Жастардың тілі неге шұбарлануда? Избранное

Среда, 29 Март 2023 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1740 раз

Тіл — адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениетті, қоғамның белсенді азаматы болуды адамзат тіл арқылы үйренеді. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Даналарымыздан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Алайда осы сөзді біз тереңірек түсініп жүрміз бе?

904

 

Бүгінде ана тілге деген жанашырлық аз. Келешегіміздің сөйлеу мәдениеті мүлдем басқа арнаға ауысып бара жатқандай. Жастарымыз сөйлескенде бірауыз сөздің өзін кібіртіктеп, ойланып, әрең жеткізеді. Қазақша сөздерге орысша жалғау жалғап, өз тілімізде баламасы бола тұра кірме сөздерді шектен тыс көп пайдаланып, тіпті қалыптасқан сөз тіркесінің орын тәртібін бұзып, қолданып жүргендер бар. Иә, аға буын арасында білімді өзге тілде алып, ана тілінен алшақтап, бата мен тілектің жөн-жорасын ажырата алмай жүргендер бар. Десек те, егеменді елде туып, өсіп-өніп отырған жастардың тілді шұбарлап сөйлеуіне не жорық? Қазақтың сөзін орнымен қолданып, сөйлем құрылымын дұрыстап, ойын анық жеткізуіне не кедергі? «Үштілділіктің кері әсері бұл» дейтіндер де табылады. Дегенмен, өсіп-өну үшін, ғылым мен техниканы меңгеру үшін көп тіл меңгеру — қажеттілік. «Тіл үйреніп, қойыртпалатып сөйлеңдер» деген ешкім жоқ. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген Қадыр Мырза Әли ағамыздың өлеңінің мәнін түсінуден қалғандаймыз.
Кез келген тілдің лексикасы әдеби және бейәдеби болып екіге бөлінеді. Осы бейәдеби тілге жастардың жаргон мен сленг сөздерін жатқызуға болады. Жаргон (франц. jargon) — шағын әлеуметтік топта қолданылатын, ешқандай жеке тілдік дербестігі жоқ, жалпыхалықтық тілдің тармағы. Сленг (ағыл. slang ) — белгілі бір ортада қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды сөздер. Жастар арасында қолданылатын көңілге қонымсыз, құлаққа жат жаргон сөздер бүгінде олардың санасын улап бара жатыр. Ал, бұл сөздер жастардың көретін, оқитын, мәлімет алатын дереккөздеріне байланысты қалыптасып отыр.
Тілді шұбарлау — оны білмеуден де қатерлі. Бүгінде жаһандану дегенді алға тартқан ірі державалар өз саясаттары мен дәстүрлерін сөз саптауларымен, түрлі атауларымен қоса қажымай-талмай тықпалап жатыр. Мұндай жағдайда біз елдің шекарасын қалай күзетсек, ана тіліміздің де тазалығына солай қырағылық танытуымыз қажет. Әрбір азамат жауапкершілікпен қарап, тіл тазалығын сақтауды өзінен бастауы керек. Ешбір қажеттілігі жоқ жерге шет тілінің терминдерін тықпаламасақ, тіліміздің шұбарлануына жол бермес едік.
Қорыта келе, ана тіліміздің құндылығын арттыру, жастардың тілдік білімін жетілдіру, патриоттық сезімін күшейту, салт-дәстүрімізді дәріптеуден шаршамау, жалған ұранға бой алдырмай, қолдағы барымызға бағалау – маңызды міндет. Сонымен қатар, мекемелердің атауларын, көше, күре жолдар бойындағы жазбаларды тек қазақ тілінде дұрыс жазу дағдыға айналуы тиіс. Тренд, мода, заманауи деп жаһандану заманына жұтылмай, қазақ екенімізді көрсететін, дәстүрімізді дәріптейтін қысқа да нұсқа, керемет мән-мағына беретін атаулармен толықтырылса; жастарға рухани тәрбие беретін батырлар жырынан үзінділер, қоғам қайраткерлерінің тыңнан жол табатын қасиеттерін үлгі етіп отыратын кинофильмдер көптеп шығарылса; Отандық телеарналардан көрсетіліп жүрген тіл тазалығы сақталмайтын түрлі ток-шоуларғы тыйым болса деген тілек бар. Еліктегіш, бір тілдің байыбына бармайтын жастарға ойы ұшқыр, зейінді, алғыр, ана тілінде анық сөйлейтін замандастары үлгі болса дейміз. Қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, ана тілін ардақтайтын азаматтардың қатарын арттырған абзал.

Ақтолқын ЖАМАНТАЕВА,

М.Әуезов атындағы ОҚУ Тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі,
педагогика ғылымдарының магистрі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.