Жылу қазандықтары қыс маусымына дайын Избранное

Среда, 24 Август 2022 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 678 раз

Халық саны 1 миллион 200 мыңға жуықтап келе жатқан Шымкент шаһарының мың сан шаруасының ішінде алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары үлкен маңызға ие. Осыған орай Шымкент қалалық мәслихатының жуырда өткен жиырмасыншы сессиясынның күн тәртібінде қаланың жылыту маусымына дайындық барысы да талқыға салынды. Депутаттардың алдында Шымкент қаласы әкімдігінің қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков есеп берді.

409

 

Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласын 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындау мақсатында атқарылатын дайындық жұмыстарының іс-шара жоспары әзірленіп, қалалық штаб құрамы бекітілген. Бұл штаб дайындық жұмыстарының барысын тұрақты түрде қадағалап, пысықтап отырады.
–Шымкент қаласының 80 пайыздан астамына «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы жылу береді. Жұмыс істеп тұрғанына 40 жылдан астам уақыт өткен бұл орталықты модернизациялау мақсатында 5 жылдық инвестициялық бағдарлама қабылданған. Соның ішінде биыл атқарылуы тиіс жұмыстарға 903 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін соның 289,6 миллион теңгесі немесе 32 пайызы игерілген, – дейді Б.Болатбеков.

408


Сессия барысында белгілі болғанындай, аталған энергоорталықтың резервтік отынға деген қажеттілігі 8 мың тонна екен. Ал, өткен жылу маусымынан соң 7,8 мың тонна мазут қалған. Яғни, энергоорталықтың отын резерві 98 пайызға қамтамасыз етілген. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне қосымша 10 мың тонна мазут сатып алуға ұсыныс берілген.
Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді біртіндеп әр шағын ауданның өзінде орналасқан жылу қазандықтарына қосу жоспарланып отыр. Бұл қазандықтардың ерекшелігі мұнда энергия үнемдеуге бейімделген заманауи қондырғылар орнатылған. Әрі қаланың арғы шетінен тартылған құбырға қарағанда мұнда жылу жоғалту мөлшері аздау. Осының арқасында тұрғындарға жылыту құны арзанырақ түседі.
Міне, бүгінде қалада осындай 15 жылу қазандығы бар. Соның ішінде 12-сі қазірдің өзінде қысқы маусымға дайындалған. Ал, қалған 3 қазандықта дайындық жұмыстары 15 қыркүйекке дейін толық аяқталады.
–Қала аумағында орналасқан жылу жүйесінде 17 сорғы станциясы бар. Бүгінде соның 14-і қысқы маусымға дайындалған. Қалған 3 сорғы станциясында дайындық жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бұл жұмыс 15 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Сонымен қатар, қаладағы тозған жылу құбырларын жаңартуға да үлкен мән беріп отырмыз. Атап айтқанда, 2022 жылы 18 шақырым жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін соның 9 шақырымы жөнделіп бітті. Қалған жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады, – деді Боранбай Нығметұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкентте орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1 987 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде бүгінгі таңға дейін
1 370 үй қысқы жылыту маусымына дайындықтан өткен. Қалған тұрғын үйлерде дайындық жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр екен.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының аумағында 484 бюджеттік мекеме бар. Бүгінгі күнге дейін жылыту маусымына 435 нысан дайындалған. Дайындық жұмыстары әлі де жалғасып жатыр екен.
–Атап айтқанда, білім саласындағы 256 нысанның 240-ы дайындалған болса, денсаулық сақтау саласындағы 109 нысанның – 86-сы, спорттағы 30 нысанның – 24-і және мәдениет саласындағы 72 нысанның 61-і қысқы жылыту маусымына дайын отыр. Сонымен қатар әлеуметтік саладағы 17 мекеменің 14-інде дайындық жұмыстары аяқталған, - дейді басқарма басшысы.
Әрине, жылыту маусымына дайындық жұмыстарының маңызды бөлігі – бюджеттік мекемелер мен қала тұрғындарына көмір жеткізіп беру. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, Шымкент қаласының көмірге қажеттілігі 72 мың тоннаны құрайды. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының мәліметіне сәйкес, мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласына 60 мың тонна көмір тасымалданған. Яғни, қаланың қажеттілігі 83 пайызға өтеліп отыр. Сондай-ақ, тасымалдаушы мекемелердің қоймаларында 30 мың тонна көмір қоры бар екен. Басқарманың мағлұматы бойынша, қазір Шымкентте 1 тонна көмірдің бағасы 14 600 -14 950 теңге аралығында.
Айта кетейік, қаланың 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан бақылауға алынған, апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады.