СӘБИДІҢ ДЕНІ САУ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ... Избранное

Пятница, 12 Январь 2024 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 706 раз

Қыс мезгілі – жұқпалы вирустардың өршитін кезеңі. Дертті емдеп-жазатын препараттар көп болғанымен, оның зиян тұстары да бар. Осы орайда мамандар иммундық жүйені нығайтуға массаждың көмегі көп, дейді. Әсіресе балалар массажы 1 жасқа дейінгі сәби үшін де, жалпы балалардың денсаулығы үшін өте қажет. Жағымды көңіл-күй, тыныштандыру мен балаларда жиі кездесетін іш кебуді басатын массаж олардың иммундық жүйесін де нығайтады. Бұл туралы балалар және ересектердің массаж маманы Ақмарал Сүлейменқызы толығырақ айтып берді.

massaj

 

– Жалпы адам ағзасына массаждың пайдасы орасан зор. Ол қан айналымын жақсартады, ауырсынуды басады, шиеленісті жеңілдетеді және релаксацияға ықпал етеді. 1 жасқа дейінгі сәбилерге күнделікті массаж жасап тұру өте тиімді. Себебі ол бала денесінің дұрыс дамып, жетілуін қамтамасыз етіп, түрлі ішек жолдарының бітелуі, кебуі сияқты кішігірім бала мазасын алатын аурулардың алдын алады. Баланы жайлап сылап-сипау психологиялық тұрғыдан тыныштандыра отырып, белсенділігін де арттыра түседі.
Дегенмен балаларға жасалатын массаж үлкендер массажына қарағанда әлдеқайда күрделі. Ол аса ұқыптылық пен ептілікті қажет етеді. Алдымен баланың арқасы тегіс тиіп тұратындай қатты түзу төсек немесе арнайы үстел керек. Алғашқы массажды сәби дүниеге келгеннен соң 5-6 апта кейін бастап жасауға болады. Массаж арқылы баланың физиологиялық жағдайының жақсарғанын, оның салмақ қосуынан анықтай аламыз, - дейді А.Сүлейменқызы.
Маманның айтуынша, кейбір ауру түрлері массаж арқылы емделеді. Дегенмен оның өзіндік ережелері мен жасалу техникасын дұрыс қолданбаса адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан балаңызға өз бетіңізше массаж жасамас бұрын мамандардан кеңес алған жөн.

massaj-1


– Жас аналар үй жағдайында өз бетінше массаж жасап, бала денсаулығына зиянын тигізіп жатады. Балаларға массаж жасаудың ережелері бар. Оны әрбір ана ескеруі тиіс. Яғни массаж қозғалысы сыртынан ішіне қарай жасалады, бала тоңып қалмау үшін бөлме іші жылы болу керек. Массаж жасаудан бұрын баланы үстелге немесе диванға жатқызамыз. Үстел тым қатты немесе керісінше тым жұмсақ болмаған дұрыс. Ішке массаж жасау барысында бауыр маңын өте абайлап жасаған дұрыс, жыныстық мүшені уқалауға болмайды. Қолдың қозғалысы жұмсақ әрі нәзік болу керек. Әсіресе бауыр, бүйрек, омыртқа маңын сақтықпен жасаймыз. Егер арқаны уқаласаңыз, бүйрек маңын соққылауға болмайды. Балалар массажының негізгі әдістері сипау, сылау, уқалау, соққылау, дірілдету, селкілдету.
Қандай массаж түрі болсын алдымен сипаудан басталады. Дене қызған соң уақалай бастау керек. Сипау – балалар массажындағы жиі қолданылатын әдіс. Ол қолды жаймен тері үстінде сырғанату деген сөз. Бірақ тері қозғалыссыз болу керек. Бұл келесі амалдарға дайындық ретінде жасалады. Алақан толықтай дененің үстінде болады. Сылау – басты массаж әдісі. Ол теріні ұстау, тартқылау, созғылау. Сылау бұлшық ет талшықтарының бағытымен жұмсақ қимылмен жай орындалады. Сылау кезінде бұлшық еттер біркелкі болу керек. Әрбір сылаудан кейін сипалау мен сілкілеу әдісі жасалынады. Одан кейін уқалау – теріні әртүрлі бағытқа тарту, қозғау және созғылау арқылы жүзеге асады. Тері қолмен бірге қозғалады. Бұл әдіс басқасына қарағанда теріге тереңірек әсер етеді. Дірілдету мен сілкілеу – бұл әдіс дененің тербелгіш қозғалыстар жасайтын бөліктеріне жасалынады. Ол теріге, жүйкеге және сүйекке өте терең әсер етеді. Дірілдету ояту, қоздыру әрекетін жасаса, сілкілеу тыныштандыратын әрекет жасайды.
Балалар массажы арқа, аяқтың артқы беті, кеуде клеткасы, іш, аяқтың алдыңғы үстіне жасалып, осы реттілікпен орындалады. Ал, жүйке ауруларымен ауыратын балалар үшін тек дәрігердің тағайындауымен ғана жасаған дұрыс. Майтабан және жалпақтабан, ішектің бұрауы мен бұлшық еттің тартылуында, сондай-ақ омыртқада қозғалыс тірек кезінде ауру туғызатын жағдайларда массаж жасау тағайындалады. Кейбір кездерде 1 жасқа дейінгі балаларда болатын жарықтардың алдын алу үшін массаждың көмегі көптеп тиіп жатады. Омыртқа ауруларын дер кезінде емдемесе, бала дене бітімінің дұрыс емес қалыптасуына әкеліп соғуы әбден мүмкін, –деді А. Сүлейменқызы.
Маманның айтуынша массаж жасау уақыты да дұрыс белгілену керек. Ережеге сәйкес бұл емдеу шарасын тамаққа дейін немесе тамақтан кейінгі жарты сағат аралығында өткізген абзал. Ұйқыға жатар алдында жасау мүлдем қате. Егер де массажды өз бетіңізбен жасауды жөн деп тапсаңыз, массаж үстелін таңдау кезінде ең алдымен мамандармен ақылдасып алыңыз. Бұл өзіңізге және балақаныңызға зиян келтіруден сақтайды. Балаңыздың дұрыс өсіп-жетілуі үшін әр ісіңіз маңызды. Сондықтан балаңызға дұрыс уақытымен массаж жасап, денінің саулығы мен денесінің сымбатын да қатар ойлай жүріңіз.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.