1390

РЕНОВАЦИЯ БАҒДАРЛАМАСЫҚАШАНҚАБЫЛДАНАДЫ?

Шымкентте 2 мыңға тарта отбасы апатты жағдайдағы 470 пәтерде тұрады. Тозығы жеткен үйлердің кейбірі өткен ғасырдың 30-40 жылдары салынған.

Шатырлары сынып, қабырғасы жарылғанымен кейбіреулері апатты нысандар санатына кірмеген. Тіпті қалада бертінде салынған үйлердің жағдайы да көңіл көншітпейді. Табаны дұрыс тегістелмегендіктен, Уәлиханов көшесінің бойындағы 5 қабатты нысан қисайып барады.
– Төменгі жағы – 2, жоғарысы 15 сантиметр орнынан жылжып кеткен. Әйтеуір зілзаладан аманбыз. Егер жер сілкінсе, жермен-жексен болып үйінді астында қаламыз ба деп қауіптенеміз – дейді қала тұрғыны Максим Трубицын.
Құлауға шақ тұрған нысанның бірі – Түркістан көшесіндегі №14 үй. Сырттай қарағанда сөгілген қабырғалары байқалмайды. 1936 жылы салынған 13 пәтердің 7-і заңды тұлғаларға сатылған. Қазір жөндеуге жарамсыз пәтерде 6 отбасы өмір сүріп жатыр.
Сырты бүтін, іші «түтін» үйдің мәселелері жетерлік. Кезіндегі сәулетті баспана қазір жер кепеге айналған. Пәтерлердің қабырғалары қақырап жарылып, едендері шіріген. Екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтары жарамсыз күйге түскен. Шұрық тесік шатырдан аққан жаңбыр суынан баспананың қабырғалары сарғайып кеткен. Ал аңғал-саңғал терезелер тіптен қиюласпайды. Жылу, су құбырының жағдайын айту тіпті артық. 8 бала тәрбиелеп-өсірген Мәнсия Алданованың мұнда тұрғанына 50 жылға жуықтаған. Көпбалалы ананың уайымы көп. Бір күні үйінді астында қаламын ба деген қорқынышпен өмір сүреді. Ал ойын баласы – немерелерінің бой жазуды ұмытқаны қашан?! Тұрғындар бүлінген жерлерді шама-шарқы келгенше жөндегенімен, ырсиған қабырғаның, ашылған еденнің қалпына келмесі анық.
– Бұл жерде тұру мүлде қауіпті. Көз алдымызда қаусап барады. Мемлекеттік баспана кезегіндегі тізімде 42-ші болып тіркелгенмін. Содан бері хабар жоқ, – дейді зейнеткер.
6 отбасы әлі күнге мемлекет қарайласар деп үміттенеді. Олар жерге шөгіп жатқан үйге алаңдаулы. Себебі, олардың бұдан өзге баспанасы да, көшіп баратын жері жоқ.

302 ескі үй бар

Қалалық тұрғын үй басқармасының мәлімдеуінше, Шымкентте 2180 көпқабатты үй бар. Оның 302-сі ескі деп танылған. 1990 жылға дейін 1564 нысан бой көтерсе, 20 жылда қалада 397 үй салынған. Мұнан жылдан-жылға ескі пәтерлердің қатары көбейіп келе жатқанын байқауға болады. Тозығы жеткен қауіпті баспаналардың көбі Абай, Әл-Фараби аудандарында орналасқан. 2017 жылы Шымкентте 36 баспана ескірсе, биыл пайдалану мерзімі өткендер саны 45-ке жетіп отыр. Қазір апатты үйлердегі 27 адам үй кезегінде тұр. Ал қалада 39 388 адам пәтерге мұқтаж.
Тозығы жеткен 470 пәтердегі жұрттың талап-тілегі көп. Алайда оларға мемлекеттен пәтер берілуі екіталай. Тек кезек бойынша берілетін әлеуметтік баспана кезегіне тұра алады. Бірақ оның да қашан болатыны белгісіз. Қысқасы, қауіпті үйлер санатына кірген баспаналар тұрғындардың жекеменшігіндегі үйлер. Оған ешқандай қаражат берілмейді. Мемлекет тек қаладағы 99 арендалық үйге жауапты. Демек, қалған 2081 жеке баспананың күтіміне мемлекеттен қаржы тиесілі емес. Жеке үйі болғандықтан жұрт мәселелерін өздері шешуі тиіс.

Күрделі жөндеумен мәселе шешіле ме?

Жаңа үйге қол жеткізудің арман екенін айттық. Тұрғындар апатты жағдайдың алдында тұрған үйін "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жаңарта алады. Шатырынан су өтсе, өжірелерін су басса, үйлердің кіреберістері тозса, тұрғындар аудан әкімдігіне хаттама өткізеді. Әкімшілік тұрғын үй басқармасына ұсыныс береді. Арыз қаралып, зерделенеді. Сөйтіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп,«Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-не беріледі. Аталған мердігер 2019 жылдың соңына дейін 132 үйді күрделі жөндеуден өткізген. Биыл 1 миллиард 572 мың теңге қаражат бөлініп, 70 үйге күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қазір 18-нің жұмысы аяқталып, 36-сында жөндеу жұмыстары жүруде. Қалғанымен келісімшарт түзіліп, жыл соңына дейін жұмыс атқарылмақ.
– "Нұрлы жер"бағдарламасы аясында тұрғын үй қорын күрделі жөндеу қалалықтарға қолайлы болып тұр. Нысандардың іші-сырты жаңаланып, кіреберістердің терезе-есіктері ауыстырылады. Су, газ, кәріз жүйелері толық жөнделеді. Пайызсыз несие 15 жылға беріледі. Бұл шамамен әр үйдің пәтеріне 2500-3000 теңгеден келеді, – дейді қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Балықбаев.
Бәрін айт та, бірін айт, ескі баспаналарды жыл сайын жаңарту үшін реновация бағдарламасы қабылданбақ. Соның нәтижесінде ескі инфрақұрылым жаңартылмақ. Бірақ бұл бастаманың игілігін тұрғындарға кем дегенде 2-3 жыл күтуге тура келеді. Ал айтып келмейтін апат бола қалса, шымкенттіктердің жайы не болмақ? Өкініштісі, көптің көкейін күпті еткен мәселенің қашан шешілетіні белгісіз.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.