ЕМДЕУ ХАТТАМАСЫНДА ӨЗГЕРІС БАР Избранное

Пятница, 18 Ноябрь 2022 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 690 раз

Адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИТВ) тудыратын ауру әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне енгізілген. Сондықтан АИТВ-ны диагностикалау және емдеу толығымен тегін жүргізіледі. АИТВ инфекциясына тегін тексерілуге халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етуде енді ЖИТС-орталығына келмей-ақ, әр қала тұрғыны өзінің тіркелген емханасында анализ тапсыра алады.

809

 

Тексерілуге тоқталатын болсақ, азаматтар үшін ерікті және міндетті тексерілу жағдайлары қарастырылған. Міндетті тексерілуге жататындар: жүкті әйелдер (2 рет), олардың жұбайлары, донорлар, реципиенттер (3 рет), қамаудағылар, жыныстық жолмен жұғатын аурулар және басқа да клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштері бар пациенттер. Қан сынамалары ЖИТС орталығының диагностикалық зертханасында заманауи анализаторларда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала біліктілігімен расталған сезімталдығы және ерекшелігі бар 4 ұрпақтағы тесттермен жүргізіледі. Мұның артықшылығы – қан құрамындағы антиденелерге қоса, вирустық р24 антигені анықталып, ауруды ерте диагностикалауды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда орталық дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде әр түрлі шектеу шаралары енгізілгенімен, орталық жұмысы тоқтатылмай, барлық пациенттер қажетті дәрілік заттармен, зертханалық талдаулармен қамтамасыз етілді. Осы орайда, 2020 жылы ЖИТС орталығының зертханасы пандемия қиыншылықтарына қарамастан, республикада алғашқылардың қатарында, ҚР СТ ISO 15189-2015 «Медициналық зертханалар. Сапа мен біліктілікке қойылатын талаптарына» сәйкес аккредиттеуден өтті. Медициналық көмек көрсететін дәрігерлер Шымкент, Алматы, Астана қалаларында, сонымен қатар шет елдерде (Ресей, Украйна, Румыния, Корея) арнайы дайындықтан өткізілген. Атап айтқанда, 91 дәрігер және орта буынды медицина қызметкерлерінің 81 пайызы біліктілік санатты.
Медицинаның дамуымен қатар, АИТВ инфекциясын емдеу хаттамаларында жаңа препараттар қосылуда. Бұрын тәулігіне 2 рет қабылдайтын дәрілердің орнына 1 таблетка қабылдайтын схемалар енгізілуде. Нәтижесінде пациенттердің ем қабылдауына қолайлы жағдайлар жасалумен қатар, емнің тиімділігі, препараттардың жанама, кері әсерлері, резистенттік көрсеткіштері төмендеуде. Ал ем қабылдап жүрген пациенттердің денсаулығына диспансерлік қадағалауды жетілдіру мақсатында 2020 жылы заманауи электрондық микроскоп алынса, 2022 жылы демеушілердің қолдауымен иммунитет жағдайын анықтайтын ағымды цитофлуориметр іске қосылды. Бүгінгі күнде ретровирусқа қарсы терапия қабылдаушылар үлесі мен емнің вирусологиялық тиімділігі жағынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді. Осы орайда цифрландыру мен онлайн-қызметтер жағдайын айта кеткенді жөн санап отырмын. Пациенттер арнайы мобильдік қосымша арқылы өзінің медициналық картасын, кезекті дәрігерлік тағайындаулар мен зертханалық талдаулар нәтижесін алуда.
Белсенділігі жоғары препараттарды қолдану арқылы АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың жұбайларына, АИТВ әйелдерден туылған нәрестелерге және АИТВ пациенттерге профилактикалық ем жүргізілуде. Нәтижесінде 24 адамға қатынасқа дейінгі, 20 нәресте мен 19 адамға – қатынастан кейінгі профилактикалық ем тағайындалып, вирусты жұқтыруға жол берілмеді.
БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС бойынша біріккен бағдарламасында (ЮНЭЙДС) «2030 жылға қарай АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамдардың 95 пайызы өз мәртебесі туралы білуі тиіс; АИТВ-инфекциясы диагноз қойылған барлық адамдардың 95 пайызы антиретровирустық терапияны тұрақты алуы тиіс; антиретровирустық терапия алатын адамдардың 95 пайызында вирустық супрессия байқалуы тиіс» - деген мақсат қойылған. Осы үш мақсаттың соңғы екеуі – ЖИТС орталығының мамандарының көмегімен іске асырылуда. Бұған мекемеде толық жағдай бар. Ал бірінші мақсатқа жету үшін, әрбір ересек азамат кемінде жылына 1 рет АИТВ-ға тексерілуі қажет.

Талғарбек МЕЙРХАНОВ,
«ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы» МКҚК
бас дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.