Биыл 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылы егілді. 6 айда 33,5 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ал мал шаруашылығында жалпы құны 10,6 млн теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 229 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ірі қара мал саны – 79,7 мың, қой мен ешкі саны – 71,8 мың, жылқы – 14,4 мың, ал құс 977,6 мың басты құрады.
Салада құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ: қайта өңдеу бойынша 3 жоба, 4 өндірістік жылыжай кешені, 2 сақтау қоймасы, 2 тауарлы сүт фермасы, 3 құс шаруашылығы жобасы бар. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тонна, сүттің көлемі – 8,5 мың тонна, жеміс және көкөністі сақтау – 13 мың тонна, жұмыртқаның саны – 125 млн дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тонна, құс етін өндіру 5 мың тоннаға ұлғаяды және жемістер мен көкөністі қайта өңдеуде 6 млн банка консервіленеді деп күтілуде.
Қала әкімі М.Әйтенов жиын қорытындысында азық-түлік бағасына үнемі бақылауда ұстап, ет өнімдерін өндіретін шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды.