Қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын

Среда, 09 Август 2023 06:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 629 раз

kolyn-usta

«Жас келсе, іске» деген дана халқымыз. Бүгінгі жастардың ақыл-парасаты, күш-жігері мен жалыны ғылым мен білімді, өнер мен жасампаздық жобаларды жүзеге асыру жолында кез келген белесті бағындырары сөзсіз. Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін айтып «Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», - деген болатын. Осы ретте Шымкент қаласында Жолдаудың жүгін арқалаған бағдарлама шеңберінде арнайы түзілген комиссия 278 жас кәсіпкердің құжатын қарап, 129-ы оң қорытындысын алған. Бүгінге дейін 85 жас жеңілдетілген несиеге ие болып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Күні кеше Шымкент қаласында Президент тапсырмасына сәйкес, жастарға 2,5% несие беру бойынша комиссия отырысы өтті.

Кезекті рет өтіп жатқан комиссия отырысында 20-ға жуық үміткер бизнес-жобалары жайлы баяндап, қаржыны қандай мақсатқа жұмсайтынын қорғап бақты. Негізінен бұл мемлекеттік қолдау 21-35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Несиелеу бойынша шешімді қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Комиссияға қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, бизнес-қоғамдастық пен БАҚ өкілдері кіреді. Комиссия төрағасы Талғат Балтабаевтың айтуынша, бұл бағдарлама қайтарымсыз грант секілді науқаншылыққа ұласпай, нақты көзделген мақсатқа жұмсалуы керек.

–Қазіргі жастардың басым бөлігі кәсіпкерлік саласында қызмет көрсету, жүк тасымалдау мен ауыл шаруашылығы оның ішінде ет пен сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуды көздейді. Бұл мемлекеттік бағдарлама науқаншылыққа ұласпаса дейміз. Мәселен, өткен жылы мемлекеттен берілетін 400 АӘК көлеміндегі қайтарымсыз грант байқауында комиссия төрағасы болдым. Сол кезде үміткерлердің арасынан шын мәнінде осы қаржыға кәсіп бастаймын дейтін көзінде оты бар жандар небәрі 10 пайыз ғана болды. Көбінің «мемлекеттің тегін әрі қайтарылмайтын қаржысын алып қалсақ» деген ойы әңгімелесу барысында байқалатын. Қатысушылар арасында бизнес-жоспарын өзгеге жасатып, ол жерде не жазылғанымен де таныс еместері кездесті. Өкініштісі мұндай үміткерлер өте көп болды. Ал, бүгінгі жастарға бағытталған жеңілдетілген несиеде де дәл жоғарыдағыдай жағдайға тап болып жатырмыз.Үміткерлер тек мемлекеттің жеңілдетілген несиесін «алып қалу керек» дегенді көздеп емес, ел ішінде шағын өндірісті дамытып, бюджетке салық төлеп, халықты жұмыспен қамтуға үлес қосуға ниеттенсе екен. Десе де, бұл бағдарламаны нақты бағыттарға бөліп, критерийлерін әлі де болса пісіру керек, – деді комиссияның төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев.

Қалалық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының мәліметінше, несиелендіру ісінде сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, аталған басқармамен тапсырыс шарты түзілген екен. Бұл несие жастардің кәсіп бастауы мен қолданыстағы бизнесін кеңейту мақсатында беріледі. Тағы бір комиссия өкілі Мырзахмет Снабаев жастардың бизнес-жобасында шағын өндіріс орындарын көптеп ашса, деген ұсынысын жеткізді.

–Үлкен бизнес шағын кәсіптен басталады. Біздің жастар шағын өндіріс орындарын ашса екен. Мәселен, Еуропа мен Қытайда 5-6 адамнан құралған шағын өндіріс орындары көп. Біздің жастар да осы бағытқа бет бұрып, болашақта отандық өнім шығаратын алып компаниялардың негізін қалайтынына мол сеніммен қараймыз. Елімізде осылайша импортқа тәуелділіктен арылып, экспорттың көлемі артар еді. Президенттің тапсырмасымен 2,5 пайыздық несие бағдарламасы елімізде алғаш рет қолға алынған. Қазірше ондай жобаларға көзіміз түспеді. Жастардың көбі дайын бизнес-жобаны әкеліп жатыр. Тіпті, үміткерлердің басым бөлігі ол жобаны өзі жасамағанын мойындап та отыр. Әйтсе де, біз жұмыс істеймін, кәсібімді дөңгелетемін деген жалындаған жастың бетін қайтармауға тырысып жатырмыз. Жәй «бір көрейінші» дейтін жастар мен «еңбектенем» деген жастың мақсаты оның жасаған бизнес-жобасы мен таңдаған бағытына қатысты қойылған сұраққа жауап беруінен-ақ айқын білінеді. Мәселен, «ешкі сауып, дәруменге бай болған сүтін сатумен айналысқым келеді» деген үміткер ешкінің қанша емшегі бар екенін білмейді. Солардың ішінен өз ісінің білгірі, іскер, мақсаты айқан болған жас кәсіпкерлерді саралап, несие алуын мақұлдап жатырмыз, – дейді Мырзахмет Сыпабекұлы.

