«Бокс тарихына атымды жазып қалдырғым келеді»

Пятница, 24 Январь 2020 04:11 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1276 раз

2014 жыл. Мамыр айы. Сұлтан ініміз Болгарияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. Шымқалаға жете салысымен сұхбаттасуға асықтық. Екпіні тау қопарардай көкөрім бозбала екен. Сөздері нық. «Шымкент қаласында туып-өстім. Әкемнің айтуынша, былғары қолғапты үш жасымда киіппін. Боксқа келмей тұрып, кикбоксты жағаладым. Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиевтің ғаламат өнерін көріп, боксқа түбегейлі бет бұрдым. Әкем де кезінде каратэге үйірсек болған екен», – дейді жас өрен. Алдағы арман-мақсаттарын да бүкпесіз жайып салды.

554

– Бокста кімдерге еліктейсің?

– Кубалық екі дүркін Олимпиада чемпионы Гильермо Ригондоның өнері ұнайды. Мен өзім де солақаймын. Одан кейін украиналық Василий Ломаченконың бейнетаспаларын жиі қараймын. Қазір екеуі де кәсіпқой бокста жүр. Солардай болғым келеді...

Осылай деген. Содан бері бауырымыздың қадамы көз алдымызда. Әуесқой бокста бірқатар халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанды. ҚР Конфедерация кубогының иегері.
Уақыт сәтімен 2018 жылғы қазан айында кәсіпқой бокстың қайнаған ортасына сүңгіді де кетті. Содан бері міне, 9 жекпе-жек өткізіп, оның 7-де техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Жастар арасында әлем чемпионы атағына ие болды.

Әлеуметтік желіден аса ауыр салмақта әлем чемпионы, британиялық Энтони Джошуаның бауырымыз туралы жылы пікірін көзіміз шалды. Сұлтан Заурбекке сәттілік тілеп, өте жақсы «проспект» екенін атап өтті.

Алматыдан WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы болып оралған Сұлтанмен қайта жүздесіп, әңгімелестік. Қайда жүрсе де Шымкент қаласының мәртебесін асырып жүргеніне тәнтіміз. Лондон және Монако төрінде Шымкент жазуы бедерленген шолақ шалбармен шаршы алаңға көтерілгенінен жанкүйерлер хабардар.

Әуесқой боксқа қайта оралмаймын

– Титулдық жекпе-жекке Ұлыбританияда, екі ай көлемінде дайындалдық. Мені кәсіпқой боксқа баптап жүрген Анхел Фернандес деген маман. Бүгінде ол әлем чемпионы Энтони Джошуаны да жаттықтырады. Британияның кәсіпқой боксшыларымен көптеген спарринг өткіздік. MTK global компаниясымен келісімшарт жасасқаным дұрыс шешім болғанын байқап отырмыз. Бұл промоушеннің бір ерекшелігі, басқаларға қарағанда жекпе-жек көп ұйымдастырады. Ай сайын бір бәсеке. Бір жылда 6 жекпе-жекке шығарды. Кей боксшылар жылына бір жекпе-жектің өзін әрең өткізіп жататынын білесіздер. Жалпы бұл компания мені кәсіпқой бокстың биігіне тезірек шығару жолында жақсы қадамдар жасап келеді, – деп бастады әңгімесін Сұлтан ініміз.

Бір жарым жылдың ішінде көп жайтты байқаған. Осы уақыт аралығында кәсіпқой боксқа толық төселіп келеді. Бокс мәнері өзгерген. Бұрынғы бапкері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов та жарыстан кейін осы ойды қуаттаған. Шәкірті Лондонда жүрсе де ақыл кеңестерін айтады.

Ұлыбритания – бокстың отаны. Бауырымыз аз уақыттың ішінде кәсіпқой бокстың қыр-сырын түсінген. Енді әуесқой боксқа қайтпайтынын да жеткізді. Әуесқой бокстағы дәурен артта қалды.

– Екі жақта да жүрген жігіттер бар. Менің енді артқа қайтпайтыным анық. Оған қоса бокс мәнерім де өзгеріп кетті. Әркімнің өз жолы бар. Олимпиадаға қатыспай-ақ, әлем чемпионы болып жатқандар өте көп. Мэнни Пакьяо, Сауль Алварес, мәселен. Жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдесін олжаладым. Шүкір деймін. Әттеген-айы, Олимпиада ойындары. Өмірде бәрі ойыңдағыдай бола бермейді екен, – дейді бауырымыз.

«Джошуа бірге жұмыс істейік дейді»

– Қазіргі аса ауыр салмақта әлем чемпионы Энтони Джошуа сені жақын тартқанын көріп қалдық...

– Иә, екеуміздің бапкеріміз бір ғой. Келешекте бір лагерьде жұмыс істейміз деген жоспар бар. Сондай әйгілі адамдардың қасында жүру, жаттығу шабыт береді. Бір жағынан, көзге түсудің мүмкіндігі. Энтони Джошуа – өте қарапайым жігіт. Бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрамыз. «Кел, біздің командаға қосыл» дейді. Болашақта қосыламыз деген ойдамын. 2020 жылы соның кардында жекпе-жек өткізуім де мүмкін. Қазір бапкерім екеуміз келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ол жекпе-жекті сәуір айында көріп қаларсыздар.

