МҰҒАЛІМДЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДА ЖАҢА ЖОБА ЕНГІЗІЛДІ Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2023 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 435 раз

Шымкент қаласында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы педагогтердің кәсіби дамуындағы мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында «Өрлеу» – білім көкжиегін кеңейту орталығы» тақырыбында Ашық есік күнін өткізді. Іс-шараға М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Қожамжарова, қала мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев және Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.

299

 

Жиын барысында Д.Қожамжарова қазіргі буын ұрпақтарын тәрбиелеу, жасанды интеллектің дамуы жайында сөз қозғаса, Т.Балтабаев ұстаздардың сауаттылығы туралы мәселе көтерді. Осы орайда, Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығы» мекемесінің басшысы Тәлімбет Бақытжан ұстаздардың біліктілігін арттыру курсына әдеби кітап оқу сағатын қосуды ұсынды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталғының директоры Лаура Ысқақова айтылған барлық ұсыныс назарға алынатынын жеткізді.
–«Ашық есік күнін» ұйымдастырудағы мақсатымыз да осы – педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, жаңа бастамаларды қолданысқа енгізу. Жалпы, биылдан бастап біздің салада тың жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – біліктілік курсына өткен тыңдаушының сертификатына QR коды енгізілді. Алдымен тыңдаушы бізге келгенде оның деңгейін анықтау үшін диагностикалық тест тапсырады. Осылайша екі апталық оқу-курсында педагогтерге үш деңгей бойынша мінездеме жасалып, онда тыңдаушының сабаққа қатысуы, өзінің белсенділігі және қорытынды тестке қарай сертификат беріледі. Биылдан бастап курстан өткен мұғалімдерді бір жыл бойы сүйемелдеу жұмысы да қолға алынды, – деді Лаура Тұрлыбекқызы.
Айта кетсек, Ұлттық білім беру саясатын жүзеге асыру аясында «Өрлеу» орталығында биыл қаладағы 17 702 педагогтің біліктілігін арттыру көзделген болса, бүгінге дейін 12 856 ұстаз оқу курсын тәмамдаған. Ал мемлекеттік тапсырыс негізінде 3930 мұғалім біліктілігін арттырған.