Қарияға құрмет – ұрпаққа міндет Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2023 04:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1069 раз

Шымкент қаласында 88 030 зейнеткер тұрады

Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру – қазақтың ықылым заманнан бері сақталып келе жатқан ата дәстүрі, танымы. Қазыналы қарияларын «жазып қойған хатына теңеген» халқымыз қашан да оларға төрден орын беріп, ақ батасын алған. Ғасырлар өтсе де, бұл дәстүр жалғасын тауып келеді. Шымкент қаласында күні кеше лентасы қиылған «Ізетті зейнеткер» орталығы шаһардағы зейнеткер ата-апаларымызға көрсеткен құрметтің бір көрінісі десек, артық айтпағандығымыз.

511

 

Жуырда ғана алғашқы қызмет алушыларын қабылдаған орталықтың жұмысымен танысу үшін мекемеге арнайы бардық. Үш қабаттан тұратын ғимараттың орналасқан жері де ғаламат дерсіз. Мұнда 10 күн бойы демалуға келген зейнеткерлер Арбат алаңына шығып, Қиял әлемі саябағында бой жазады. Тағы бір сәт қыдыруды жөн көрсе, «Shymkent plaza» ойын сауық орталығы бар. Театрға көңілі ауса, оның алдында Орыс драма театры тұр.
Қаладағы Момышұлы көшесі №5 мекенжайда орналасқан үш қабатты ғимараттың аумағы 2300 шаршы метрді құрайды. Зәулім ғимарат табалдырығынан аттай салысымен ойымызға бірден қымбат қонақ үй елестеді. «Ізетті зейнеткер» орталығының директоры Нұржан Асановтың айтуынша, қазір демалыс орнында 70 зейнеткер қызмет алып жатыр екен. Зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында орталықта бір жылда 2500-ге жуық ардагерге санаториялық қызмет түрлерін көрсету мүмкіндігі бар. Бұл мекеменің миссиясы – жасы бойынша зейнеткерлікке шыққан азаматтардың қысқа мерзімде демалу мен денсаулығын оңалту үшін профилактикалық қызметтерді көрсету болып табылады. Дәрігерлер қызмет алуға келген зейнеткерлердің жалпы денсаулық жағдайын ескере отырып, емделуі мен демалуы үшін тиісті процеруаларды ұйымдастырады.
–Орталығымыздың қызмет көрсету сыйымдылығы 70 орын. Ашылған күннен бастап осынша зейнеткерді қабылдап, сауықтыру ісін бастап жібердік. Осында демалып жатқан ардагерлеріміз арнайы электромагнитті терапия, дәрілік шөп тұнбаларынан әзірленген фито-бар, сумен емдеу үшін арнайы бессейн, парафинмен емдеу, вакумдық-гидропилинг, ультрафонофрез, УЗ-скабер, электропорация және физикалық терапия қызметін тәулік бойы, әрі тегін алады, – дейді Нұржан Нартажыұлы.

