Жас ұрпақтың нағыз жанашыры

Пятница, 30 Сентябрь 2016 08:36 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5182 раз

IMG-20160907-WA0013Таяуда ғана тарих қойнауына кеткен Жазғы Олимпиада ойындарының қызығы әлі басыла қойған жоқ. Әсіресе, жанкүйер қауымы жайында айтар әңгіме бір бөлек. Мұхит асып, отандастарымыздың шашбауын көтеріп барғандардың бір шоғырын көзіміз шалды. Мұны әсіресе, бокс және ауыр атлетика бәсекелері кезінде байқадық. Солардың арасында шымкенттік спорт жанкүйері Әбдімәжит Сыздықбеков те болды. Жалғыз өзі ғана емес жанына ұлы Алмасты да ерткен. Он бес күн бойы спортшыларымыздың әрбір сәтіне қуанып, ащы жеңілісіне мұңайып, қолдау көрсетті. «Батырларымыздың жеңісті сәтіне куә болу бір бақыт. Өзімнің іштей ойлаған жүлделер қоржынға түсті. Соған ризамын. Әсіресе, қазақтың алғашқы қарлығаштарының жеңісінен қанаттанып жүрдік», – дейді Рио-де-Жанейродан көтеріңкі көңіл күймен қайтқан Әбдімәжит аға. Елдік мәселелер дегенде елеңдеп тұратын азаматты арнайы жұмысына іздеп бардық. Ағамыздың ұлы дүрмектен алған әсерлері, куә болған қызықты жағдайлары көп екен.

«Қазақ халқының бет-бейнесі болып бардық»

Әбдімәжит Саттарұлының азаматтығын көпшілік біледі. «Қазақтың аты озса екен» деп жүрген азаматтың нақ өзі. Қолынан келсе жақсылығын аяған емес. Бизнесті дөңгелеткен кәсіпкер ғана емес, нағыз спорт жанашыры да. Қай спортшының қандай мүмкіндігі барын, қандай жетістікке жеткенін, бәрі-бәрін түгендеп жүргені. Әсіресе, бокс, күрес, ауыр атлетика спортының қатпар-қатпарын біледі.

Бұл – Әбекеңнің үшінші Олимпиадасы. Көкейінде бар мақсат –қазақтың ұл-қызының жеңісіне куә болу, қолдау көрсетіп, қанаттандыру.
Негізінен, тамашалағандары бокс, күрес және ауыр атлетика бәсекелері. Қазақ боксшыларының қарсыласын айызды қандыра ұрғанынан қанаттанып, зілтеміршілердің бәсекесіне қарай асығады екен. Екі аралықта елеңдеп жүріпті. Билетті де әу бастан осы мақсатта алған. Ағаның айтар әңгімесі көп-ақ. Есте қалған қызықты оқиғаларды тыңдап отырмын. Баландиннің алтын алуға мүмкіндігі барын да дәл болжапты. Бұл туралы өзі «Баландиннің чемпион болатын күні қонақүйдің астында тұрмыз. Диманың анасы жүр екен. «Финалға сегізінші орынмен шықты. Қалай болар екен» дейді. Ұнжырғасы түсіп кеткен. «Мүмкіндік мол бізде. Жылдамдықты қосса, біз жеңеміз. Жеке рекордын орнатады әлі.

IMG-20160907-WA0012

Көресіз» дедім көңілін жайландырып. Құдай аузыма салғанын айтсайшы», – дейді спортшының топты жарып шығатынын іштей сезгенін айтып.
Бір қызығы, ұлы Алмастың да үшінші Олимпиадасына жолы түскен. 2008 жылы ол Бейжіңде оқитын. Лондон Олимпиадасы кезінде сол қаладағы әйгілі колледждің шәкірті еді. Бұл жолы қазақ жанкүйерлерінің басын үйіріп, топтап қосуда Алмастың еңбегі сіңіпті. Ол жарыс басталардан бір сағат бұрын барып, орындарға көк Туды іліп шығады екен. Өзгелердің орнына да қазақтың туын іліп кетіп жүрген. Әйтпесе, қазақ жанкүйерлерінің әрқайсысының орны әр жақта. Шашырап отырған жерден дауыс қайдан естілсін. Ал дауыстың бір жерден шыққаны залды жаңғыртпай ма. Өзі қытай, ағылшын тілін меңгерген. Рио көшесінде жерлестерімізге жол көрсетіп жүрген елгезектігін айтсаңызшы...

