ШАПЫРАШТЫ МЕН ӨТЕМІС Избранное

Среда, 12 Июль 2023 04:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 615 раз

Жергілікті кәсіпкерлер туған жерін түлетуде

Қаратау ауданында елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандар, спорт алаңшасын салу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Биыл ауданда 34 спорт алаңшасын пайдалануға беру жоспарланған. Аудан аумағындағы Шапырашты және Өтеміс тұрғын алаптарында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз-туры ұйымдастырылды.

553

 

БАҚ өкілдері алдымен Өтеміс тұрғын алабына барды. Онда 1700-ден астам адам қоныстанған. Тұрғын алапта Жастар көшесі бойындағы ашық үлкен спорт алаңшасы мен аяқжол құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары екі ай бұрын басталған еді. Жауапты мердігер «Даулет» ЖШС құрылыс жұмыстарын тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Өтеміс тұрғындары балалардың бос уақытын тиімді ұйымдасыруға спорт алаңшасын салуға өтініштерін жеткізген. Осыған байланысты «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында әлеуметтік нысан құрылысы қолға алынды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аяқжол да салынуда. Футбол және баскетбол алаңы құрылысына жергілікті бюджеттен 27 млн теңге қаралған. Аудан әкімінің орынбасары Құдайберген Қалдықараевтың айтуынша, биыл Қаратау ауданында абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 1,46 млрд теңге қаржы бөлінген. Спорт алаңшадан елді мекенге дейінгі жол бойына аяқ жол құрылысы да тамыз айында тұрғындар игілігіне беріледі.
Ал Шапырашты тұрғын алабында халық саны – 1321. 1 мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 ФАП, 2 жекеменшік балабақша бар. Қазіргі таңда тұрғын алапта Б.Төлебаев көшесінде жеке кәсіпкерлер есебінен "Sarybai"спорт кешені құрылысы қарқын алған. «Айдын» ЖК есебінен салынып жатқан әлеуметтік нысан қыркүйек айында тұрғындар игілігіне тапсырылады. Онда ауыл балалары 5 спорт түрінен (дзюдо, еркін күрес, қазақша күрес, бокс, каратэ) тегін жаттығады. Жоба құны – 168 млн теңге. 1000 балаға арналған спорт нысаны жан басына қаржыландыру жобасы бойынша жұмыс істемек.
Аудан әкімінің орынбасары Азамат Парманов елді мекенді көркейтуде жергілікті азаматтар белсенділік танытып жатқанын атап өтті. Туған жерді түлету – әрбір азаматтың перзенттік борышы. Аумағы 40 сотық спорт кешенінің әлеуеті зор.

554


– Спорт кешенін салуға бастамашы болған – осы елді мекеннен шыққан азаматтар. Бірі жерін берсе, екіншісі құрылысты жүргізуді қолға алған. Әкімшілік тарапынан құжаттарын реттеуге жәрдемдестік. Келешекте қасынан жабық футбол алаңын салу жоспарда бар. Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылады. Осылайша жергілікті кәсіпкер азаматтар өз ауылын көркейтіп жатыр, – дейді А. Парманов елді мекен тұрғындарының ұйымшылдығын атап өтіп.
Спорт кешенінде жаттықтырушыларға да жағдай жасалып, арнайы бөлмелер қарастырылған. Шапыраштыға балалар ойын алаңшасы, спорт алаңшасы салынды. Барлық көшелер асфальттанды. Көшелер жарықтандырумен қамтамасыз етілген. Мәдениет үйі жұмыс істеп тұр.
«Қарттардың өсиеті болмаса, жастардың қасиеті болмайды». «Шапырашты» мәдениет үйінде ауыл ақсақалдарымен кездестік. Елді мекеннің төбе биі Нұрмахан Бекбосынов елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза. Алдымен спорт нысаны құрылысын жүргізіп жатқан кәсіпкер азаматтарға алғысын айтты.

555


Тағы бір тағылымды іс – елді мекен ақсақалдары, жастары ішімдіксіз ауыл бастамасын көтеріп, учаскелік инспекторлармен бірлесе осы бағытта ілкімді іс-шаралар атқаруда.
– Қазіргі уақытта қолға алған жұмыстар көңілдегідей. Аудан әкімдігі 9 көшемізді асфальттап берді. Жаңадан салынып жатқан спорт кешенінен чемпиондар шығады деген үмітіміз бар. Елге пайдасы тиетін мықты азаматтарды тәрбиелейтін бірден-бір орын ғой. Біздің ауылдан бөлек, Сайрам тұрғын алабынан да жастар келеді деген жоспар бар. Бәрі де жарасымды. Бүгінде ауылымызда ішімдік сатылмайды. Осындай тағылымы мол жастар бастамасын ақсақалдар қолдай кетті, – дейді ауыл төбе биі ризалығын жеткізіп.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері Шапыраштыда ешбір қылмыс тіркелмеген. Бұл енді өзгелерге үлгі боларлық тағылымды іс.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.