«Қыран» қайта түлеуде Избранное

Среда, 11 Апрель 2018 04:31 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 139 раз

Шымкенттегі «Қыран» футбол командасының жанкүйерлері көбейіп келеді. 2015 жылы футболдан
Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсету үшін «Тараз» клубымен өткізген тартысты ойыны әлі де көпшіліктің көз алдында.


Сол сәттен бастап өзіндік ойын үлгісін қалыптастырып үлгерген «Қыран» клубы 2011 жылы «Ордабасы» командасына резерв дайындау, жергілікті футболшылардың шеберлігін арттыру мақсатында құрылған еді. Бастапқыда «Тарлан» деп аталып, кейіннен атауы «Қыран» болып өзгерді. Клуб 2014 жылы күміс медаль иеленіп, «Ордабасы» командасына бір топ жас ойыншыларын аттандырды. Олардың қатарында қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетіп жүрген Еркебұлан Тұңғышбаев та бар.

shymkala-28-6

Былтырдан бастап команда тізгінін Ғалым Төлегенов өз қолына алған. Білікті бапкер бұған дейін №7 спорт мектебінде талай футболшыларды тәрбиелеп, бірінші және екінші лигаға командалар дайындады. Өзі де ілгеріректе «Монтажник», «Яссы-Рахат» командаларында өнер көрсеткен.

– Командадағы футболшылардың ең ересегі - 27-де. Сондай-ақ, 98 пайызы - Оңтүстіктің жігіттері. Өйткені, балалар жергілікті спорт мектептерінен, жергілікті командалардан тәрбиеленіп шығады. Тіпті, қаржы да жергілікті бюджеттен бөлінеді. Енднше, неге өзіміздің жастарымыздың еркін ойнауына жол ашпасқа? Тек екі легионеріміз бар. Олар Өзбекстанның «Бунедкор» клубында өнер көрсеткен өте тәжірибелі ойыншылар, – дейді бас бапкер.

shymkala-28-4

Былғары допты дегеніне көндірген, айтқанына жүргізген шеберлердің бірі – Абылайхан Махамбетов. 27 жастағы жігіт «Қыранға» келмей тұрып «Мақтаарал», «БИІК» клубтарында шеберлігін шыңдаған. Қазір команда сұрмергені. Айтуынша, «Қыран» премьер-лигадағы «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» секілді командалармен иін тіресіп ойнауға әбден лайық.

«Қыранның» футболшылары жуырда Түркиядағы, Өзбекстандағы оқу-жаттығу жиынынан оралды. Команданың белді ойыншысы Шакудаев Рахматулла бұл жаттығулардан мол тәжірибе жинағанын айтады. Футболшылар Өзбекстанда физикалық тұрғыдан, ал Түркияда техникалық, тактикалық шеберліктерін арттырған. Арасында бірнеше жолдастық кездесулер де өткізіпті.

shymkala-28-5

–Дәл қазір елімізде футболдың дамуына барлық жағдай жасалған деп ойлаймын. Тек шебер ойнасаң болды. Осы сәтті пайдаланып, ОҚО әкімдігіне, спорт басқармасына, «Қыран» клубының басшыларына алғысымды білдіргім келеді, – дейді 24 жастағы жігіт.

Ендеше, футболға келіңіздер! Жерлестерімізге жанкүйер болыңыздар!

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.