ЕСКІ ҚҰБЫРЛАР ЖАҢАРЫП, АПАТ АЗАЙДЫ Избранное

Среда, 02 Август 2023 04:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 417 раз

Шымкентте биылғы шілде айы ерекше ыстық болды. Мұндай ауа райында қала тұрғындарының ауыз суды қолдануы әдеттегіден көп болуы заңдылық. Өйткені ішкенде адам жанын жайландыратын, тұрмыста тіршіліктің басты қайнар көзі болған ауыз судың үздіксіз берілуі қала тұрғындарына аптаптың біршама болсын жеңіл өтуіне ықпал етеді. Ал, үшінші мегаполисте сапалы ауыз судың тоқтаусыз берілуіне «Су-ресурстары Маркетинг» ЖШС-і жауапты. Аталған мекеменің қала тұрғындарына сапалы тіршілік нәрін жеткізу ісінде алға қойған жоспарлары және алты айда атқарылған жұмыстары жөнінде мекеме директоры Анарбек Орман баяндап берді. Есепті жиынға үй комитет төрағалары, тұрғындар, қала мәслихатының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен монополияға қарсы департаменті өкілдері қатысты.

704

 

Қала тұрғындарына сапалы ауыз суды жеткізіп отырған «Су-ресурстары Маркетинг» мекемесі нарықта 25 жылдан бері жеке серіктестік ретінде қызмет көрсетіп келеді. Шаһардағы 1 миллионнан астам халыққа үздіксіз су жеткізіп қана қоймай, канализацияның сарқынды суын тазалау қызметін де қоса атқарып отыр. Жыл сайын осы көрсетілген қызметтерден түскен табыстың 16 пайызын, яғни 2 млрд теңгесін бюджетке салық төлейді екен. Халыққа сапалы ауыз сумен қамту, сарқынды суды тазалау және су бұру жұмысын жандандырып, құрылғыларды жаңғырту үшін компания 2009 жылдан бері «Халықаралық қаржы ұйымы – Еуропалық Қайта Құру және даму» банкінен инвестиция тартқаннан кейінгі жұмыстар өз нәтижесін беріп, тозығы жеткен құбырлар жаңасына ауысты.
–Мекеменің жалпы меншікті қоры 55,5 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде 381 су арнасы, 4759 суды есепке алу жиынтығы, тұтынушыларға ауыз су жеткізіп отырған 1 929,6 шақырым су желісі, 463,1 шақырым кәріз жүйесі мен коллекторлар бар. Одан бөлек, тәулігіне 150 текше метр сарқынды суларды тазалайтын имарат пен сарқынды судан алынған тұнбаны қайта өңдеу арқылы биогаз негізінде жылына 3,5 млн кВт электр энергиясын өндіретін цех жұмыс істейді. Ал, сарқынды судың қалдығынан биогаз өндіру жобасы Орта Азияда тек Қазақстанда, оның ішінде Шымкент қаласында ғана жүзеге асырылып жатыр. Осы бірегей жобаның нәтижесінде қолданып отырған электр энергияның 70 пайызын өзімізде, яғни биогаздан өндіріп жатырмыз. Табысты жобаларды жүзеге асырудың арқасында инвестиция тарту ісі қарқынды жүруде. Осы жылдың алты айында 1,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл қаржы 6 бағыт бойынша жұмсалды. Мәселен, 356,5 млн теңгеге 9 890 құбыр желісі жаңартылып, кәріз желісін қайта құруға 264,6 млн теңге, кәріз тазалау құрылғысын жаңартуға 768,2 теңге, энергетикалық қондырғыларды енгізуге 369,1 млн теңге және жөндеу және қалпына келтіруді жобалау жұмысына 94,3 млн теңге жұмсалды, – деді Анарбек Оңғарұлы.

712


Қаладағы 18 шағынауданда су құбырының тозығы жетіп, апатты жағдай орын алуы жиілеген. Бұл мәселені шешу үшін «Су құбыры желілерін қайта құру бағыты» бойынша 305 метр аумаққа диаметрі 150 миллиметр құбыр тартылып, тұтынушыларға ауыз су үздіксіз берілетін болды. Сәуле шағынауданы Жабаев көшесінде де осыған ұқсас жағдай. Мұнда да тозығы жеткен құбырлар жаңасына ауысып, судың ластануының алды алынған. Қазыбек би көшесінің тұрғындары су тоқтап қалу жөнінде жиі шағымданып келген екен. «Су-ресурстары Маркетинг» мекемесінің зерделеу жұмысының нәтижесінде аталған аумақта жиі орын алатын апаттың себебі су желісінің шіруінен болғаны анықталған. Есепті кезеңде бұл аумаққа ұзындығы 476 метр, қалыңдығы 160 миллиметр су құбыры орнатылған. Қайта құрудан кейін бірде-бір апат тіркелмепті. Бүгінде Қазыбек би көшесіне тәулік бойы сапалы ауыз су жеткізіліп тұр. Сонымен қатар, тартылған инвестиция есебінен Айбергенов көшесіне ұзындығы 370 метр, Желтоқсан көшесінде 570 метр су желісі қалыңдығы 100 миллиметрлі су құбырына ауысқан. «Ақбай Қарасу» су қабылдағышының аумағындағы №2 суағарды толықтыру үшін ұзындығы 366 метр, қалыңдығы 500-1000 диаметр аралығындағы екі ұңғыма да осы инвестицияның игілігінің арқасында салынған.
–Қала әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан ірі инфрақұрылым жобалары біздің жұмыс жоспарымызға тікелей әсері бар. Өздеріңізге белгілі Қонаев даңғылының жалғасы ұзартылып, ені де кеңейтіліп жатыр. Осыған байланысты, Қонаев даңғылының ұзартылған бөлігінде орналасқан «Мерседес орталығынан» Быковский көшесіне дейін ұзындығы 218 метр аумаққа диаметрі 600 мм кәріз коллекторына көшіріліп жатыр. Бүгінде қаланың кәріз тазарту құрылыстарының қуаттылығы тәулігіне 150 мың текше метр болса, инвестицияның арқасында қуаттылық 50 мың текше метрге артып, 200 мыңға жеткізу құрылысы жүргізілуде, – дейді мекеме басшысы.
Халыққа жеткізіліп жатқан ауыз су зарарсыздандырудан кейін санитарлық-экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді. Суды өндірістік бақылау санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес, күнделікті қаладағы 111 бақылау нүктесінен сынама алынып, зертханалық талдау бөлімінде судың құрамына 44 түрлі (жалпы физикалық-химиялық, органолептикалық, бактериологиялық және паразитологиялық, радиологиялық, органикалық және басқа су параметрлері) талдау жүргізіледі. Зертханалық талдау нәтижесі талапқа сай келмесе, сынама алынған орында су беруді уақытша тоқтатып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, тұрғындар тұтынатын ауыз судың сапасы қатаң бақылауға алынған.