«Мерзімді баспасөз – идеологияның басты құралы» Избранное

Пятница, 05 Ноябрь 2021 04:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1038 раз

Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы — «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тұрақты оқырманы. «Мерзімді баспасөз де театр сынды идеологияның басты құралы» дейді театрдың директоры Бақдәулет Оңғарұлы. Кезекті қойылым алдында театр директоры Б.Әмірқұлов пен актер, көрерменнің көзайымына айналған Жүсіп Ақшораұлы ағамызбен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сәті түскен сұхбатты өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдік.

310

 

«Тәуелсіздік — еліміздің басты мейрамы»

308

— Бақдәулет Оңғарұлы, биыл Шымкент әзіл-сықақ және сатира театры 13-ші маусымын ашты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына театр ұжымы қандай тарту жасамақ?
— Тәуелсіздік мерекесі — еліміздің ең басты мейрамы. Сондықтан біз барынша ерекше тойлауға атсалысып жатырмыз. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Азаттықтың ақ таңы» атты концерттік шарамызды көрермендерімізге ұсындық. Мұндағы әрбір қойылым, әрбір әуен көрермен қауымға ерекше патриоттық сезім сыйлайды. Концерттік шара Тәуелсіздік мерекесіне дейін бірнеше рет көрермендерге ұсынылмақ. Жалпы, сатира театры 2008 жылы құрылса, мен 2009 жылдың қаңтарында көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа қабылдандым. Театрдың өткені мен бүгіні көз алдымызда. Түрлі қиындықтарды еңсердік. Ұжымның бірлігі мен еңбексүйгіштігі, өнерге деген махаббатының арқасында бүгін биік белестерден көрініп жүрміз.
— Пандемияның салдарынан біршама шектеулер енгізіліп, концерт, гастроль, той-жиын азайып кетті. Елдің алдында жүріп үйренген өнерпаздар осы кезеңге қалай бейімделді?
— Пандемия театр, өнер саласына біршама кері әсер етті. Алайда, біздің өнерпаздарымыз пандемия кезінде де бос отырмады. Көрермендеріміздің қатарын сиретіп алмау үшін, өнерсүйер қауыммен әлеуметтік желілер арқылы онлайн байланысқа шығып, сұхбат, ән кештерін ұйымдастырып отырдық. Сондай-ақ, біздің театр ғимараты әуелде 196 орындық кинотеатр болғаны баршаға белгілі. Сондықтан қойылым кездерінде сахнаның тарлығы байқалатын. Карантиндік шаралар жеңілдетілген тұста кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сахнаны залға қарай кеңейтіп, көрермендер залынан 2 қатар орындық алынды. Бүгінде көрермен залы 176 орынға лайықталды. Бірақ карантиндік шектеулерді сақтай отырып, өткен жылы 30 пайыз, кейін 50 пайыз, бүгінде 70 пайызға дейін көрермендерді қабылдап жатырмыз. Театрда барлық санитарлық талаптар сақталған. Көрермендер «Ashyq» қосымшасы арқылы кіріп, қойылымдарды тамашалап жүр.
— Театрдың актерлік құрамында өзгеріс бар сияқты...
— Театрдың репертуарында жиырмадан аса қойылым бар. Биыл жоспарға сәйкес, 4 премьера ұсынып отырмыз. Олардың қатарында «Әумесерлер» комедиясы, «Қараша қаздар» драмасы, сондай-ақ «Қауіпті вирус» сазды-думанды қойылымы бар. Биыл 27 жылдан бері сахнада қоғамдағы проблемаларды қазақи қалжыңдарымен, ойлы әзілдерімен астарлап жеткізіп, көрерменнің ықыласына бөленіп келе жатқан қос актер — Уәлибек Әбдіраимов пен Жүсіп Ақшораның мерейлі 60 жасқа толды. Осыған орай, театр ұжымы «60+60» бағдарламасымен Түркістан сарайында концерт берді. Сондай-ақ, маусымның басында екі рет кастинг жариялап, театрымыз 3 актермен толықты. А.Вампиловтың шығармасы талдықорғандық
Е.Қаулановтың режиссерлігімен «Метранпаж» деген не?» қойылымы ұсынылуда. Ондағы 6 актерден үшеуі ғана қалған еді. Жаңадан келген жас актерлер қойылым құрамын толықтырып, сахнаға шығып жүр. Жас актерлеріміз де шеберлігімен өз көрермендерін табады деген сенімдеміз.

 

«Өнерде жүріп достықты сақтау өте қиын....»

