Диірменнің тасы қатты, ұны тәтті Избранное

Пятница, 21 Июль 2023 06:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 770 раз

traktor

Елімізде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған» Ұлттық жоба қабылданып, осы құжат шеңберінде саланы өркендету бағытында тындырымды тірліктер атқарылып келеді. Ұлттық жобаның мақсаты – еңбек өнімділігін екі есеге арттырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайту, ішкі нарықты әлеуметтік азық-түлік тауарларымен қамту арқылы агроөнеркәсіптік кешенін құру болып табылады.

Шымкент мегаполис деңгейіне жеткен қала болғанымен, оның да өзін азық-түлікпен қамтуда салмақты үлес қосып отыр. Қала айналасындағы елді мекендерде мал ұстап, егін салғаннан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, қала экономикасының ілгерілеуіне үлес қосып отырған кәсіпорындар бар. Осыған орай мемлекет қабылдаған ұлттық жобаның Шымкент қаласында орындалуы, халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, шаруаларды қолдау жайын қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров баяндап берді.

Басқарма басшысының айтуынша, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жобасына сәйкес, 2023 жылғы 11 индикатор бекітілген. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру, осы салада еңбек етіп отырған шаруалардың еңбек өнімділігін жоғарылату, өнім экспорты мен қайта өңделген тауарлардың саудасын күшейту, мал экспортын ұлғайту, алма бауы, тауық еті мен жұмыртқа өндірісін қолға алу секілді көрсеткіштер бар. Ә.Жанбатыров баяндағандай басқарма 6 айда көзделген межені ойдағыдай орындап шығыпты.

Қала аумағында 6 мыңға жуық шаруа қожалығында 7 мыңнан астам тұрғын еңбек етеді. Шаруалардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады екен. Атап айтқанда,олардың ішінде қожалықтардың 785-ке жуығы мал шаруашылығы, 6-уы балық, 4 құс шаруашылығы және 25 омарта шаруашылығымен айналысады. Мал шаруашылығымен айналысатын 32 шаруа қожалыққа мал басын асылдандыру бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді.

Осы жылдың қаңтарынан маусым айына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 20,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,8 млрд теңге артыпты. Ал, тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 3,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Ірі қара малдың орташа салмағы 472 келіні құрап, құс етінің көлемі 1,2 мың тоннаға жетіпті. Сондай-ақ, қала аумағында орналасқан 209 гектар жылыжайда қызанақ, қияр, басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, маусымаралық кезеңде қаланың сауда нүктелерінен бөлек, еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізіліп жатыр.

pomidor

 

Басқармаға қойылған тағы бір міндет – әлеуметтік маңызы бар ауыл шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қоса, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін алдын ала шараларды жүргізеді. Ресми статистикаға сүйенсек, Шымкент халқы жылына әлеуметтік маңызы бар 500 мың тонна азық-түлік тұтынады. Елімізде әлеуметтік азық-түлік ретінде 19 тауар белгіленген. Оларға ұн, нан өнімдері, дәнді дақылдары, сүт өнімдері, өсімдік майы, қант тағы басқалар кіреді. Оның ішінде, шаһардың өзі ұн, макарон өнімдері, күнбағыс майы мен тауық жұмыртқасын толық өзі өндірсе, ал сүт өнімдерін, құс және сиыр етінің, көкөністің жартысына жуығын ғана қамти алады. Қант, күріш, тұз бен қарақұмық секілді жармалар Түркістан мен өзге өңірлерден әкелінген. Арасында көрші елдің тауары да дүкен сөрелерінен табылып тұр. Басқарма басшысы мұны нарық заңдылығы деп түсіндірді.

Қала аумағында жалпы, 27 мың гектар жер болса, биыл оның 26,8 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 10,9 мың гектарға дәнді-дақыл, 3,4 мың гектарына майлы дақыл, 3,0 мың гектарға көкөніс және бақша өнімі, 0,5 мың гектарға картоп және 9,0 мың гектарға мал азықтық дақылы бар. Осы егістік алқапта көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен 500 тонна жанар-жағармай қарастырылып, 28 шаруа қожалыққа 360 тонна жанар-жағармай үлестіріліпті.

Қаланың ауыл шаруашылығы саласында атқаратын тағы бір міндетінің бірі – ұсақ шарушылықты біріктіру арқылы өнімділік көрсеткішін арттыру. Өткен жылдан бастап шаһарда кластерлі жобаларды қолға алу мәселесі қаралған. Басқарма басшысы қаладағы 5 аудандағы шаруалармен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін жыл басынан бері 62 кластерлік жоба іске асырылған. Жыл соңына дейін мұндай жоба санын 92 -ге жеткізу мақсаты тұр.

–Шаруалармен кездесу барысында қала аумағында суармалы жердің шектелуіне байланысты суды аз тұтынатын, бірақ, мол өнім беретін дақылдарды егуді ұсындық. Бұл жөнінде мамандармен бірлесе 15 семинар-тренинг өткіздік. Осындай семинарлар аясында құлпынай   шаруашылығы, салатқа қажетті өсімдіктерді өсіру, омарта, балық және сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту жөнінде кеңестер болды, – дейді басқарма басшысы Ә.Жанбатыров.

