Думан Таев, Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор: «ПОЛИЦИЯ – ХАЛЫҚҚА ІС-ӘРЕКЕТІМЕН ӨНЕГЕ БОЛУЫ КЕРЕК» Избранное

Пятница, 23 Февраль 2024 08:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 445 раз

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін ішкі істер жүйесінің жұмысынақатысты айтылатын сын да, мін де әлі көп. Сондықтан да бұл сала соңғы жылдары реформаны жиі өткерді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев полиция қызметін жетілдіретін басым бағытты белгілеп берді. Ондағы мақсат – «жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыру. Бұл қағидат тәртіп сақшыларынан қоғамда туындаған мәселелерді азаматтармен бірлесе шешіп, тұрғындармен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуды талап етеді. Еліміздің үшінші мегаполисінде осы қағидаттың орындалуы жайлы Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Думан Әшкенұлы Таевтан сұрадық.

policka

 

- Думан Әшкенұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі полиция қызметінің жариялылығын және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қабылдауды тапсырғаны мәлім. Оңтүстікке қызметке келгенізге жыл толған жоқ. Әйтсе де, жағдайды оңалтуға аз мерзім емес. Осы ретте сіздің тарапыңыздан нақты қандай қадамдар жасалынып жатыр?

- Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының төрағалығымен осы жылдың 22 қаңтарында ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полицияның айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше мән беруді тапсырды.
Тек департамент басшылары емес, әрбір қала, аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысқан маңызды жиында еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуі және ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажеттігі айтылды.
Бүгінгі полицияның өзекті міндеттерінің бірі – қолжетімділік, ашықтық және тұрғындармен өзара тиімді байланыс жасау. Бірінші кезекте тұрғындардың мәселесін тыңдап, пікірімен санасу және заң аясында сапалы қызмет көрсету мақсатында, аптаның әр сәрсенбісі күні азаматтық қабылдау өткіземін. Қала тұрғындарын толғандыратын басты мәселенің бірі интернет-алаяқтық қылмыстары. Бүгінге дейін 500-ден астам түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кинотеатрларда кино басталар алдын ақпараттар таратып, үнжазбалар көрсетіп, баспасөз беттерінде жариялап, телеарналарда көрсетіп келеміз.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселесі де ұдайы күн тәртібінде қаралып, онымен күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. «Стоп–графитти» жедел-профилактикалық іс-шара барысында полицейлермен бірге еріктілер, қоғамдық ұйым мүшелері жұмылдырылды. Сөйтіп, небәрі үш күнде жүргізілген шарада үйлер мен өзге де ғимараттардағы 500-ден астам жазбалар жойылды.
Банк қызметкерлерімен жиі кездесу өткізіп келеміз. Себебі, халықтың көбісі несие рәсімдеуде алаяқтардың құрбаны болуда. Осыған байланысты тұрғындармен жұмыс істеуде әрқашан сапалы әрі жедел қызмет ететін, сауатты да кері байланыс жасай алатын заманауи полицияны қалыптастыру бағытында жұмыстар тұрақты жүргізіледі.

– Ел аузында «полиция – қорғаның» деген сөз айтылады. Осы сипатта полиция қызметіне халықтың сенімін арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Полицияның жұмысына баға беретін халық. Сондықтан да халықтың пікірін тыңдап, айтқан ұсыныстарын назардан тыс қалдырмаймыз. Қала тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін – учаскелік инспекторлар. Ең бастысы солардың жағдайын жасауымыз керек.
Осы өңірге келгеніме 5 айға жуықтапты. Алғашқы алаңдатқаны – 70-ке жуық полиция бекеттерінің ескіріп, жылу жүйелерінің дұрыс жұмыс істемейтіні. Бес полиция бекеті пақсадан салынған екен. Әзірге учаскелік инспекторлар сол ескі ғимараттарда жұмыс істеп отыр. Тіпті, 2005 жылғы тозығы жеткен көліктер де қолданыста бар екен. Осы ретте қала әкімі Ғабит Сыздықбековке рақмет, полиция бекеттеріне қала бюджетінен қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйелері орнатылды. Жыл басынан бері 2 полиция бекетін аштық. Халық көп шоғырланатын жерлерден 5 полиция бекетін салу жоспарымызда бар. Жыл басындағы жағымды жаңалықтардың бірі, жаңа 26 көлік учаскелік инспекторларға берілді. Жақын күндерде қала әкімдігі лизинг бойынша көмек көрсетіп, учаскелік инспекторларды 100 пайыз көлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Учаскелік пункттерде өзім және орынбасарым қабылдау өткізіп тұрамыз. Аудандық басқарма басшылары күн сайын қабылдау жүргізеді. Себебі, учаскелік инспекторлар түрлі мәселелерімен қала тұрғындарын қабылдағандықтан, олардың уәждерінен хабардар болып, шешілу жолын қарастырамыз.
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің ардагерлермен өзара іс-қимыл туралы талабын орындау және жас мамандар тарапынан жол берілетін құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 70-ке жуық учаскелік полиция пункттерінде қылмыстық іздестіру мен тергеу саласында қызмет етіп жүрген жас сақшыларға тәлімгер ретінде полиция органының 140 ардагері тағайындалды.

- Үшінші мегаполисте алаяқтықтың түрі өршіп барады. Бұл өте алаңдататын жағдай. Осы орайда алаяқтықтың қауіптілігі мен онымен күресудің жолдарына тоқталсаңыз?
- Рас айтасыз. Техника, технология дамыған заманда алаяқтықтың белең алуы жиілеп барады. Соның бірі интернет-алаяқтықтың жаңа түрі «CуberPol». Алаяқтар ақпараттық жүйені пайдаланушыларды алдау және олардың ақшасын иемдену үшін нейрожеліні пайдаланады. Соның көмегімен қаскөйлер жасанды бет-әлпет пен дауысты істей алады.
Заманауи технологиялардың арқасында олар кез келген адамның даусының көшірмесін жасауды меңгерген. Оларға адамның әлеуметтік желісінен алуға болатын даусының бірнеше секунды жеткілікті.
Фейк тұлға таспаланған бейнежазбаны табиғи емес мимика, еріннің қозғалысы, көз, бет бұлыңғырлығы, бейнеден озық немесе артта қалған дауысы арқылы ажыратуға болады.
Киберполицейлермен бірге өзім де азаматтарды аса қырағы болуға және тек сенімді ақпаратқа сенуге шақырамын.
Жуырда Шымкент пен Түркістан облысының 15 тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болды.
Өзін білікті заңгер ретінде таныстырған Шымкент қаласының тұрғыны сенгіш азаматтарға бизнес жоспарын жүзеге асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант пен арнайы төлемдер алып отыруға көмектесетінін айтқан. Мұндай қызметтің құнын 200 мың теңгеден 2,5 миллион теңгеге дейін бағалаған.
Уәде етілген қызметті алмаған жәбірленушілер алаяқтың құрығына түскенін түсініп, полицияға арызданған. Оларға келтірілген жалпы шығын сомасы 32 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Алаяқтықтың тағы да бір жаңа түрі, өздерін әділет органдарының немесе сот орындаушысы өкілдеріміз деп таныстырып, қазақстандықтардың жеке деректерін сұрай бастаған. Алаяқтар азаматтарға хабарласып, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындауды, банк шоттарын бұғаттап, жүргізуші куәлігін тоқтата тұрумен және тағы басқа жолдармен қорқыта отырып, берешекті өтеуді талап етуде.
Мұндай қоңыраулар түскен жағдайда азаматтарға атқарушылық іс жүргізудің бар немесе жоқтығы туралы ақпаратты мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйеде (МАЖ ААЖ) немесе aisoip.gov.kz сайтына кіріп, өз бетінше тексеріп көруге кеңес береміз.
Жалпы, қала аумағына қарасты Еңбекші, Әл-Фараби, Абай, Қаратау, Тұран АПБ-ның тәртіп сақшылары білім ордалары, тұрғындар арасында интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жіті жүргізіп, базардағы саудагерлер мен сатып алушыларға алаяқтықтың кең тараған айла-тәсілдері туралы жиі ескертеді.
Айта кетейік, аталған профилактикалық жұмыстар азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және алаяқтық жайттардың жолын кесуге бағытталған.

