Әйелдің асылы ісінен білінеді

Пятница, 04 Ноябрь 2022 08:23

form

Қазіргі заманда әйелдердің қоғамдағы рөлі орасан. Олардың қатарында іскер әйелдер мен басшылық қызметтегі нәзік жандылар ғана емес, көпбалалы аналар да бар. Ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған әйелдердің білімін шыңдап, денсаулығына көңіл бөлуі аса маңызды. Шымкент қаласында өткен «Әйелдің ел дамуындағы рөлі» атты форумда осындай өзекті мәселелер талқыға салынды. Әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және қаржылық әлеуетін көтеру мақсатында қолға алынған жиынды Amanat партиясының Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырды.

Форумда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Шымкент қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Баян Жандосова, Қостанай қаласынан келген еліміздің ең үздік акушер-гинекологы Гүлнара Қожагелдина және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Шымкент қаласындағы басқармасының өкілі Гүлжан Маханова баяндама жасады. Жиынды Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева жүргізіп отырды.

– Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалы барлық саладағы әйелдердің рөліне ерекше көңіл бөледі. Бүгінде партияның жанынан 11 қоғамдық кеңес құрылып, түрлі салалар бойынша жұмыс жүргізуде. Осы кеңестің құрамында әйелдердің үлесі басым. Жетекші партияның сайлауалды тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу қажеттігі заңдық тұрғыдан қаралған, - деді өз сөзінде Жанар Әлібекқызы.

Пікіралмасу форматында өткен форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.Сүлейменова Мемлекет басшысы елімізде әйелдерді әлеуметтік тұрғыда қолдауға көп күш салып жатқанын, 1 қыркүйекте жарияланған Жолдауында да игі бастамалардың қолға алынғанын жеткізді. Жиынға қатысқан әйелдер қауымы Мәжіліс депутатына толғандырған сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Шымкенттегі бір топ әйелдің талап-тілегін жеткізген Әйгерім Ерланқызы «көпбалалы ана» категориясының ауқымын кеңейту қажеттігін айтты.

–Өзім 5 баланың анасымын. Қаладағы қоғамдық көліктерде тек «Алтын» және «Күміс» алқа иелері ғана ақысыз жүре алады. Біз секілді 4-5 балалы аналарға да осындай жағдай қаралса екен. Мәселен, Алматы мен Астана қалаларында 5 балалы аналар «көпбалалы ана» категориясына кіреді және көптеген әлеуметтік қолдау жобаларына қатысады. Одан кейінгі мәселе, атаулы әлеуметтік қолдау қаражаты отбасындағы бала санына қарамай берілсе деген ұсынысымыз бар. Қазір әйелдер арасында кесарь тілігі арқылы босанғандар өте көп. Олар тек 4 рет қана ота көмегімен босана алады. Міне, осындай келіншектердің тағы ана болу мүмкіндігінің шектелгені ескеріліп, «көпбалалы ана» деген мәртебе берілсе, оларға да «Күміс» немесе «Алтын» алқа табысталса құп болар еді, - деді ол.

Бұл ұсынысқа Мәжіліс депутаты Жұлдыз Досбергенқызы: «Жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әйелдерді әлеуметтік қолдау бағытында жаңа концепциясын ұсынды. Жаңа құжат шеңберінде әйелдерді тек әлеуметтік қамтамасыз ету жағынан ғана емес, көпбалалы отбасыларда балалардың физикалық, интеллектуалды және денсаулығын сақтауға жағдай жасау үдерісі қаралған. Еліміздегі барлық отбасының әлеуметі мен әлеуетін көтеруге бағытталған концепцияны әлі де талқылалып жатыр. Қазір құжатқа 3-4 баланы дүниеге әкелген аналардың жаңа мәртебесі туралы ұсыныстар енгізіліп жатыр.

