Шымкент – салауатты өмір салтын насихаттау шараларымен де таныла бастады. Қалада «Street Workout»-пен айналысуға арналған спорт алаңшалары көбейіп келеді. Былтыр бір ғана алаңша ашылса, биыл төрт бірдей нысан іске қосылды.
Осыдан 10 жыл бұрын АҚШ-та пайда болған «Street Workout» спорт түрі бүгінгі күні елімізде қарқынды даму жолына түскен. Бұл спорт түрімен қаламызда 3000-ға жуық жас шұғылдануда. Жастар арасында кеңінен қанат жайған «Көше спорты» белтемірде қалай жаттығу керектігін үйретеді. Бұл спорт түрімен жастар аптасына үш күн жаттығады.
Алғаш рет 2015 жылы Қошқар ата өзені бойындағы «Street Workout» арнайы алаңшасы ашылған еді. Биыл «Street Workout»-пен айналысуға арналған 4 арнайы алаңша ел игілігіне берілді. Қаламыздың «Тәуелсіздік», «Жеңіс» саябақтарында, «Наурыз» алаңы мен Нұрсәт шағынауданында спорт нысаны тұрғындардың қуанышына айналған. Иә, салауатты өмір салтын көшеде жүріп-ақ қалыптастыруға болады.