514


Одан бөлек, музыка терапиясы, хореография, ардагерлеріміздің компьютерлік сауаттылығын арттыру, шахмат, дойбы секілді үстел ойындары, рухани азық алар кітапхана, караоке залы зейнеткерлерді мәдени сауықтыруға бағытталған. «Ізетті зейнеткер» орталығында демалу үшін ең алдымен С.Бәйтереков №89 мекенжайда орналасқан Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына келіп, денсаулығы жөнінде анықтама мен жеке куәлігінің көшірмесін өткізіп, кезекке тұрады. Кезек электронды түрде жүзеге асырылады.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, бүгінде қалада 88 030 зейнеткер тұрады. Оның 3-уі ҰОС ардагері, 3-і тыл еңбеккері. Ал, 2 050 зейнеткер үйде әлеуметтік қызмет алса, 80 жастан асқан жалғыз ілікті қарттар саны – 122. Биыл 5280 зейнеткерді шипажайларда оңалту шараларымен қамту жоспарланыпты. Шымкент қаласы республикалық мәртебе алып, бюджеті дербестенгеннен кейін, Түркістан облысымен аумақтық бөліністе қаладағы ардагерлер мен зейнеткерлерді сауықтыруға арналған шипажайлар облыстың балансында қалып қойған. Одан кейін қалалық мәслихаттың шешімімен, зейнет жасындағы азаматтарды шипажайларда санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету қызметі мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырыла бастады. Басқарма арқылы жыл басынан бері «Денсаулық» профилакториясы, «Ақсу Жабағылы» шипажайы, Тараздағы «Айша бибі», «Арыс шипажайы» мен «Ақсу-демі» және «Кәусар-бұлақ» шипажайларына 4 мыңға жуық адам жолдама алған. Осы жылдың жаңалығы – шипажайларда қызмет алу мерзімі 6 күннен 10 күнге ұзартылыпты.
Енді Шымкент қаласының мемлекеттік мекемесі санатына жататын «Ізетті зейнеткер» атауымен өз сауықтыру кешені бар. Кезегі келген зейнеткерлерге басқарма тарапынан келісім жасалған шипажайларды ұсынып, таңдау еркі беріледі. Бұл жолы көп ардагер бірден қаладағы жаңа ашылған сауықтыру кешенін таңдаған екен.
Жаңадан ашылған шипажайда қызмет алып жатқан зейнеткердің бірі – 75 жастағы Гүлсім Әшірова.
–Жыл сайын шипажайда емдік-сауықтыру қызметін аламын. Кейде әкімдіктегі кезек бойынша тегін жолдамамен, бірде балаларым жолдама сатып әперді. Шыны керек, алғашында көңілім тартпай келіп едім, бұл жердегі жағдайды көріп, ойым өзгерді. Бұрынғы демалған шипажайларымнан да артық болмаса кем деп айта алмаймын. Қазір көбірек парафин мен аяғыма массаж алып жатырмын. Өзім секілді замандастарыммен әңгіме-дүкен құрамыз. Осындағы дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз. Бар жағдайымызды жасап, қас-қабағымызға қарап отыр. Іші жылы, жарық, әрі кең. Аяқ жазамыз десек, аулаға шығамыз. Қыдырғымыз келсе, алдымызда «Арбат» пен «Қиял Әлемі» саябағы бар. Тамағы өте дәмді. Жас ғұмырымыз еңбекпен өтті. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, зейнет жасына жеткенде мынадай бар жағдайы жасалған жерде денсаулығымызды нығайтып отырғанымыз еліміздегі ынтымақтың арқасы. Біз секілді қарттарға осындай жағдай жасап берген қала әкімдігіне мың алғыс, – дейді Гүлсім апа.
Сауықтыру кешенінде қызмет алушылар үшін қажеттінің бәрі бар. Алдағы уақытта медициналық жабдықтар мен арнайы тұзды бөлме жасақталады екен. Ардагерлердің денсаулығын үш дәрігер мен 5 медбике қадағалап отырады. Бес уақыт ыстық тамақ пен арнайы шөптерден әзірленген фито-шәйлер демалушылардың жанына да, тәніне де қуат береді. Иә, қазақтың «жаны саудың – тәні сау» деген сөз осы орталықтың қызмет алушыларына айтқандай. Бұл жерде зейнеткерлер тек тәнді сауықтырып қана қоймай, мәдени іс-шара ұйымдастыруда да белсенділік танытып, жанын азықтандырып отыр. Орталық ішіндегі кітапхана әңгіме-дүкен мен шығармашылықтың қайнар көзіне айналған. Жуырда демалушылар «Жастық шақтың естелігі» атты кеш ұйымдастырып, әр қатысушы жас кезіндегі шоқтығы, бастан өткерген қызығы, істеген еңбектері жайында баяндап берген екен. Осындай кештің жалғасы ретінде апаларымызға арналған байқауы өткізу ұсынысын жеткізіп отыр. Не керек, аптаның әр сәрсенбісі осындай әдеби, мәдени кешке арналады екен.
Ата қайратты болса, бала ғибратты. Бойында күш-қайрат барда барын салып, еңбек еткен, бүгін зейнеткерлікке жеткен қарияларымызды ардақтасақ, оған бар жағдайды жасап, қайратын сақтасақ, бүгінгі ұрпаққа үлгі болар, бағыт берер бағдаршам осы емес пе?!