form 1

Ал, қоғамдық көліктерде ақысыз жүру мәселесі жергілікті бюджет есебінен атқарылады. Дәл қазір Мәжілістің өңірлер бюджетін қадағалайтын құзыреттілігі жоқ. Алайда, 2023 жылдан бастап жаңа мажоритарлық сайлау жүйесінен кейін Парламент Мәжілісі жылына екі рет ҚР Аудиторлар палатасын шақырып, аймақтарда бюджеттің игерілуі, оның ішіндегі жалпы сипаттағы трансферлер қайда жұмсалып жатқанын бақылай алады. Осы сайлаудан кейін 30 пайыздық квотамен сайланған әйел депутаттар еліміздегі қыз-келіншектердің денсаулығы мен білімі, оларды әлеуметтік қолдауға арналған бюджетті бекітуге атсалысады деп үміттенеміз, - деп көпбалалы аналарды толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Елімізде әйелдердің білімі мен біліктілігін, қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін қатып қалған қағидалар мен кейбір стереотиптерді жою керек. Ең алдымен қыздардың сапалы білім алуына жағдай жасалса, болашақта өзіне сенімді әрі елдің дамуы жолындағы түрлі жобаларды жүзеге асыруға сеп болмақ. Мәжіліс депутаты
Ж.Сүлейменованың сөзінше, қазір мемлекеттік деңгейдегі шешім қабылдайтын тетіктерде әйелдердің үлесі небәрі 3 пайыздан аспай отыр. Ал, ел экономикасының кірісі саналатын мұнай саласындағы басқарушы қызметтерде отырған әйелдердің үлесі тіптен аз, ол 0,9 пайызды құрайды екен.

–Мұнай саласының басшылық қызметті атқару үшін STEM бағытындағы білімді игеру керек. Математика, физика, химия және биология пәндері интеграциясындағы ғылымды игеру әйелдерге көптеген күрделі есіктерді ашады. Өкінішке қарай, қыз-келіншектеріміздің осындай салаға бет бұруға деген құлшынысы өте төмен. Көбіне мамандық таңдайтын кезде білім, медицина және әлеуметтік саланы ғана құп көреді. Қазір ел экономикасында елеулі салмағы бар мұнай, газ секілді өзге де жер қойнауындағы байлықтарды игеріп отырған алып компанияларды қарапайым қазақ әйелдері де басқарсын десек, жаратылыстану бағытындағы білімді жетік меңгеруге үгіттеу қажет. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жер мен жер қойнауындағы байлық халыққа тиесілі деді. Өткен жылы біз әлеуметтік заңға Қазақстанда жер қойнауын пайдаланған компаниялар жылына 1-3 пайызға дейін әлеуметтік кәсіпкерлікке қаражат бөлуді міндеттейтін норма қабылдадық. Бұдан бөлек, халықты әлеуметтік қолдауға арналған қаншама жобалар іске асуда. Әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекеттің көмегінен бөлек өздігінен білім алуға, жаңа кәсіпті игеруге күш жұмсаса ғана жоғарыда айтылған нәтижелер нәтиже бере бастайды. Қыз-келіншектердің біліктілігін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс, –деді Жұлдыз Досбергенқызы.

Иә, расында да қазіргі заманда әйелдерінің жан-жақты болуы – уақыт талабы. Әйтсе де, халық арасында өз құқығын қорғауға қауқары жетпейтін әйелдер де баршылық. Әйелдер басқосуында өзінің ерекше бағытымен танылған, жуырда ғана «URKER-2022» ұлттық сыйлығы аясындағы «Батыр Қазыбаев атындағы» арнайы марапатқа ие болған фототілші Әйгерім Бегімбет тұрмыстағы әйелдердің зорлық-зомбылыққа тап болу себептерін баяндап берді. Фототілші биыл «Түркістан әйелдері» атты жобасында қоғамның түрлі саласында ерлермен иық тіресіп, еңбек еткен әйелдер мен оның кәсібі туралы фоторепортаж жасаған. Әйгерім алдымен 2021 жылы іске асырған «Үрейін жеңгендер» атты жобасы жайлы айтты. Осы жобаның кейіпкерлері отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырап, уақыт өте келе үрейін жеңіп шығыпты. Қиындықтың себебі – өз құқығын білмегендігі.

