ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУ ҮРДІСІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Среда, 14 Декабрь 2022 05:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 774 раз

Елімізде 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емхананы еркін таңдау науқаны жыл сайын өтеді. Науқан кезінде тұрғындар өздері тіркеуде тұрған емхананың жұмысына қанағаттанбаса, басқа емханаға ауыса алады. Не болмаса өз емханасы ішінде басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндігі бар.

80

 

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелген пациент учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылып, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, тіркелген емханасында скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмек пен емдеуге жатқызуға жолдама алады.
Шымкент қалалық №6 емханаға Самал-2, Самал-3, Шұғыла шағынаудандары мен Тельман бөлімшесінен 64 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Биыл еркін таңдау құқығын пайдаланып, медициналық ұйымға 4137 пациент тіркелді.
Емханаға таңдағанда басты ескеретін жайт – емхана үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Өйткені, барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді. Пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.
Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі қаралған алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында тіркелген күйі қалады. Ал науқан кезінде емханасын таңдаған пациенттер медициналық қызметті 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алады.
Қандай жағдайларда емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін?
-Жалған ақпарат берілген жағдайда;
- Пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған уақытта;
- Жалпы практика дәрігеріне бекітілген халықтың саны 1,7 мың адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда;
- Бекітілетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін.
Егер медициналық көмек көрсету сапасына қатысты сұрақтарыңыз болса, оларды өз емханаңыздағы Пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ыңғайлы байланыс арналары арқылы жүгінуге болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.

Айгүл ҚЫЛЫШБАЕВА,
Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.