Алып шаһарда аламан алаңдар аз емес Избранное

Среда, 13 Июнь 2018 04:49 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 52 раз

Шымкент – салауаттылыққа бет түзеген қала. Бүгінде үшінші мегаполисте бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесі 30 пайызға жуықтапты. Дәлірек айтсақ, 26,5 пайыз. Бұл – қуантарлық жағдай. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл басынан бері қалада 197 іс-шара өткізілген. Әрине, қала халқының саны өскен сайын спортқа сергек қарайтын тұрғындардың көбейгені де заңдылық.

1 voleybol muzhchiny2

Қазіргі меже – 26,5 пайыз

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметіне сәйкес, бұл бағытта талдау жұмыстары жүргізілген. Соларды рет-ретімен айтайық, ендеше. Жыл басынан бері қалада 197 іс-шара өткізілсе, оған қатысқандардың жалпы саны – 38 511 адам. Ал ұлттық спорт түрлерін насихаттау бойынша жыл басынан бері 39 іс-шара ұйымдастырылыпты. Тиісінше, оған 1855 адам қатысқан.
Қалада дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар бойынша пайыздық көрсеткішке назар аударайық. Қазіргі таңда мұндай тұрғындардың жалпы саны 252 960 адамға жетіп отыр. Бұл – қала халқының 26,5 пайызы. Дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын 6-дан 18 жасқа дейінгі тұрғындардың үлесі – 88 633 адам. Осыдан екі жыл бұрын қаламызда 193 870 адам бұқаралық спортты серік еткенін жазғанбыз.
Енді тарқатып айтар болсақ, жалпы орта мектептерде 88 633 адам, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шұғылданушылар – 19 473, балалар мен жасөспірімдер спорт-аула клубтарында – 1548 адам және т.т.
Ал мүгедек жандардың дене шынықтырумен тұрақты түрде шұғылданатындары – 597 адам.
Әрине, бұқаралық спортқа да, кәсіби шұғылданатындар үшін де ең алдымен спорт нысандары қажет. Шымқала – алып шаһар. Бізге еңселі, халықаралық стандарттарға жауап беретін нысандар салатын уақыт жетті. Қазіргі жағдайды айтар болсақ, қалада жалпы 804 спорт нысаны бар. Оның ішінде: стадион – 3, спорт сарайы – 1, спорттық құрылғылар кешені – 6, спорттық кешендер – 11, спорттық манеж, ату алаңы – 5, жазықтықты құрылғылар – 433, теннис корттары – 33, жүзу бассейндері – 8, спорт залдар– 229 және орнатылған спорт залдар – 65.

«Шымкент-Аренаның» құрылысы басталады

Қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалық – 427 гектарды құрайтын «Shymkent city» шағынауданында «Шымкент арена» спорт кешені салынады. Облыс әкімі өткен жылғы қорытынды есеп беру кездесуінде осылай деген еді. Осы құрылыс биыл басталғалы отыр.
«Шымкент арена» спорт кешенінде негізінен күрес пен атлеттер залы, сауда мен тамақтану және әкімшілік блоктары, қонақ үй, бассейн қарастырылған. Жобалық құны 17,2 млрд теңге болатын кешен заманауи құрылғылармен жабдықталмақ.
Шымкент қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, спорт кешенін салуға қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жоспарда тұр. Негізінен, құрылыс биыл басталады.
Кейде жарыс өткізетін жер таппай қиналатынымыз бар. Бізге мұндай ғимарат керек-ақ. Әрине, жеңістің бастауы – жүйелі тірлікте.
Қалада көптеген фитнес орталықтары, футбол алаңшалары ашылуда. Бірегей фитнес орталығы – «Royal Club Fitness & SPA» спорт-сауықтыру кешені халықаралық талаптарға сәйкес. Сол себепті халықтың фитнес орталықтарға деген қызығушылығы да артқан. Қалтасы көтерсе жас та, кәрі де жайлы жаттығу залдарына барғанды қош көретіні рас.
Таяуда ғана «Аламан» футбол алаңдары кешені де ашылып, жастар мәз-мейрам болған еді. Көптеген «Street workout» алаңшалары да тұрғындардың игілігіне берілді.

Кәсіпкерлер де қолдау көрсететін шақ

Елбасының халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа жұмылдыру тапсырмасы бар. Бұл – маңызды меже. Үшінші мегаполис болып жатқан қалада, тіпті, спорттың дами түсуі заңдылық.
Жалпы, қалада бұқаралық спортты дамыту үшін спорт сарайлары, ареналар көптеп салынуы тиістігін бұған дейін де талдап, өз ұсыныстарымызды айтқан едік. Бұл – туристерді тартудың да бір жолы. Яғни, спорттық туризмді дамыту үшін қазірден қолға алынуы тиіс шаруа бұл. Еңселі ғимараттарда әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізе алсақ, шетелден жанкүйерлер, спортшылар ағылып келмей ме?!
Тағы бір айта кетер мәселе – қазір бәсекенің заманы. Спорт кешендері нарыққа бейімделіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Оған тұрғындар да үйренгені жөн. Талап осы.
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Намазбай Әбдіқұлов та осыны меңзейді. Бұған жағдай бар. Енді тұрғындар да өз денсаулықтарына немұрайлы қарамай, уақытын текке өткізбей, спортпен шұғылданғаны жөн. Бағалар да әбден қолжетімді.
Әрине, бұл орайда кәсіпкерлердің де қолдау көрсететін сәті. Жоғарыда атап өткеніміздей, еңселі ғимараттар салуға, туған қаласына бұқаралық спортпен шұғылдануға жағдай жасауға атсалысқаны құба-құп. «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтылмаған. Таяуда ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының іске асуында кәсіпкерлер зор үлес қосқаны айтылды. Ендеше, осынау кезеңде қаламызда халықты, жастарды салауатты өмір салтына шақыратын жобалар мен спорт нысандарына деген көзқарас оң болуы тиіс.

why11

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.