IMG-20160907-WA0004

Жанкүйер дегенде мынаны айта кеткен жөн. Рио-де-Жанейроға өз жеке қаражатымен 10 шақты жанкүйер ғана барыпты. Жетісайдан Ділдәхан деген жігіт бар. Шымкенттен тағы екі жанкүйер барған. Ділдәханмен Лондон ойындарында кездескен, содан бері таныс. Аға сол залда бразилиялық жанкүйерлердің бізге бүйрегі бұрып тұрғанын айтады. Тіпті, біздің спортшылар шықса, «Қазақстан» деп айқайлай жөнеледі екен. 

Әңгіме ауаны жанкүйерлік мәдениет жайына ойысқанда ағамыз сәл ренжіген кейіп танытты. Өйткені, бізде 10 адамның басын қосу қиын. Әрқайсысы әр түрлі айқайға басатыны тағы бар. Бұл туралы: «Англиялықтардан үйренеріміз көп. Олар дереу ұрандатып, сөз құрастырып ала қояды. Футболына барсаң, бәрі өлеңдетіп тұрады. Ұтылып жатса да қошемет көрсетіп, шығарып салады. Ал бізде ұтылып қалсыншы, жер-жебіріңе жетеді. Мәдениеттің жетіспеуі ғой бұл» дейді қынжылысын жеткізіп. IMG-20160907-WA0016

«Олимпиадалараға жетелеп жүрген қандай күш?» деп ағаның әңгімесін одан әрі қыздыра түстім. «Біз қазақ халқының бет-бейнесі болып бардық. Сөзімізбен, ісімізбен, тіпті киімімізбен де үлгі болуымыз керек. Қазақтың озық ұлт екенін таныту үшін. Шетелге шығып, қазақтың ұл-қызына қолдау көрсетіп қайту кішігірім кәсібіміздің арқасы ғой. Ал жағдайы менен асқан жігіттер аз ба? Олар неге жанкүйер болмайды?» – дейді аға.

Алаш қайраткерлерінің аллеясын ашқан

Ынта болса, мақсат болса, жүйесін таппайтын іс жоқ. Абзал азаматтың айтары да осы. Шетелге шықса болды, әлемге әйгілі стадиондар мен спорттық базаларды аралайтын әдеті бар. Футболдың отаны саналатын Англияда азулы клуб «Арсеналдың» стадионында болған. Оларда барлық жағдай жасалған: талантты көре білу, оны әрі қарай дамыту жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Әрине, жеңістің бастауы – жүйелі тірлікте ғой. Бұдан бөлек, Африканың Оңтүстігіндегі футболдан әлем чемпионатын тамашалап қайтуы да зор серпін берген. Жағдай жасалса қазақтың қай баласы да, атойлап шығар еді. Осындай ой маза бермеген. Содан міне, армандар іске асып, өзінің туып-өскен ауылында (ОҚО, Отырар ауданы, Шәмші ауылы) «Алпамыс батыр» кешені ашылды. 5 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Жуырда ғана аудандық әкімдікке өткізіпті. Сый ретінде тегін-ақ. Бүгінде 70-тей әр жастағы балалар арман қуып жүр. Әрине, мақсаттың жемісін беруі үшін уақыт керек. Маман кадрлар да сәтімен толыға жатар. Мемлекетке бергенмен өзі де қолдау көрсетеді. 

