Ебін тауып ешкі баққан кәсіпкер Избранное

Пятница, 06 Октябрь 2023 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 417 раз

Алғашқы капиталын ешкі бағып, оның сүтін сатудан бастаған Кәмшат Сүлейменова «Бастау бизнес» жобасының үлкен мүмкіндік бергенін айтады. Еңбекқор әйел басында туыстарының ешкісін сауып жүріп, ешкі сүтіне деген сұраныстың көптігін байқаған. Өзі де кәсіп ашуды жоспарлап жүргендіктен мемлекеттік грантқа үміткер болып, бизнес жоспарын қорғап шығады. Сол арқылы 1 380 000 теңгеге 5 бас ешкі, 1 теке алып, аз уақыттың ішінде кәсібін бастап кетті.

270

 

Кәмшат Сүлейменова осы күнге дейінгі өмірін бала күтіміне арнаған. Ал кәсіп ашуына өзінің ерекше диагнозда туылған баласы себепкер болды. Оған дәрігерлер ешкі сүтін күнделікті ішуін ұсынғандықтан, анасы базардан ешкі сүтін сатып ала бастады. Күнделікті алып отыруға қаражаты жеткіліксіз болғандықтан, ойлана келе осы шаруашылықты өз қолына алуды жөн көрген.
–Балама ешкі сүтін базардан алып келетінмін. Қаржы жағынан қиналғандықтан, туыстарымның ешкісін сауып, соның сүтін бере бастадым. Осылай жүргенде туысымнан сүт сұрап келетіндер қатары арта бастады. Кейде сүт жетпей қалған уақыттар да болды. Сондай кезде «қап, әттеген-ай» деп қаласың. Енді өзім ешкі бағып, балама соның сүтін сауып ішкіземін деген жоспар болды. Алайда ол кезде ешкі сатып алуға қаржы қайдан болсын... Осылай күндер өтіп жатқанда бір танысымнан «Бастау бизес» жобасы туралы естідім. Онда мемлекеттік грантқа ие болып, кәсіп ашуға мүмкіндік мол екен. Бар ойым кәсіп ашу болғандықтан, бағымды сынап көрдім. Бизнес-жоспарым коммисия мүшелеріне ұнап, маған қолдау білдірді, – деді Кәмшат Сүлейменова.
Кәмшаттың аталған кәсіппен айналысып жүргеніне 1 айдан енді асты. Соның өзінде біршама өнім тұтынушыларын жинап үлгерген. Ешкілері де күніне 10 литр беріп жүрген көрінеді.
–Жұбайым екеуміз қайтарымсыз гранттан алған қаржыға әзірге 5 ешкі және 1 теке сатып алдық. Бесеуі күніне 10 литр сүт береді. Алғашында сауылған сүтті балаларыма ішкізіп жүрдім. Бір жағынан халыққа пайдам тисін деп, оларға да ұсына бастадым. Сұрап келген жандарға литрін 800-1000 теңгеге саудалаймын. Сұраныс күннен-күнге көбейгендіктен алдағы уақытта ешкілерімізді төлдетіп, көбейтетін ниетіміз бар, – дейді кәсіпкер.
Таңмен таласа тұрып, ешкілерінің жем-шөбін беріп, сүтін сауып, жайылымға шығару Камшат ханымның күнделікті дағдысына айналған ісі.
–Ешкі сүті – көп ауруға ем. Медицинада бұл сүттің адам ағзасына пайдасы көп екенін айтады. Сүтті үзбей ішкен талай науқас ауруынан айыққан. Менен ешкі сүтін іздеп, алыс жерден келетіндер де кездеседі. Ешкі сүті сиыр сүтімен салыстырғанда емдік мақсатта шикідей іше аласыз. Тіпті, енді туылған нәрсестеге анасының сүті жетпей қалған жағдайда, осы сүтті беруге болады. Сіңімділік жағынан да тез қорытылатын өнім. Алдағы уақытта бұл жұмыс жемісін береріне сенемін,– дейді ол.
Әңгімеміздің аяғында кәсіпкеріміз өзінің жақсы жаңалығымен бөлісті. Мемлекеттен бөлінген қаржыға алған бес ешкісі көктемде төлдейтінін айтып, бір марқайып қалды.
–Күз мезгілінде төлдердің қашатын уақыты болады. Ал көктемде төлдеп, көбейеді. Оларға қазір ерекше күтім жасап, ветеринар маманына апарып,жиі тексертіп, витаминдер салдыртып тұрамыз. Жағдайлары жақсы. Күніне бидай, арпа, жүгері, сұлы, мақсары дақылдарымен қоректендіреміз. Бастапқыда 10 литр сүт беретін еді, қазір 8 литр сүт өнімін сауамыз, – дейді кәсіп иесі.
P.S. Қазіргі таңда ешкінің құны кем дегенде 300 мың теңге тұрады. Оны алу және бизнеске айналдыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Осынау кәсіпті бастаған Кәмшат ханым мемлекеттік қолдаудың арқасында ешқандай ауыртпалыққа қарамай, ебін тауып, ешкі бағып отыр. Еңбекқор шаруа иесі қазір содан түрлі өнім жасап, саудасын жүргізіп келеді. Кәсіпкердің қолынан шыққан өнімдерін жуырда дүкен сөрелерінен көріп қалуларыңыз мүмкін.