–Отбасында зорлық көрген әйелдер мен балаларды, құлдық қамытын киген жандарды анимациялық бейнелер арқылы ақпараттық сайтта жарияладық. Байқағанымдай, тағдыр тәлкегіне түскен жандардың құқықтық сауаты өте төмен болып шықты. Жылдар бойы олар көрген зардабын «бөрік асты» мен «жең ішінде» сақтап келген. Өкініштісі, ондай әйелдеріміз қоғамда өте көп және оларға жақын туыстары да қол ұшын беруден жалтарады. Біз осындай кейіпкерлер жайлы ақпараттық порталда жариялағанымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген кезде қайда хабарласу керектігі, әлеуметтік қорғау орталықтарының байланыс номерін жазып отырдық. Кейіпкерлеріміздің арасында алты жыл бойы құлдықта болған Өзбекстан азаматшасы, жылдар бойы күйеуінің қорлығын көрген көпбалалы аналар, өгей әкесі зорлаған жасөспірім қыздар да бар. Барлығының осындай жағдайға тап болуының астарында білімсіздік жатыр. Өз мақалаларымыз арқылы қиындық көрген жандардың санасына ой салып, бойына сенімділік ұялатқымыз келді. Нәтижесінде, өзімен тағдырлас жандар жайлы оқыған оқырмандар тиісті орталықтарға хабарласып, құқықтық және психологиялық көмек алған. Ол үшін біз де әлеуметтік орталықтармен тығыз байланыста жұмыс жасадық. Біз зерттеген әйелдердің көбі психологиялық жағдайы жақсарып, өзін құқықтық жағынан қорғай алатын деңгейге жетті, - деді фототілші.

Ә.Бегімбеттің «Үрейін жеңгендер» жобасы өткен жылы ТМД елдері арасындағы байқауда жүлделі ІІ орынды иеленіпті. Мұнан кейін Әйгерім Бегімбеттің ерекше кейіпкерлері туралы «Түркістан әйелдері» атты жобасын бірлесе атқарған әріптесі Жанерке Хумар баяндап берді.

–Әйгерім суретке түсірген кейіпкерлердің ерекшелігі әйелдер туралы қалыптасқан түсініктерге қайшы келеді. Биылдың өзінде осындай 6 әйел жайлы мақала жарияладық. Біз тек зорлық-зомбылық жөнінде ғана мәселе көтеріп қана қоймай, елдің экономикасына үлес қосып отырған, түрлі стереотиптерге қарсы келген, еңбекқор әйелдерді де насихаттауды қолға алдық. Мәселен, 40 жыл тракторды тізгіндеген Алтын апай – 8 баланың анасы. Олармен әңгімелесу барысында еңбекпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатынын байқадық. Ал 51 жыл құрылыс кранын басқарған Шәубан апамыз Шымкенттің көпқабатты үйлерін салуда елеулі үлесі бар. Краншы апай зейнетке шықса да әлі күнге дейін құрылыс компанияларында ауыр техниканы нәзік қолымен тізгіндеп отыр. Кейіпкерлеріміз жайлы айта берсек таңды таңға жалғармыз. Әйтсе де, барлығының бойында бірдей қасиет – батылдық, өзіне деген сенімділік пен алға қойған мақсаттың айқындығын байқадық. Олар ешқашан «мынау ердің ісі, әйелдерге жараспайды» дегенді ойына алмапты. Президентіміз өз Жолдауында айтқандай нағыз еңбек адамы, өз саласының білікті маманы міне, осындай жандар, - деді Жанерке Хумар.

Әйел – отбасының тірегі, тыныштық шырақшысы, ұл-қыздарының бағдаршысы. Болашақты дұрыс бағдарлау үшін әйелдің саулығы мен білімді болуы маңызды. Форумды айтылған мысалдар, спикерлердің сөзінің түйіні де әйелдерді сауатты болуға, өзін жетілдіруге бағыттайды. Жиын соңында Amanat партиясының Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ж.Бектаева партия жанынан «Әйелдер қанаты» жобасы қолға алынатындығын жеткізді.

chak-chak-bairam

Шымкент қаласының татар-башқұрт этномәдени бірлестігі «Чак-чак байрамы» мерекесін атап өтті. Татар ұлтының ең тәтті мерекесі аталып кеткен жиынға татар-башқұрт, өзбек, корей және өзге этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Татар шығармашылық ұжымының орындауында халық әндері шырқалып, чак-чак мерекесінің басты тағамынан көрме жасақталып, әдет-ғұрыптары көрсетілді. Мерекелік басқосуда қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов жиылған қауымды Республика күнімен құттықтап, елдің ішкі бейбітшілігін сақтауға үлес қосып отырған этномәдени бірлестіктерге алғысын жеткізді.

–Күні кеше 25 қазан – Республика күнін тойладық. Сіздерді Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде Шымкент қаласында 10 мыңнан астам татар-башқұрт этносының өкілі бар. Саны жағынан қаладағы ірі 5 этностың құрамына кіреді. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған татар-башқұрт этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді сақтау саясатын іске асыруға сүбелі үлес қосып келеді. Ал, «Чақ-чак байрамы» қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Дастарханнан ерекше орын алатын бұл тағамды үлестіру арқылы этномәдени бірлестік өздерінің достық қарым-қатынасы мен ыстық ықыласын білдіреді. Бүгінгі мереке – соның бір айғағы, - деді Ербол Сүлейменұлы.

Шымкент қаласының қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып жүрген татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бірқатар белсенді мүшесіне қала әкімі мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан алғыс хаттар табысталды.

Одан кейін, шығармашылық ұжым әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалап, татар ұлтының тарихы жөнінде деректі фильм көрсетілді.

Берекенің кілті – кәсіпте

Пятница, 28 Октябрь 2022 05:37

kasip

«Берекенің кілті – кәсіпте». Шымкентте кәсіптің көзін тауып, мемлекет ұсынған қайтарымсыз қаражатты игілігіне жаратып жүрген азаматтардың қатары жыл санап артып келеді. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы өкілдері берген мәліметке сүйенсек, 2021 жылы 786 азамат мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрсе, 2022 жылдың өткен төрт легінде 1196 азамат қайтарымсыз грантқа ие болған.

Қайтарымсыз гранттың иегері атанып, өз кәсібін ашқан азаматтың бірі – Ақылбек Бейсенов. Іскер азаматтың орталыққа ұсынған бизнес-жобасын комиссия мақұлдаған соң, 2021 жылы 583 400 теңге көлемінде мемлекеттен өтеусіз қаржы алып, жиһаз цехын ашқан.

– Үш жылдан аса жиһаз жасау саласында тынымсыз еңбек етіп, оның жасалу жолындағы бірқатар технологияларын меңгердім. Мемлекет тарапынан кәсібін ашуды ниет еткендерге қолдау бар екенін естіп, бизнес-жобамды ұсындым. Жоба қолдау тапты. Қажетті қаражатты алып, өз үйімнің жанынан цех аштым. Қажетті құралдарды сатып алдым. Қазіргі таңда ескі жиһаздарды жаңартып, тұтынушыларға жеткізіп береміз. Алдағы уақытта асхана, жатын бөлменің жиһаздарын жасауды жоспарлап отырмын. Сондықтан қолынан іс келетін замандастарыма тәуекелге барудан қорықпай, еңбек етуге шақырамын, – деді жиһаз шебері Ақылбек.

Қазіргі таңда өз үйінің ауласында жиһаздың сан түрін жасап жатқан шеберге жүгінушілер көп. Ал өнімдер өз қаламызда дайындалатындықтан тұрғындарға қолжетімді бағада саудалануда. Жоқтан бар жасап, кәсіптің көзін тауып, отбасын асырап отырған азаматтың бұл ісі көпке үлгі.

Ал шымкенттік Жеңіс Мырзабаев мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланған шағын кәсіп иесі. Еңбекші ауданының тұрғыны 2021 жылдың сәуір айында 583 400 теңге көлемінде мемлекеттік грантты ұтып алған. Ол бала күнінен техника тілін жақсы түсінгендіктен, өз саласын көлік жөндеу ісімен байланыстырған.

–Көлік айдап жүргеніме 15-16 жылдай болды. Арасында көлік жөндеуді кәсіби шеберлерден үйреніп, өз қажетіме де жарап жүрді. Шеберхана ашу ертеректе ойымда болғанымен, қаражат қол байлау болды. Қайтарымсыз грант жайында естіп, жауапты мекемеге бизнес-жобамды өткіздім. Комиссияның алдында оны қорғап шығып, өткен жылы қаражатқа қол жеткіздім. Шеберханам әзірге шағын. Алдағы уақытта жұмысқа адамдар қабылдап, кәсібімнің аясын кеңейтуді мақсат етіп отырмын, - дейді Жеңіс Мырзабаев. Мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіпкерлікке ден қойған азаматтың қазір тұрақты клиенттері бар.

Биыл ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант мөлшері – 400 АЕК. Бұл дегеніміз – 1 225 200 теңге. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдалынылады.

Іскер басшы, қарапайым әйел

Пятница, 28 Октябрь 2022 05:31

isker-bashy

Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы. Олардың қоғамда алар орны ерекше. Өйткені отбасы берекесін келтіріп, елдік мүддені сақтауда нәзік жандылардың қосатын үлесі мол. Үй шаруасында ғана емес, аруларымыз саяси қызметті де жауапкершілікпен атқарып жүр. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз соны білдірсе керек.

Бүгінде мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайтуға басымдық беріліп отыр. Ел аумағында жыл сайын отбасылық құндылықтарды нығайту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Өз кезегінде отбасы беріктігін нығайту мен өскелең ұрпақты саналы етіп тәрбиелеуде әйелдердің орны орасан. Асылында, қоғам мен саясатта маңызды рөл атқарып жүрген әйелдер отбасында қандай ана? Осы сұрақ төңірегінде біз басшылық қызметін атқарып жүрген Альбина Елшиеваны әңгімеге тарттық.

Альбина Балғабайқызы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы. Бүгінде 6 баланы өсіріп отырған халық қалаулысы әйелдер тек отбасында бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, өзін ұдайы жетілдіріп отыру керек дегенді алға тартады. Әйелдердің басшылық қызметте болуы қоластындағы әйел қызметкерлерге де қолайлы. Өйткені, қызметкерлер кейбір мәселені басшылықпен талқылау барысында бір-бірін жақсы түсінісіп, ойын еркін жеткізеді.

– Қандай қоғам болса да, жан-жағына ізгілік нұрын себетін әйелдердің орны ерекше. Сондықтан тұрмыстық тауқыметтен арылуда әлеуметтік мәселелерді ретімен шешу керек. Осы орайда әйел өзін қамқоршы ретінде жақсы көрсете алады және жалғастырушы да бола алады. Әйел басшы болсын, мейлі саясаткер болсын, бірінші кезекте отбасы мен балаларының болашағына алаңдап, олардың қиындыққа тап болмауы үшін барын салады. Сондықтан болар әйелдердің сыбайлас жемқорлық тәуекеліне төзбеушілігі де жоғары келеді, - дейді А.Елшиева.

Мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстау, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру, бірінен соң бірі өсіп келе жатқан шиіттей балаларды тәрбиелеуде бір балансты ұстау өте күрделі мәселе. Десе де, кейіпкеріміз осы мәселенің шешімін тапқандай. Өйткені әлеуметтік желідегі парақшасында Елшиеваның ауылдағы қарашаңырақтағы ошақ басында от жағып, қамырын илеп отырған қарапайым келін кейіпіндегі суреттерін жиі көзіміз шалады. Ол туралы өзі былай дейді.

–Қызмет барысы қаншалықты қарбалас болса да, бос уақытты және мереке күндерін отбасыма арнаймын. Мемлекеттік қызмет істесем де мен ең алдымен анамын ғой. Қарапайым қазақ әйелдері секілді балаларға ұнайтын дәмді тамақ әзірлеп, бірге сабағын дайындаймыз, кітап оқимыз. Менің ойымша, баланы тәрбиелеу үшін алдымен ата-ана өзінің әрекеттерін дұрыстау керек. Балаға қанша рет айтыңыз, үйретіңіз, бәрібір түбінде ол сіздің әрекеттеріңізді қайталайды. Сондықтан отағасы екеуіміз балалар алдында мәдениетті сөйлеп, тіпті киім кию үлгісіне де мән береміз. Дана халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап, қыз өсер» деп текке айтпаған екен, - дейді ол.

Елімізде қоғамдағы ең маңызды салалар – денсаулық сақтау, білім беру ісінде әйелдердің үлесі көп екені көпке белгілі. Ал, басқару жүйесінде жетекшілік қызметте нәзікжандылардың саны артып келе жатқаны көңіл қуантпай қоймайды. Осындай игі қадамдар жалғасын тауып, бәріне бірдей мүмкіндік беріле бергей.

ЖАҢА ОЙЫН АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Среда, 26 Октябрь 2022 04:58

Тұран шағынауданындағы «New city» тұрғын үй кешені ауласында жаңадан ашылған балалар алаңшасы 25 қазан – Республика күніне тарту етілді.

664

АДАЛ БИЗНЕСКЕ ҚОЛДАУ АРТАДЫ

Среда, 26 Октябрь 2022 04:52

Шымкентке іс-сапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың мәселелерімен танысты. «Антикор орталығында» өткен жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев жүргізіп отырды.

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев №106 мектеп мұғалімдерімен кездесіп, Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы аясында атқарылатын жұмыстарды баяндады.

415

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Достық үйі» ғимаратында жиын өтті. Оған «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, Икрамжан Хашимжанов, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, «Оқушылар сарайы» мекемесінің директоры Бақытжан Мұстафаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.

411

Страница 14 из 24