Көзі қырағы, әр саланың білікті мамандарынан құралған комиссияға бизнес-жоспарын таныстырып, оның шынайылығы мен өміршеңдігін дәлелдеу жастарға да оңай соқпағаны анық. Ал, өзі ісінің нағыз білгірі үшін комиссия алдында жобасын қорғау түк емес. Комиссия алдына өз жобасымен келген шымкенттік Жанна Әдиева 2019 жылы мемлекеттен 400 АӘК көлемінде қайтарымсыз грант алып, омартамен айналысқан. Жастайынан ауылда жылқы баптап өскен жас кәсіпкер енді мал шаруашылығын жандандыруды көздейді.

–Бұған дейін мемлекеттің қаржысына өз кәсібімді ашып, бал сатумен айналыстым. Осы сауда арқылы өзімізді жұмыспен қамтып, жағдайымызды түзеп алдық. Енді үлкен мақсат қойып, жылқы шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін бал саудасынан түскен пайдаға 81 шаршы метр қора-жай салып, жылқыға қажетті орынды әзірледік. Бүгін комиссияға мал шаруашылығы бойынша өз бизнес-жобамды ұсындым. Жоба 12 жылқыға лайықталған. Алғашында бордақылаумен айналыссақ, алдағы жылы бие байлап, саумал саууды жоспарлап отырмыз. Жобамызда әр жылқы басын 430 мың деп көрсеттік. Он екі жылқы 5,2 млн теңге төңірегінде болады екен. Қазір өзімізде 500 мың теңге қаражат бар, жеңілдетілген 5 млн теңге несиеге қол жеткізсек көздеген жылқы мен оның азығына жетеді, – дейді Нұршуақ шағын ауданының тұрғыны Ж.Әдиева.

kolyn-usta

Мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін құжат тапсырып, 2,5 пайыздық несие қаржысына ие болған ерлі-зайыпты Шалқарбек Бақтыбай мен Гүлжанат Орманова өнер мектебін ашып, жас өрендерді қосымша біліммен қамтып отыр. Жас отбасы бұл қаржыға музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар сатып алған. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен орталық бүгінде 500-ге жуық баланы түрлі үйірмеге баули алады. Жас ұстаздар Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен саз колледжінің білікті мамандарынан құралған.

–Жаңадан бой көтеріп жатқан ауданға көшіп келгенімізде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орталық болмай, қатты қиналдық. Содан жолдасымыз екеуміз өнер мектебін ашуды ойластырдық. Әрине, бастапқы кезеңде жеңілдетілген несие алуға сенімсіздік басым болатын. Бірақ, қазір мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде батыл шешім қабылдағанымызға қуанамыз, – дейді жас кәсіпкер Гүлжанат Орманова.

Ал, Әсел Серікбай есімді 26 жастағы үміткер бағдарламамен алған несиеге техникалық манипулятор сатып алуға ниетті. Оның сөзінше, шағын техниканың көмегімен жүк көтеру қызметіне сұраныс өте жоғары. Бұл заттың құны 10 млн теңгеден асады екен.

–Күйеуім шетелде дәл осы манипулятор, яғни шағын кран іспеттес техниканы жүргізеді. Құрылғы қаржысының жартысын өзіміз жинасақ, жарты ақшасын аз пайызды несиеге сүйенеміз. Бұл идеяны өзім алға тартып отырмын. Сонда отбасымызбен алыстан арбаламай, құрылғы арқылы өз қаламызда тіршілік ететін едік. Бұл несиеден үмітім өте көп. Бәрінен де жолдасымның шетелде емес, өз елімізде жұмыс істеуге мүмкіндік туар еді. Біз осылайша отбасылық кәсіпті дөңгелеткіміз келеді, – дейді Ә.Серікбай.

Жеңілдетілген несие кепілсіз берілмейді. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қойылады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушімен келісуге болады. Қайткенде де, бүгінгідей нарықтық заманда бос жүрген жастар жолын тауып, елмен бірге жанталасып, жеңілдетілген несие немесе грант алуға ұмтылуы қажет. Мемлекет жасаған мүмкіндікті халқы мүлт жібермей, жағдайын түзеп алған елдің ғана әлеуметтiк-экономикалық ахуалы жақсарады. Ал халықтың тұрмыс жағдайы түзелсе, саяси ахуал да тұрақты болмақ.