ҚХА құрылымдары ел игілігіне қызмет етеді

Среда, 01 Февраль 2023 10:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1114 раз

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік бағытындағы мемлекеттік саясат аясында елімізде саналуан этностар тату-тәтті бірге ғұмыр кешіп келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, Шымкенттегі миллионнан астам тұрғынның ұлттық құрамы бойынша 70 пайызға жуығы мемлекет құраушы қазақтар болса, қалған бөлігін өзге этнос өкілдері құрайды.

Қала аумағында 80-нен астам шағынаудан мен тұрғын алаптың 23-інде этностар жинақы қоныстанған. Бұл өз кезегінде қаланың этномәдени профилі көп мәдениеттілігімен ерекшеленетінін көрсетеді.

Қазақстанда 15-тен астам ірі және 100-ден астам шағын этностық топ тұрады. Тілі, діні және мәдениеті мен өмір салты бір-бірінен ерекшеленіп тұратын ел азаматтарын ортақ азаматтық пен ортақ құндылықтар біріктіреді.

Baikonakov

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық құрылымдар ел игілігіне бағытталған байсалды бастамалардан шет қалған емес. Атап айтқанда, қаламыздағы 17 этномәдени бірлестік пен қалалық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі сынды құрылымдар елдігіміз мен біртұтастығымызды көрсетер ілкімді істерге әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Қоғамдық құрылымдар қоғам мүшелерімен ашық байланыс орнату, этностық сипаттағы мәселелерді тыңдау және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытында 2022 жылы тұрғын алаптар мен шағынаудандарда – 92, оқу орындарында – 74, этнос көшбасшыларымен – 23, геосаяси ахуалға қатысты этнос белсенділерімен 15 кездесу өткізіп, мақсатты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Былтыр қалалық ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің әлеуетімен жүзден астам қоғамдық-көпшілік іс-шара үйлестіріліп, өткізілді. «Қазақтану» жобасы аясында – 7, мәдени алуандықты сақтауда – 7, халықаралық байланыстарды нығайтуда 3 жоба іске асты.

Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері шаһардағы мигранттар шоғырланған базарлар мен нысандарда бірнеше кездесу ұйымдастырды. Заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және бекітілген ортақ қоғамдық нормаларды ұстану жайы ұғындырылды. Этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтардағы 324 коммерциялық нысанның сыртқы жарнамасы мен маңдайша жазуына зерделеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктер негізінде салалық басқарманың ықпалымен 153 нысанға олқылықты реттеу туралы нұсқама берілді.

Қоғамдық келісім кеңесінде қаралған мәселелер бойынша мекемелер мен ұйымдарға 46 ұсыным берілсе, Аналар кеңесі жас буынның тәрбиесіне бағытталған тәрбиелік жиындарды жастар аудиториясымен өткізді.

ҚХА медиаторларының ықпалымен этнос өкілдері арасында орын алған 12 даулы мәселе реттеліп, тараптар ортақ келісімге келді. Белсенді медиаторлар мен кеңес мүшелері этностар арасында орын алған жағымсыз жағдайлардың мән-жайын анықтауға жұмылдырылды. Қоғамдық құрылымдардың өкілдері этномәдени бірлестіктермен бірге қайырымдылық жұмыстарын үйлестіруге айрықша атсалысты. Бұл бағытта былтыр 12,5 млн теңгенің көмегі мұқтаж жандарға табысталды.

Биыл Шымкентте қалалық ҚХА жанынан Ақсақалдар кеңесі жұмысын бастайды. Консультативтік-кеңесші орган ретінде кеңес қазақстандық бірегейлікті нығайту, қоғамдық келісім мәселелері бойынша мемлекет пен қоғамның «кері байланыс» тетіктерін ұйымдастыру бойынша жұмыс істеп, этносаралық қарым-қатынас саласындағы мәселелер негізінде ұсынымдар әзірлейді. Кеңестің мақсаты – жалпыұлттық бірлікті нығайту, ортақ құндылықтарды дәріптеу және өзекті мәселелерді шешуде берекелі бірлік жолын жалғап, пайымды парасатпен ортақ диалог алаңын орнату.

Ербол БАЙҚОНАҚОВ,
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім»
КММ басшысы

Последнее изменение Четверг, 02 Февраль 2023 04:04
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.