309

— Жүсіп аға, «Шаншар» театры десе елдің есіне Уәлибек аға екеуіңіз түсесіздер. Өзіңіз өнерге қалай келдіңіз?

— 1978 жылы Жетісайдағы мәдени ағарту техникумында білім алдым. Онда клуб қызметкерлерін дайындайтын. Қосымша режиссура, хор дирижері, халық аспаптары, кітапхана ісі сынды мамандықтар оқытылатын. Сахна тілі, сахна мәдениеті, актерлік шеберлік сынды жоғары оқу орындарында актерлерді қалай оқытса, бізді де дәл солай оқытатын. Алматыда, Ташкентте, Ленинградта білім алып келген білікті оқытушылардан дәріс алдық. Студент кезімнен еңбекке араласып, Қ.Жандарбеков атындағы қазақ музыкалық драма театрында актер болып жұмыс істедім. Ол кезеңде үлкендер әртіс десе тосырқай қарайтын. Клубтың оқуын оқып, әртіс болып жүргенімді естіген ата-анам «болмайтын іспен айналыспай елге қайт» деп қарсылығын білдірді. Содан дипломымды алған соң, ауылға қайттым. 1985 жылға дейін ағамның жанында құрылысқа, егінге, мал шаруашылығына көмектесіп жүрдім. Кейінрек интернатта, мектепте үйірме жетекшісі болып қайта жұмыс бастадым. Мектептегі түрлі іс-шаралардың басында жүріп, спектакльдер қойдық. Кейін кәсіподақ ұйымының жанынан балалар мен жасөспірімдер клубы құрылды. Клубтың меңгерушісі болып жүргенімде, ауылдағы клуб меңгерушісінің орны босаған екен. Менің жұмысыммен таныс, сол кездегі ауыл басшылары қолдап, клуб меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Дәл сол жылдары
Уәлибекті Шымкентте жұмыс істеп жүрген жерінен әкесі ауылға шақырып алған екен. Анасы Күлайша апамыз «Қоғам» бөлімшесінде клуб меңгерушісі болатын. Ауылдың мектебінде жүріп, «Тамаша» ұйымдастырыпты. Анасына көмектесіп, концерттік шараларына атсалысыпты. Сөйтіп, сол кездегі аудан басшысының назарына ілігіп, Уәлибек аудандық мәдениет үйінің директоры болады. Жыл сайын аудандық көркемөнерпаздар байқауы өтетін. Оған аудандағы 9 совхоздағы өнерпаздар түгел қатысатын. Мен сол байқауға қойшы, сауыншылар арасынан өнерпаздарды ұйымдастырып әкелетінмін. Ауылда Өмірзақ, Балтабай, Салман есімді өнерлі ағаларымыз бар еді. Осы байқауда мен Уәлибек көріп, өздері құрып жүрген тамашаға қатыстырып жүрді. Уәлибек бастық қой, шақырады. Ауылдан келіп, тамашаға қатысып қайтамын. Соңында менсіз тамаша өтпейтін болды. Кейіннен Отырар, Алғабас, Шардара, Созақ аудандарына 5 жылдай өзіміздің тамашамызды қойып жүрдік. Осылайша Уәлибек екеуімізді өнер табыстырды.
— Алғашқы «Шаншар» болып құрылған күннен бастап, сіз ойнаған образдардан «ауылдың иісі» аңқып тұрады. Образды өзіңіз таңдайсыз ба?
— Уәлибек те, мен де сценарийді оқығанда-ақ, қай кейіпкердің кімге жарасатынын байқап тұрамыз. Бастықтың рөлі Уәлибекке жарасып тұрады (күліп алды-авт.) көбіне.
— Сонау аудандық мәдениет үйінен бастау алған Уәлибек аға екеуіңіздің достығыңыз «Шаншарда», сатира театрында да жалғасып келеді. Шамамен 30 жылдам астам уақыт өнерде де, өмірде де қатар келесіздер. Достықтарыңыздың сыры неде?
— Өмірдегі достықтың орны бөлек. Ал, өнерде жүріп достықты сақтау өте қиын. Мәселен, біреулер «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп жатады. Десек те, өзінің жолын бөлек арнадан көрген әртістеріміз өз алдына театр ашып, бағытын тауып кетіп жатыр. Бірақ, мен үшін достық қымбат. Уәлибек – басшы, мен – қосшы. Кез-келген істі ақылдасып, кеңесіп, шешімді бірге қабылдап жатамыз. Сонау қиын кезеңдерде «Шаншарды» бірге құрдық. Осы театрда шамамыз келгенше бірге елге қызмет етеміз деген үміттемін.