БИЗНЕСТІ ЗАҢСЫЗ ТЕКСЕРУЛЕРДІ БОЛДЫРМАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ Избранное

Четверг, 21 Декабрь 2023 10:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 633 раз

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий күшін жояды

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжанов жетекшілік еткен жиында бизнесті тексеруге мораторий мәселесі талқыланды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін тексеруге мораторий күшін жояды. Осыған орай құзырлы және қадағалау орган өкілдері тарапынан бизнесті заңсыз тексерулер мен оларға қатысты заңсыз талаптарды болдырмау бағытында жұмыс жоспарлары түзілді.

kasipkerlik

 

Жиынға кәсіпкерлер, Шымкент қаласының прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және басқа да бақылау-құзырлы органдардың жетекшілері қатысты. Алдымен Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Майя Исаева атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен таныстырды.
– Президент енгізген шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий бизнеске көмегін тигізіп, кәсіпкерлердің пандемия және басқа да әлеуметтік-экономикалық проблемалардан туындайтын шығынын азайтты. Үш жылдың ішінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 2023 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша 130 898-ге жетті. Мұндай көрсеткіштер кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдерінің арасындағы тиісті байланыстың нәтижесі деп ойлаймыз. Еліміздегі бизнес жағдайды әрі қарай жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін автоматтандыру жүзеге асырылады, соның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру екі есеге азайып, құқық қорғау органдарының назары тек проблемалы субъектілерге аударылады. Мұндай автоматтандырылған әдіс тексеруді адамның қатысуынсыз бастауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есеге азаяды деп күтілуде. Дегенмен, мораторий аяқталып келеді. Қалай болғанда да кәсіпкерлер кез келген уақытта тексерулер болатынын күтуі тиіс. Және маңыздысы – кәсіпкерлер барлық талаптар мен заңдылықтарға сай болып, өздеріне қатысты бизнес-процестердің заң талабына сай жүруін қамтамасыз етулері керек.

kasipkerlik-1


«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – бизнестің Үкімет және атқарушы билікпен келіссөзін арттыру, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүддесін қорғау, бизнес жүргізудің заңды және басқа да нормативтік ережелерін қалыптастыруға кәсіпкерлерді жұмылдыру, – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары міндетін атқарушы М.Исаева.
Жиында қалалық прокуратура өкілдері кәсіпкерлікті заңсыз тексерудің жауапкершілігі бар екенін ескертті. Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары мораторий аяқталды деп бизнес субъектілеріне кез келген себептермен тексеру тағайындауға болмайтынын атап өтті.
– Кәсіпкерлік Кодекстің 137-бабының 5-тармағына сәйкес, тексеру нысанына бару, қажетті ақпаратты сұрату немесе шақырту тексеру әрекеттері болып есептеледі. Осы тексерулер басталғанға дейiн бақылау және қадағалау субъектiсінiң тұрған жерiндегі құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органында тіркелуі керек. Айта кететін жайт, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 175-бабында әкімшілік жауаптылық қарастырылған. Соңғы 2 жылда осындай фактілермен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының 9 тұлғасы әкімшілік жауапқа тартылды. Бұдан бөлек лауазымды адамдардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабында әкімшілік жауаптылық қарастырылғанын назарларыңызға саламын. Әсіресе, мемлекеттік органдар тарапынан есеп-шоттарды бұғаттау кәсіпкерлерге қатты әсер ететінін түсінгеніміз дұрыс. Өйткені бұл шара бизнесті тоқтатуға әкеп соқтырады, қызметкерлерге жалақы уақтылы төленбейді. Сондықтан кәсіпкерге қатысты тексерулерді Кәсіпкерлік кодексте белгіленген негіздер бойынша тағайындауды, кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіретін әрекеттерді жасамауды сұраймын, – деді Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Бақытжан Байғозиев.
Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша тексеру және бақылау құқығы берілген мемлекеттік органдардың тексеру тағайындау туралы 2158 акті тіркеліп, 2022 жылмен салыстырғанда 35 пайызға азайған.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бөлімінің аға прокуроры Марат Бейбіттің айтуынша, мемлекеттік органдармен 447 профилактикалық бақылау жүргізілген, оның ішінде 141-і жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты.
Кәсіпкерлік нысандарына ең жиі тексеру жүргізетін органдардың бірі – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары да келесі жылғы тексеру жоспарларын бөлісті. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов осы бағыттағы жұмыс жоспарларын атап өтті.
– Біздің сала бойынша бақыланатын нысандар эпидемиологиялық маңызы жоғары және маңызы елеусіз деп бөлінеді. Соның ішіндегі маңызы жоғарылары тексеруге жатады, ал маңызы елеусіздері тексеруге жатпайды. Олар тек арыз-шағымдармен тексеріледі. Келесі жылдың бірінші жартысында бізде 85 нысанды тексеру жоспарланып отыр. Бару арқылы профилактикалық бақылау бойынша 46 нысан жоспарланған. Арасында кәсіпкерлер де, мемлекеттік мекемелер де бар. Бару арқылы алдын ала бақылауға жататын нысандарда кемшілік анықтылған жағдайда оларға біз әкімшілік шара көрмейміз, кемшілікті жөндеу туралы нұсқама береміз. Оның уақыты аяқталған соң олар бізге кемшілікті жойғаны жөнінде мәлімет берсе, жеткілікті. Тексеру кестесіне сай, тексерілген нысандардан кемшілік анықталған жағдайда әкімшілік шара көріліп, кемшілікті жою жөнінде нұсқама беріледі. Талаптар бойынша негізінен алдыңғы тексеруден анықталған кемшіліктерді жоймаған нысандар, арыз-шағым түсіп, тексеру барысында дәлелденіп, арызда көрсетілген кемшілікті жою туралы нұсқаманы орындамаған нысандар, өндірістік бақылау негізіндегі нысандар келесі жылғы тексеру кестесіне енгізілген. Басқа нысандар кестеге енгізілмейді.
Сондай-ақ, біз жоспарлы тексеруге баратын кезде бір ай бұрын сол нысанға тексеру болатыны туралы хабарлама береміз. Тексеруге баратын кезде құқықтық статистика және арнайы есеп департаментінде тіркеліп, одан кейін барып тексеру жұмыстары жүргізіледі. Және осы тексерулер бойынша әр салада санитарлық-эпидемиялық талаптар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, семинар, лекциялар өткіземіз, – дейді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметов.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі Владимир Накисбаев бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе кәсіпкерлікті тексеру екеніне тоқталып өтті. В.Накисбаев осы тексерулер бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына, Үкіметке ұсыныстар беру керектігін, адам өміріне, қоғамға әсер ететін, қауіпті өндірістерді ғана тексеру қажет екенін айтады.
Жиын соңында өңірлік кеңес мүшелеріне, бақылау-қадағалау органдарының өкілдеріне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Арбитраж орталығының жұмысы таныстырылды.
Арбитраж орталығының атқарушы директоры, Корольдік арбитрлер институтының мүшесі Асқар Қалдыбаевтың айтуынша, Арбитраж орталығы кәсіпкерлер арасындағы ықтимал дауларды шешеді. Орталық ҚР «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңына сай құрылған. Оның жалғыз қатысушысы – «Атамекен» ҰКП. Бүгінгі таңда Арбитраж орталығы арбитраж нарығында және заңгерлік қауымдастықта жақсы беделге ие. 300-ден астам компания өз келісімшарттарына Арбитраж орталығы туралы типтік мәліметті енгізуде.

Н.БАУЫРЖАНҰЛЫ,
Т. ҚАСЫМОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.