Футбол кешенінің жанынан «Алаш аллеясы» кешені де ашылған еді. Онда Алаш арыстарының портреттерімен қоса, ұлағатты сөздері қашап жазылған. Қастарына додаларда топ жарған спортшыларымыздың суреттері де бейнеленіпті. Мұның бәрі де футболшыларды отансүйгіштікке баулысақ деген ниеттен туған ой. Биыл 15 тамызда осы аллеяда ән падишасы – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 86 жыл толуына орай салтанатты мәдени шара өтті.
Соңғы жылдары, кәсіпкер азамат Алаш идеясын насихаттауда да белсенділік танытып жүр. Бір аллеямен ғана тоқтап қалған жоқ. Биыл Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығына орай турнир өткізуді жоспарлап қойыпты. Бұдан бөлек, елімізге белгілі алаштанушы ғалым, журналист Сұлтанхан Жүсіптің Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай жазылған еңбегін шарыққа шығаруға демеушілік етуде.
Ағаның атқарған ісінен жүзеге асырсам деген тірлігі әлі де көп. «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген ұлағатты сөз бар. Қазақтың тағылымды сөзін темірқазық еткен азаматтың өнегелі істері де ел жадында. Өткен жылы қазақтың көк шапанын арнайы тіктіріп, Еуропаға жеткізген Әбдімәжит аға еді. Бұдан бөлек, Париж қазақтарының «Paris Kazakspor» футбол клубының ойыншылары елімізге келіп, Атажұртта саяхат жасауына демеуші болған азаматтың бірі де.
Әрине, кез келген спорттың дамуы материалдық-техникалық базаға баланысты. Екінші, маман кадрлардың жеткілікті болуы. Үшіншіден, қаржы болса, соның бәрін ұйымдастыруға болады. "Жалпы, ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарауға болмайды. Жер-жерден спорт нысандарын ашып тастай берейік. Бұл ретте тұрғындардың көзқарасы өзгеруі керек. Қаржы жоқ емес бар, тек соны іске асыратын ынта болса. Сонда мемлекет те дамиды. Ұрпақтың да дені сау болады", – дейді аға. Ойландыратын-ақ жағдай.

«Жан қиналмай жұмыс бітпес...»

Әбдімәжит аға таяуда ғана 5 қыркүйекте 59 жасқа толды. Техника ғылымының кандидаты. Талай ғылыми еңбектердің және оқу-методикалық құралдардың авторы. Десе де, бақытын кәсіптен тапқан. Ғылымнан алған азын-аулақ қаржысын кәсіпке салып, өндірісті дөңгелетіп әкетті: бүгінде өз туған ауылында «Сыздықбеков» шаруа қожалығының өрісі кеңейіп келеді. Бұдан бөлек, Шымкентте орналасқан «OTYRAR GROUP LTD» ЖШС-і де жергілікті азаматтарды құрылыс заттарымен қамтамасыз етіп отыр. Шүкіршілік, кәсібі біреуден ілгері, біреуден кейін дамып келеді.
Үлгілі отағасы Фарида апай екеуі жеті немере сүйіп отыр. Ұл-қыздары да өмірден өз жолдарын тапқан. Үлкен ұлы Ғабит Қазақстанның Франциядағы елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарады. Ал кіші ұлы Алмас пен қызы Айнұр – жеке кәсіпкер. Жолдасы Фарида Үсенова – «Айтекс» шағын кәсіпкерліктің басшысы.
Құдай қуат берсе, алда әлі талай іс тындырмақ. Жастардың нағыз жанашыры бола білген кәсіпкердің берекелі тірлігіне қуандық. Әр қазақ өз елінде бай болуы керектігін санама сіңдіргендей болды. Өз іс-әрекетімен, ғибратты әңгімелерімен-ақ. «Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес», «Егіннің ебін, сауданың тегін, үйреніп ойлан, мал ізде»... Жұмыс үстелінің қақ төбесінде осындай ғибратты сөздер ілулі тұр. Адал еңбек етіп, абыройлы бола білу де бір бақыт.
Біз де азаматтың әсерлі әңгімесін көкейге құйып, сұхбаттан сергек күйде қайттық.

Последнее изменение Пятница, 30 Сентябрь 2016 10:21
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.