«SportLife» спорт кешенінде ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Шымкент қалалық мәслихатының ұйымдастыруымен футболдан халықаралық турнир өтті. Оған Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, сондай-ақ, Алматы және тағы басқа өңірлерден 16 команда қатысты.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Айжарық» корпорациясының президенті, қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Әмірбекұлының айтуынша, биылғы жарыстың басты ерекшелігі, жасы 40-тан асқан ардагер спортшылар бақ сынады. Олар осы арқылы жастарға үлгі болып, салауатты өмір салтын насихаттады.
Халықаралық жарыстың қорытындысы бойынша І орынды Шымкент қалалық мәслихатының «Мәслихат» командасы, ІІ орынды «Бірлік» командасы иеленді. Сондай-ақ, Фархат Юлдашев «Үздік қақпашы», Мадияр Күмісбеков «Үздік қорғаушы», Серік Өтебаев «Үздік жартылай қорғаушы», Омархан Көбеев «Үздік тұрақты ойыншы», Таирбек Нұрымбетов «Үздік шабуылшы», Андрей Ваганов «Үздік ойыншы» атанды.