Іргелі оқу ордасының тарихы тереңде. 1937 жылы мұғалімдер даярлайтын институт болып ашылған білім ордасы осы уақытқа дейін Шымкент қаласымен бірге түрлі даму сатыларынан өтіп, бүгінде тарихы мен болашағы сабақтасып жатқан заманауи университетке айналды.
ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Президенттің жастардың болашағына, жастардың сапалы білім алуына, елге адал қызмет етуіне зор мән беретінін атап өтті. Мәлік Нұржанұлы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің арнайы құттықтауын да оқып берді.
Оқу ордасының қалыптасуына еңбек сіңірген бірқатар қызметкерлерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табыс етілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы да ізгі тілегін жеткізді.
– Халқымыз Әділетті Қазақстан, ашық әрі әділетті қоғамның төңірегінде топтасуда. Осынау мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен, ұлт жаңа сапаға көтерілуі тиіс. Демек, ұлттық жаңғырудың, жаңа өзгерістердің сәтті жүзеге асуы – отандық білім беру ісінің дамуына тікелей байланысты. Осы орайда, болашақ ұстаздарды даярлайтын беделді оқу орны ретінде ОҚМПУ ерекше рөл атқармақ, – деді қала әкімі.
Ұжым ардагерлерін, ұстаздарды айтулы мерекемен құттықтаған шаһар басшысы бірқатар қызметкерлерді алғыс хатпен марапаттады.
Жиында ұлтымыздың мақтанышына айналған ақын Мұхтар Шахановқа оқу орының «Құрметті профессоры» атағы берілді. Бір кездері оқу орнын басқарған ұлағатты ұстаздар Әбдімәлік Әшіров, Оңалбай Аяшев, Жарылқасын Оңалбек оқу орнының «Құрметті ректоры» атанды.
Айта кетсек, қазір университеттегі 6 факультетте білім беру бағдарламаларын даярлайтын 19 кафедра, 1 сервистік кафедра жұмыс істейді. 703 қызметкер еңбек етеді. Университеттің білім беру базасы жылдан-жылға жаңарып, озық технологиялармен жабдықталған.