ЖАС ЭКОЛОГТАР ЖАРЫСТЫ

Среда, 26 Апрель 2023 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 933 раз

Табиғат – бізді қоршаған орта. Табиғатсыз, яғни ауасыз, сусыз, тамақсыз адам баласы өмір сүре алмасы анық.

 

Табиғаттың ерекше қасиеті – ол өзінің бөліп шығарған қалдығынан адамның көмегінсіз-ақ өзін тазартып ала алады. Ал, адам баласының іс-әркеттерінен болған өзгерістер мен қалдықтардан, керісінше, табиғат уланып, ластанады. Ал, табиғат қорғау дегеніміз — табиғат ресурстарын пайдалана отырып, оны пайдаланудың тиімді жолдарын іздеу, қайта түлету, бүліну мен ластанудан сақтау.
Шымкент қаласы білім басқармасының Экология, өлкетану және туризм орталығы 18-19 сәуір күндері «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің республикалық форумының қалалық кезеңін ұйымдастырды. Форум қаламыздағы жалпы білім беретін мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының оқушылары, білім алушылары арасында өтті. Қатысушылар «Қазақстанның флорасы мен фаунасының 3D атласы», «Zhasyl El», «Экотеатр», «Eko-Bolashak», «GREEN OASES» және «Туған өлкенің бояулары» аталымдары бойынша бақ сынады.
«Табиғатты аяла» қалалық форумына мектепішілік кезеңінен іріктелген 50 жалпы білім беру орта мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарынан 250 оқушы қатысты. Форумға түскен жұмыстарды ОҚМПУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, Шымкент университеті, Ж.Тәшенов университеті, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты, Балалар өнер мектебі, Орталық Азия Инновациялық университеті, Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінен келген педагогтар, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының қызметкерінен құралған қазылар алқасы бағалап, ауқымды сайыстың жеңімпаздарын анықтады.
Форумның жеңімпаздары мен олардың жетекшілері Экология, өлкетану және туризм орталығының алғыс хаттарымен марапатталып, оқушыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Қалалық форум жеңімпаздарынан іріктелген топ Шымкент қаласының атынан форумның республикалық кезеңіне жолдама алды. Республикалық кезең маусым айында Астана қаласында өтпек.

Ж.ИСМАИЛОВА,
Экология, өлкетану және туризм орталығының бөлім меңгерушісі,

А.НАЖМІДІН,
орталық әдіскері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.