ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСУ ҮШІН... Избранное

Пятница, 05 Ноябрь 2021 05:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1204 раз

Әлем елдері COVID-19 вирусына қарсы екпені балалар мен жасөспірімдерге салдыруды бастап кетті. Ресми деректерге сүйенсек, Эстонияда 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 50 пайызы қыркүйек айына дейін екпенің бірінші компонентін алып үлгерсе, Германияда 12 жастан асқан әр бесінші бала екпе алған. Қытайда күзге дейін 12 миллионнан аса жеткіншекке екпе егілген. Көрші елде қажеттілікке қарай жасы үштен асқан бүлдіршіндерге де вакцина салдыруға рұқсат беріліпті. Таяуда Біріккен Араб Әмірліктерінің құзырлы органдары 3 жастан асқан балғындардың екпе қабылдауын мақұлдаса, Аргентина қазан айында қызу кірісіп кетті. Ал Италиядағы жағдай мүлде бөлек. Ата-анасы қарсы болса да, екпе алу кезінде баланың шешіміне басымдық беріледі.

312

 

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұған дейін Қазақстанда 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерді Pfizer/BioNTech препаратымен вакциналау жоспары туралы айтқан болатын.
— 12 жастан бастап Pfizer вакцинасын қолдану ұсынылды. Біз 12 жастан асқандарды назарға алып отырмыз. Тиісінше, азаматтар вакцина алу қажет пе, жоқ па, оны өздері шешеді. Бірақ, біз вакцина алуға шақырамыз, өйткені вакцина вирусты жеңуге көмектеседі. ...Елімізде 2 миллион бала бар, бұл жерде мәселе — қанша ата-ана баласына вакцина салдырғысы келетінінде, – деген еді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте. Сәйкесінше, жыл соңына дейін Қазақстанға Pfizer/BioNTech вакцинасының 2 миллион дозасы жеткізілуі мүмкін.
Алайда, бірқатар елдер вакцинаға қол жеткізе алмай отырғанда, бізде вакцинация науқаны біршама кедергілерге тап болды. Оған антиваксерлер мен алғашқыда құжат сатып алғандардың легі де әсер етті. Соның салдарынан жаз айларында КВИ дертіне шалдыққандардың саны күрт артып, тамыз айында карантин шаралары күшейтілді. Десек те, пандемияның жас-кәріні талғамайтынына көзі жеткен жандар бүгінде екпенің игілігін көріп отыр. Жалпы, вакцина алудың пайдасы мен оның адам ағзасына әсері жөнінде Шымкент қалалық №1 емхананың инфекционист-дәрігері Жанайым Мұратбекқызынан сұраған едік.
— Вакцина біздің ағзамыздағы антидене мен клетканы, фагоцентарды «жаттықтырады». Әр вакцина әртүрлі қызмет атқарады, бірақ бәрінің мақсаты – ағзаны вирус шабуылына төтеп беруге дайындау. Микроб, бактерия, вирус екпе алған ағзаға түскенде оларды «жаттыққан» антиденелер тосып алып, оның ары қарай таралуына жол бермейді. Екпе алғандардың, шамамен, 92 пайызы КВИ дертімен ауырмайды. Ал сегіз пайызына коронавирус жұғуы мүмкін, десе де, ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Салыстырмалы түрде өткен жылғы екпе жоқ кезеңдегі КВИ дертімен күресті айтсақ болады. Былтыр вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар көп еді. Бүгінде елімізге вакцинаның бірнеше түрі жеткізілді: «Спутник V» құрамында әлсіретілген вирус бар. Егер әлсіреген вирустан қорықсаңыз, реактагендігі төмен қазақстандық «QazVac» немесе «Hayat Vax» (БАӘ), тіптен, өлтірілген вирустан жасалған Қытай вакцинасын ала аласыз, – деп түсіндірді инфекционист-дәрігер Ж.Полат.
Дәрігерлердің айтуынша, пандемияны жеңу үшін, әуелі, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Ал ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың 60-80 пайызына екпе алуы шарт. «Еліңізді сүйсеңіз, екпе алыңыз. Туған-туысыңыздың да екпе жайлы ақпараттануына себепші болыңыз. Осылайша, ұжымдық иммунитет қалыптастырайық», – дейді Жанайым Мұратбекқызы.
Иә, пандемиямен күресте елдің бірлігі мен адамдардың жауапкершілігі маңызды. Мамыражай кезеңде өмір сүріп, балаларымызды да қауіптен қорғағымыз келсе, пандемиямен күресті күшейтіп, оның таралуына жол бермеуіміз керек. Ал ол үшін екпе алып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру — уақыт талабы. Сіз екпе алдыңыз ба, оқырман?!