Өз кезегінде мал шаруашылығы саласында оң өсім байқалады. 2023 жылдың 6 айында ірі қара мал саны 67,3 мың бас, қой мен ешкі- 80,7 мың, жылқы 10,8 мың, құс 807,6 мың басқа жетіп, өнімділік 6 пайызға артқан. Нәтижесінде 4,5 мың тонна ет, 31,3 мың тонна сүт, 118,1 млн дана жұмыртқа өндірілген. Ал, мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 17,2 млрд. теңгені құрапты. Осы жетістікті әрі қарай дамыту үшін басқарма тарапынан биыл 16 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Яғни, қалада биыл 2 жылыжай, 4 көкөніс қоймасы, бір құс фермасы мен мал бордақылау алаңы, 2 сүт ферма мен 1 жем өндіретін цех, 3 сүт өңдейтін жоба мен 3 көкөністі қайта өңдейтін кәсіпорын ашылмақ. Бүгінге дейін оның үшеуі ашылып, іске қосылған.

Бүгінде қала халқын азық-түлік тапшылығын болдырмау және баға қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорына 8,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Тиісті министрлік тарапынан бекітілген ережеге сәйкес, қаражаттың 70 пайызы тауар өндірушілерге, қалған 30 пайызы сауда желілерін қолдауға жұмсалады. Бүгінгі таңда, көкөніс өнімдерін сататын 100 жылжымалы әлеуметтік сауда орындары белгіленіп, орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

–Ондай кәсіпорындарға ұн, жұмыртқа, нан, сиыр мен тауық еті, картоп, сәбіз, қырыққабат өндіретін мекемелер жатады. Сонымен бірге, «Грамад» пен «Магнум» сауда желілеріне 0,1 пайызбен айналым қаражаты берілді. Нәтижесінде қазір қала аумағында 200-ден астам сауда орнындағы әлеуметтік сөрелерде 19 түрлі азық-түлік өнімдері арзан бағада сатылып жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін әлеуметтік сауда орындарының саны 300-ге жеткізілетін болады, – дейді басқарма басшысы.

Әкімдік тарапынан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауын болдырмау және делдалдардың қызметін реттейтін арнайы комиссия құрылған. Арнайы топ бүгінге дейін 50-ге жуық жиын өткізіпті. Оның құрамында әкімдік мүшелері, бәсекелестікті қорғау секілді құзырлы органдар мен департамент өкілдері бар. Жұмысшы топ сауда орындарында тауар үстіне қоятын құнды тым қымбаттатып жібермеуін қадағалайды. Олар үй маңындағы, базарлар мен дүкендер, сауда нүктелерінде бағаның негізсіз өсіруін болдырмауды бақылайды.

tauik

 

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауын болдырмау бағытында қала аумағында орналасқан сауда-логистикалық орталығы құрылысының үшінші кезеңі жүзеге асып жатыр. Онда 22 жобаға сай инвесторлар азық-түлік өнімдерін сақтауға ниет білдіріп отыр. Бүгінде маусымаралық кезеңде 80 мың тонна азық-түлікке қажеттілік туындаса, қала соның 35 мың тоннасын қаптайды. Ал, сауда-логистикалық орталықтың құрылысы аяқталса, өнім тапшылығы бұрынғыдай болмасы анық.

Логистикалық орталық азық -түліктің мол қорын жасақтаумен бірге Түркістан облысы мен көрші Өзбекстаннан келетін маусымаралық ерте тісетін өнімдерді сақтауға, қайта өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасайды. Осы орайда, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалдық аймағының құрылысы қарқын алған. Бұл аймақта ауыл шаруашылығы өнімдері қайта өңделіп, импорт үлесін азайтып, қала халқын дайын өніммен қамтып, экспорт үлесін арттырады. Бүгінде 132 гектар аумақты алып жатқан индустриалды аймақта 8 жобаны жасақтау жұмысы басталып кеткен.

Ауыл шаруашылығы бағытына көңіл бөлген кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау да қаралған. Егер кәсіпкер жобасын іске асыруға екінші деңгейлі банктен қаражат қарыз алса, пайыздық субсидиялау бағдарламасына сәйкес несиенің 10 пайызға жуығын мемлекет төлеп береді. Одан бөлек, инвестициялық субсидиялау бағдарламасына сәйкес, көкөніс қоймасы немесе өңдеу кәсіпорындары, жылыжай кешенін салған жағдайда кеткен шығынның 25 пайызын мемлекет өтейді. Мұндай субсидия сатып алынған мал басына, тыңайтқыштар мен тұқымға да қаралған.

Қазіргі сәтте Шымкентте 50-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Мұндай іріленудің негізгі пайдасы – мемлекеттен жәрдем алуға тиімді болмақ. Мәселен, мемлекет қолдауының тәртібі бойынша мал саны кемі 50 бас болуы қажет екен. Мұндай міндетті іске асыру ұсақ шаруалардың қолынан келмесі анық. Ал, кооперативке біріккен жағдайда мал басы көбейіп, мемлекет тарапынан малдың жем-шөбі, одан алынған сүттің әр литріне, ет бағытында болса, әр келі еті үшін мемлекет субсидиялап, шаруашылықтың нығаюына барынша жағдай жасайды. Әсілінде агрқұрлым саласы кәсіпкерді шаш-етектен батырады деуге болмайды. Бірақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлемде мемлекеттік қолдау, яғни өңделген өнімді субсидиялау бар.Осыны біздің шаруалар мен дихандарда басқарма басшысы осы жайттерді айта келіп, алып шаһарда қажетті өнімдермен қамтуда мемлекеттік қолдаудың жалғаса беретінін жеткізді. Ал, бұл шаһарда бағаны ауыздықтау жәрдем берері анық.

 

Последнее изменение Пятница, 21 Июль 2023 07:01