Болат Әбішұлы 1944 жылы 20 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында дүниеге келді. 1967 жылы Шымкент педагогика институтын бітіріп, еңбек жолын Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтында оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерінен бастаған. Ғалым Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры қызметтерін атқарған. Б.Байтанаев 1996 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде филология факультетінің деканы қызметін атқарып, саналы ғұмырын білім саласына арнаған.
–Болат ағамыз бойында ізгілік тұнған керемет жан еді. Ұлтжанды, өте қарапайым кісі болған. Адамдарды үлкен-кіші демей, жұрттың көңілін тауып жүретін. Ғалым жайлы естеліктер жадымыздан ешқашан өшпейді, – деген Болатбек Тілеубердиев ғалымның өмір жолынан естеліктер айтты.
Болат Әбішұлы – жүзге тарта ғылыми еңбектің авторы, ұлағатты ұстаз.
–Абай кітапханасында Болат Байтанаевты еске алып, сый-құрмет көрсетіп жатқан кітапхана қызметкерлері мен мектеп оқушыларына алғысым шексіз. Кітапхана – өркениетке жетелейтін орда. Біздің буын білім нәрімен кітапханада сусындады. Кітапханаға ғалымның өмір жолы жазылған еңбекті тарту етіп отырмыз. Мен жастарды кітап оқуға, ізденуге шақырамын. Білімді болсаңыз, кез-келген ортада абыройыңыз асқақтап, биік белестерді бағындыра аласыз, – дейді Болат Байтанаевтың жұбайы Римма Таукебаева.
Абай атындағы орталық кітапхана қоры Римма Таукебаева тарту еткен Болат Байтанаевтың өмірі жайлы еңбекпен толықты. Енді әр оқырман Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты бөлімшелерден аталмыш еңбекті оқып, ғалымның еңбек жолымен таныса алады.