2020 жылды да жоспарлап қойдық. Бұйырса, жаз айында WBC, WBA International жоғары титул белбеуіне таласамыз деген ой бар. 2019 жылғы жоспарды орындадық. 2020 жылы 5 жекпе-жек өткізуім мүмкін. Қарсыластар да қарымды бола түседі. 2020 жылы 10 раундтық жекпе-жекті байқап көреміз. Бар мақсатымыз – әлем чемпионы атағына таласу. Промоутерім «Сен дайын болсаң, біз дайынбыз. Кіммен болса да жекпе-жек ұйымдастырып береміз» дейді. Бәрі маған байланысты болып тұр. Яғни, ол үшін бірінші тәжірибе жинап алуым керек.

– Осыдан 6 жыл бұрын Гильермо Ригондо, Василий Ломаченконың бейнетаспасын қарайтыныңды айтып едің. Қазір өзің де солардың көздеген мақсатында жүрсің.

– Әрине, қазір өзімнің де сондай мықтылармен жұдырықтасқым келіп жүр. Солақай болғаннан кейін, көбіне солақай боксшылардан керегімді аламын. Теренс Кроуфорд, Ломаченко, Мэнни Пакьяоның бәсекелерін қараймын. Бір айта кететін жағдай, енді Вася Ломаченкомен жұдырықтасқым келеді. Онымен қолғап түйістірсем, көп тәжірибе аламын. Әрі тәжірибемді, әрі сенімімді арттырып алуға болады. Қалай болғанда да өзіндік стиліммен тарихқа атымды жазып қалдырғым келеді. Боксқа кәсіп көзі ретінде ғана қарамаймын. Мен үшін бокс – өнер.

– Кәсіпқой бокс бір жағы бизнес болғандықтан, қыр-сыры көп қой. Жанкүйерлерің сенің қандай лақап атты иеленгеніңді білгісі келеді.

– Шынымды айтсам, өзімде әлі нақты бір лақап ат жоқ. Оны жанкүйерлерім тауып берсе деймін. Әркім әрқалай айтып жүр. Кейбіреулер «Кинг» деп айтады екен. Ондай лақап атты иеленгендер көп бірақ. «Танкі» дейтіндер де бар. Қазір Сұлтан Сүлеймен деген атпен шығып жүрмін. Сұлтан деген ат ағылшын тілінде патша деп аударылады екен. Бір жағынан Осман империясының билеушісі.

– АҚШ-қа кету ойда бар ма?

– Шыны керек, ондағы бокс мүлдем басқа. Онда шоуды, көбірек нокаутты жақсы көреді. Төрешілер де басқаша есептейді. Шаршы алаң да басқа. Рас, АҚШ-қа барғым-ақ келеді. Дегенмен, дәл қазір емес. Қазір кетіп қалсам, көптің арасынан көрінбей қаласың. Өйткені, боксшы көп. Танымал болу қиын. Біріншіден, Ұлыбританияның өзін бағындырып алуым керек. Атым шартарапқа таныла бергені дұрыс. Әбден дайын болғаннан кейін АҚШ-қа кетуге болады. Әуелі осы жақта рейтингілік жекпе-жектерді өткізіп, үздік елулікке кіріп алуым керек.

«Шымкентте кәсіпқой бокс кешімді өткіземін»

9895

– Елімізде кәсіпқой бокс қалай дамып жатыр?

– Өте жақсы. Елімізде МТК компаниясының филиалы ашылды. Асқар Салықбай деген ағамыз қолға алған. Бауырмал, өте білімді азамат. Бір жылда үш жекпе-жек өткізді. Нұр-Сұлтанда бір рет және Алматыда екі рет. Бүгінде кәсіпқой боксқа кеткісі келетін жастар өте көп. Бәрі де жетістікке жеткісі келеді ғой. Қазір оған мүмкіндік мол. Елімізде де, шетелде де.

– Үшінші мегаполис – Шымкентті әрдайым насихаттап жүресің...

– Шымкент – туған қалам. Туған жерімнің, өз елімнің патриотымын. Лондондағы жанкүйерлерім Шымкентті жақсы біледі. Әрдайым шолақ шалбарымда, бас киімімде «Шымкент» деген жазу болады. Ол не деп сұрайтындар бар. Туған қалам деймін. Туған жерімнің абыройын асқақтатып жүру – перзенттік борышым. Көбінесе шетелде боламын. Келген кезде өзгерістер бірден байқалады. Қала дамуға бет алған.

– Шымкентте кәсіпқой бокс кешін өткізгің келе ме?

– Әрине, көптен бері соны ойлап жүргенімді несіне жасырайын. Шымкенттің төрінде жанкүйерлеріме жеңіс сыйлағанға не жетсін?! Бейбіт Шүменов ағамыздың ізін басып келеміз. Жанкүйерлердің алдында өнер көрсетуге дайынмын. Бұл – болашақтың еншісіндегі іс.

Шымкентте кәсіпқой боксты дамыту, әрі бәсекелер ұйымдастыру бір жағынан туристерді тартудың бір жолы. Кәсіпқой бокс кештерін ұйымдастыру ұтымды әдіс. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында жиі өтеді. Боксты Шымкенттің халқы да жақсы көреді. Алла нәсіп етсе, 2021 жылы туған қаламда жекпе-жекке шығу ойда бар. Менеджерімнің өзі жиі айтады: «Болашақта титулды жекпе-жектің біреуін туған қалаңда өткіземіз» деп. Оған болашақта куә бола жатарсыздар.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.