– Абай ауданының аумағында орналасқан «Қайнарбұлақ» саяжайында ертеректе қылмыстық оқиғалар жиі орын алатынынан хабардар едік. Бүгінгі ахуалы жайында не айтасыз?
– Өте орынды сауал. Бір ғана мысал келтірейін. Осы жылдың 1-3 қаңтар аралығында «Қайнарбұлақ» саяжайына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарды болдырмау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар өткіздік.
Іс-шара барысында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 245 тұлға анықталып, оларға әкімшілік хаттама толтырылып, шара қолданылды. Рейдті өткізу барысында ІІО-ның есебінде тұратын 298 адамның тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексерілді.
Атап айтқанда, профилактикалық есепте тұратын 65, тізімдік есепте тұратын 233 тұлға тексерілді.
«Қайнарбұлақ» саяжайында заңдастырылған 37 қару иесі бар. Олардың барлығы толығымен тексеріліп, учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлармен аумақта орналасқан 45 дәмхана және басқа да көңіл көтеретін орындардың иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 29 дәмхана иесіне қатысты хаттамалар толтырылды. Мұндай рейдтік шараларды басқа АПБ-да жиі өткізіп келеміз.
Қалада криминогендік ахуал тұрақты. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда 2023 жылы қылмыс саны 36,4 пайызға азайған. Қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар саны 31 пайызға, масаң күйде жасалған заң бұзушылықтар саны 40 пайызға төмендеген. Заңсыз айналымнан 139 келі есірткі тәркіленіп, 3 фитолаборатория және 1 синтетика дайындауға арналған зертхана жойылды. Заңға сәйкес, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйінде басқаруы немесе сол сияқты масаң күйдегі адамның басқаруына беру бойынша адамдардың өмірі мен қоғамға қауіп келтірген 127 жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

- Мемлекеттің бірлігі мен тұрақтылығына кепіл болатын жүйенің бір тармағы еліміздегі ішкі істер саласы десек, халық үшін еңбек етіп, лайықты бағасын алып жүрген мамандар көп шығар?
- Әрине, жұмысына адал, ұжымына үлгілі болып жүрген қызметкерлер жетерлік. Қала халқының санына қарай, қылмыс түрі де көбейіп отыр. Естеріңізге сала кетейін, осы жылдың 30 қаңтар күні кешкі сағат 18:50 шамасында жедел басқару орталығына Қарабастау елді мекенінде, көпір астында белгісіз азаматшаның өз-өзіне қол жұмсамақ болып, суға секіргелі тұрғаны туралы хабарлама түскен. Аталған жайт бойынша патрульдік полиция полкінің инспекторлары полиция аға лейтенанттары Ізтұрған Ахметов, Думан Раев, Нұрислам Құдайберген мен оқу-жаттығу взводының аға инспекторы, полиция майоры Абзал Қаныбеков дер кезінде оқиға орнына барып, азаматшаны құтқарып қалды. Алғашқы медициналық көмек көрсетті. Шұғыл әрі батыл әрекет жасап, адам өміріне араша түскен қызметкерлердің ерлігі өзге әріптестеріне үлгі.Адал қызметі үшін оларды Алғыс хатпен марапаттадым.
Сонымен қатар, Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының үш тәрбиеленушісі 14 қаңтарда кешке белгісіз бағытқа кетіп қалған.
Жоғалғандарды іздеуге полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылып, бір тәулік ішінде Алматы қаласынан аман-есен тапты. Қазір олар Алматының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық шара барысында 12 жыл бойы қылмыстық қудалаудан жасырынған 45 жастағы азаматты құрықтады.
Қазіргі таңда шетелдік азамат қамауда. Оны Өзбекстан Республикасына экстрадициялау шаралары жүргізілуде.
Күнделікті жұмыс барысында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Осы ретте қиын да қауіпті салада қызмет етіп жүрген әрбір полицейден заң мен тәртіпті, ант берген аманатына қиянат жасамай, адал болуды талап етемін.

– ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Полиция қашан да халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді» деді. Осы байламға қатысты Шымкент қаласы полициясынан алдағы уақытта қандай жаңашылдық пен тың өзгеріс күтеміз?
– Мемлекет басшысының ішкі істер органдарына қойған негізгі басымдықтары мен ҚР Ішкі істер министрінің айтқан тапсырмаларын орындауда қалтқысыз қызмет етеміз. Қала тұрғындарына қызмет етуде тәртіп пен заңдылықты сақтау жөніндегі жұмыстарды жандандырып, идеологиялық жұмыстарды күшейтуге күш салып жатырмыз. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Құқықтық саладағы бізге артылған міндеттерді абыроймен атқаруға күш-жігеріміз жетеді.

Өзипа АЛТАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.