«АҚША» КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ Избранное

Пятница, 22 Декабрь 2023 05:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 974 раз

Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі екені белгілі. Бұл індетке тоқтау болмаса, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу де болмайтыны анық. Мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі – осы жемқорлықпен күрес. Қоғам дертімен күресу әрбіріміздің азаматтық борышымыз және адамгершілік міндетіміз. Сондықтан да Шымкент қалалық өзбек драма театрында «Ақша» атты премьера көрерменге жол тартты.

teatr

 

–Қазіргі таңда қоғамға қауіп төндіріп, орасан зиян келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар көптеп қолға алынып жатыр. Жемқорлықпен күрес мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылып келеді. Өркениетті ел болуды қалайтын, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл дерттің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу біздің басты міндетіміз, – дейді Өзбек драма театры директорының міндетін атқарушы Рустамхан Сайтходжаев.
Шығармада жемқорлыққа батып, мемлекеттің азығына қол салып, қара бастың қамын ойлаған қызметкерлердің өмірі мен өкініші баяндалады. Қарақалпақ жазушысы Мұратбай Низановтың «Ақша» комедиясы бес кейіпкерден құралған.
Оқиға мемлекеттік мекеменің бас есепшісінің үйінде басталады. Мекемеге бөлінген қаржыны екі бас есепші мен өндірістік бөлімнің басшысы өз пайдаларына жұмсайды. Мемлекеттік мекемеге келген тексерушілер қаражаттың қайда кеткендігін тексере бастағанда кінәлі тарап тығырықтан шығу жолын іздей бастайды. Бас есепші ақылдаса келе мәселеден құтылу үшін өтірік өліп қалуды ойластырады. Бұл ұсынысқа жемқор серіктестері келіседі. Ойлаған айласы іске асса, тағыда ақша беретіндерін айтады. Алайда «өтіріктің құйрығы бір тұтам» демекші шындықтың беті ашылады.
Қарақалпақ драматургы М.Низановтың «Ақша» атты шығармасы халықты күлдіре отырып ащы шындықты ашады. Оқиға авторы оңай келген ақша жақсылыққа апарамайтынын көрсете білген. Шығармада қойылым арқылы көрермен көкейіне сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру, азаматтарға ойтүрткі тастау мақсат етілген. Оның соңы өкініш пен жауапкершілікке әкеліп соғатынын түсіндірген.
Жаңа премьераға Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері және мектеп мұғалімдері, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мәдениет мекемелерінің басшылары, өнер ұжымдарының қызметкерлері де қатысып, оң пікірлерін білдірді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.