Құралайды көзге атқан қыз Избранное

Пятница, 22 Январь 2021 04:34 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5008 раз

Халықаралық спорт жарыстарының жүлдегері Сәрсенкүл РЫСБЕКОВАНЫҢ есімі спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Жастайынан талай байрақты бәсекеден жүлделі оралған оның жеткен жетістігі мен алар асуы да аз емес. Стенд ату спортынан дүниежүзілік бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген мерген қызбен жуырда сұхбаттасудың сәті түсті.

650

 

– Сәрсенкүл Қанатқызы, 2019 жылы ел қоржынына Токио қаласында 2020 жылы өтетіні жоспарланған XXXII жазғы Олимпиада ойындарына 22-ші лицензияны салғаныңыз белгілі. Әрине COVID-19 вирусына байланысты былтыр Токио Олимпиадасы кейінге шегерілді. Жалпы дайындығыңыз қалай жүріп жатыр. Карантиндік шектеулерді спортшы ретінде қалай өткерудесіз?

– Пандемия Шымкент қаласының спорты мен спортшыларына оңай тиген жоқ. Көптеген жарыстар тоқтатылды және кейінге қалдырылды, кейбірі мүлдем өткізілмей қалды. Алғашында төтенше жағдай енгізіліп, соңынан бірнеше рет карантинге жабылған нысандар қатарында спорт үйірмелері де бар. Бірақ, соның бәріне қарамастан, дайындық қызу жүріп жатты, біз үйде қашықтан жаттығып, үй жағдайында жарыстарға дайындалдық және өз қалпымыз бен күйімізді сақтауға тырыстық. Өйткені спорттық форманы жоғалтпау маңызды. Біздің жаттықтырушылар мен спортшылар бүкіл әлемде болып жатқан бұл жағдайға тез бейімделіп, икемделді. Пандемия кезінде жалпы және арнайы дене дайындығы бойынша жұмыс қашықтан қарқынды жүргізілді. Стенд ату спорты – техникалық спорт түрлерінің бірі. Сондай-ақ, міндетті түрде психологпен жұмыс жүргізіледі. Өзін-өзі дамыту мен психологиялық ахуал бойынша көп жұмыс жасаймыз. Себебі спортшыны дайындау барысында бұл оның дайындығының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Спорт – көңіл көтеру емес, жаттығу-шынығу дегенді білдіреді. Ал саламатты өмір салтын ұстанудың түпкі мақсаты – иммундық жүйені көтеру. Иммундық жүйе бұл бір жағынан спортшыларды вирустан қорғайтын қарудың бірі десек те болады. Ауырмау, тап болған ауруды жеңу үшін қайрат қажет болса, қайратты қалыптастыратын – спорт, сондықтан індетпен күресте тек дәрі-дәрмек емес, саламаттылықты, спортты насихаттаудың да маңызы зор.
– Кейде «Стенд атудың несі спорт? Тұрасың да ата саласың. Жүгірмейсің, секірмейсің, ұрмайсың» деген пікірлерді естіп қалып жатамыз. Жалпы бұл спорт түріне қалай келдіңіз?

– Нысанаға дөп тиген әрбір оқ өзім шұғылданатын спорт түріне деген сүйіспеншілігімді шабыттандыра түседі. Бұл спорт түріне (стенд ату) мен 13 жасымда келдім, оған дейін спортпен шұғылданып, би биледім. Бір күні әкем мені спортпен түбегейлі айналысуымды ұйғарды және стенд ату спортына баруға кеңес берді. Бірінші күні атыс алаңында қызықты және аздап қорқынышты болды. Шынында да, ешқашан қолында спорттық қару ұстамаған бала үшін атуға тырысу ерекше әсерлі болды. Бірақ мен алғаш рет атқан кезде маған өте ұнады. Содан бері міне бұл спортпен айналысып жүргеніме 9 жыл болыпты.

651

 

–Оның басқа спорт түрлерінен ерекшелігі неде?

– Басқа спорт түрлерінен басты айырмашылығы – стенд ату жас талғамайды. Көптеген танымал спортшылар отыз жылдық межеден өтті. Бірақ әлі де спорттық аренада өздерінің жоғары спорттық шеберліктерін танытып, өнер көрсетуді жалғастыруда. Тенниспен, гольфпен қатар, стенд ату да ең қымбат және элиталық спорт түрлерінің ондығына кіреді. Сондай-ақ, стенд ату – олимпиадалық спорт түрі. Бұл спорт адреналинге толы. Егер сіз қолыңызға мылтық алып, ату алаңына бір рет келіп көрсеңіз, бұл жерден кеткіңіз келмей қалады. Ал елімізде аз уақыт ішінде жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін осы спортпен айналысамын деушілерге барлық жағдай тыңғылықты жасалған. Сондай-ақ, елімізде ату алаңдары халықаралық талаптарға сай салынған. Елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында стенд ату спортын қарқынды дамыған деуге әбден болады.

– Спортпен шұғылдану ең бірінші шыдамдылық пен қажырлы еңбекті талап етеді. Ал жеңіске жетуге сізді не нәрсе жігерлендіреді?
– Иә, күнделікті өмірде спортты сүйетін жандар көп. Әркімнің санасындағы спорт ұғымы – сан алуан. Расында да, көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей, өзіне ынтызар етер спорттың құдіреті жоғары деп ойлаймын. Бәріміз білетіндей, «спорт – денсаулық кепілі». Бастысы, талғампаз тәкәппәр өнерге шексіз беріліп, адалдық танытсаң берері мол – сиқырлы әлем. Маған спорттың бұл түрі өте қатты ұнайды. Қолыма қаруымды алып, нысанаға дөп тигізгенімді көргенде рахаттанамын. Спортқа келу бір бөлек, жетістікке жету бір бөлек. Катардағы XIV лицензиялық Азия чемпионатында мықты қарсыластар болғанына және әрқайсысы жеңіске жету үшін келгеніне қарамастан, мақсатым мен міндетім – Токио қаласында өтетін 2020 жылғы XXXII жазғы Олимпиада ойындарына олимпиадалық лицензия жеңіп алу болды. Олимпиадаға лицензия алғанымды айтқан кезде қатты қуандым, бұл әрине біздің спортқа қосқан үлкен үлесім деп білемін. Спорттағы басты арманым – Олимпиада ойындарына қатысу. Бүкіл жаттықтырушылар құрамына және менің бастамаларым мен жеңістерімде қолдау көрсеткендердің барлығына үлкен алғысымды білдіремін. Алда бізді үлкен дода күтіп тұр. Токио Олимпиадасы қазіргі ең үлкен мақсатымның бірі. Әлемдік жарыстарға қатысып, ел намысын қорғауды сеніп тапсырған соң, жанкүйер сенімін жоғалтуға болмайды. Олимпиада – спорт залында бірнеше жыл төгілген тердің қайтарымын көрсететін сәт. Еліміздің атын шығарып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғау үшін барымды салатын боламын. Бәлкім бұл менің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған тартуым болар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Другие материалы в этой категории: « Ұрпақ рухын ояту – спортпен байланысты