Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Естай Жақаевтың мәлімдеуінше, мегаполистегі санақтан өткен тұрғындардың үлесі 21% құраған.
— Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті қала тұрғындарына белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты sanaq.gov.kz сайты және онлайн өту бұрыштары арқылы тіркелуге шақырады. Сайт 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді, - дейді Естай Әбдірәсілұлы.
Айта кетейік, Департамент ғимаратында, сауда орталықтарында, ірі өнеркәсіп орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО), жұмыспен қамту орталықтарында санақтан онлайн өтуге болады. Арнайы бұрыштарда интернетке қосылған компьютерлер орнатылған, яғни кез келген респондент өзін және отбасы мүшелерін санақтан өткізу мүмкіндігіне ие.
Бүгінгі таңда 1-30 қазан аралығында жүргізілетін дәстүрлі санаққа Шымкент қаласы бойынша 177 нұсқаушылық және 1207 есептік учаске құрылды. Барлық сауалдар бойынша жауапты, оның ішінде интервьюерді қалай тануға болатыны жайлы мәліметтерді sanaq.gov.kz сайтынан немесе 1446 байланыс орталығына хабарласу арқылы білуге болады.