ХАЛЫҚҚА ДА, МЕМЛЕКЕТКЕ ДЕ ТИІМДІ ЖҮЙЕ Избранное

Среда, 13 Март 2024 05:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 239 раз

ол үшін қызмет сапасын түзеу керек

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеміне жарна аудару елімізде 2017 жылдан басталғаны белгілі. Ал, 2020 жылдан бері МӘМС жүйесімен қызмет алу іске қосылды. Содан бері 4 жыл өтсе де, жүйе халықтың көңілінен шығып отырған жоқ. Бұл саланы таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатаң сынға алды.

dokk

 

Күрделі отаны тегін жасатуға болады

Президент осы отырыста биыл бұл салаға 2,6 триллион теңге бөлінгенін, алайда медициналық көмектің сапасы жақсармағанын айтты.
– Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Көптің айтуынша, жұмыс істеп тұрған жүйемен сақтандырылған азаматтың өзі кез келген емханаға жүгініп, қалаған медициналық көмекті ала алмайды. Өйткені, біріншіден, көрсетілетін қызметтер мен берілетін дәрілік заттардың тізбесі шектеулі. Екіншіден, қызметтерді алуға болатын медициналық мекемелердің нақты тізімі бар. Сонымен, МӘМС аясында тегін қызмет алу үшін алдын-ала тіркелген емханадан жолдама алу қажет болады. Емхананы еркін таңдау жыл сайын 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейінгі аралықта жүргізіледі. Мұнан бөлек, егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстырса, қаладан бір айдан астам уақытқа кетсе немесе таңдап, тіркелген емханасы қайта ұйымдастырылса не таратылса, онда тағы да өзі қалаған медициналық мекемеге тіркеле алады.
МӘМС төлеушінің басқа да артықшылықтары, сондай-ақ халықтың бұл салаға деген қандай өтініш-тілектері, арыз-шағымдары бар екендігін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет БЕДЕННЕН сұраған едік. Маманның айтуынша, МӘМС енгізілгелі Шымкентте медициналық қызметтің сапасы артқан.

– МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артып келеді. Әрине, әлі де кемшілік тұстары бар. Дегенмен бұрынғымен салыстырғанда жақсы деген баға беруге болады деп ойлаймын. Шымкентте былтыр МӘМС шеңберінде 1300-ден астам адамға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.
Ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде күрделі ота жасауға қолжетімділік артты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бүйрек, бауыр трансплантациясы мен алғашқы рет жүрек трансплантациясы да жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда қалада жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Биыл 1500-ге жуық адамға ЖТМК көрсету жоспарланып отыр. МӘМС аясында жылдан-жылға денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру да артуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 188 медициналық мекеме қызмет көрсетеді, оның 34-і – мемлекеттік, 154-і – жекеменшік медициналық ұйымдар. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қалалық филиалы тарапынан олардың халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жасалады. Өйткені, халықты сапалы әрі уақтылы медициналық көмекпен қамту, қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттыру – МӘМС жүйесінде медициналық қызмет берушілерге қойылатын негізгі талаптар, – деді А.Беден.
Емханаға тіркелу үшін баяғыдай келіп, сағаттап кезек күтудің қажеті жоқ. Электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса болғаны, e.gov.kz электронды үкімет порталы арқылы тіркеле аласыз. Ол үшін «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Барлық өрістер толтырылғаннан кейін пациент туралы ақпарат автоматты түрде емханаға түседі. Егер барлық қадам дұрыс жасалса, өтініш берушіге медициналық мекеменің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған тіркеу туралы хабарлама келеді. Дәл осы порталда қашан және қай уақытта жарналардың түскенін көруге болады. Бірақ, жалпы соманы өзіңіз есептеп алуыңыз қажет. Мұның барлығы «Денсаулық сақтау» бөлімінде қолжетімді.

Оңалту қызметіне қолжетімділік артты

Шымкентте МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артқан. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульмонологиялық бағыттар бойынша 68 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Емдеу мекемелері былтыр 400 мыңға жуық оңалту шараларын көрсеткен. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында консультациялық- диагностикалық қызмет көлемі де өсуде. Егер 2019 жылы 837 675 консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген болса, былтыр МӘМС және тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі шеңберінде 4 миллионға жуық қызмет көрсетілді. Ал, сұранысқа ие консультативтік-диагностикалық қызметтер мен қымбат тұратын КТ/МРТ -нің тұрғындарға қолжетімділігі өткен жылдармен салыстырғанда 1-5 күнде жасалып, 10 күннен артық күттіру 9% -2 % -ға төмендеді. Қымбат медициналық диагностикалық қызметтер 2020 жылға дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ғана тегін көрсетілген болса, бүгінде барлық сақтандырылған азаматтарға ақысыз негізде қол жетімді.

Дәрі-дәрмектер тегін босатылуда

Маманның айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу – ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берген.
–Шымкентте бүгінгі таңда амбулаториялық тегін дәрі -дәрмек 131 нозология бойынша босатылуда. Науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен. Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда емхананың дәріханасынан дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі. Қаладағы медициналық мекемелерде былтыр 114 054 науқас стационарлық жағдайда емделген. Оның ішінде 100 мыңға жуығы МӘМС қаражаты есебінен ем қабылдады. Күндізгі стационар бойынша 37 мыңға жуық науқасқа медициналық көмек көрсетілген. Оның 11 790-ы – МӘМС есебінен, 25 134 науқас тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша емделді, – деді Ахмет Беден.
Қазіргі таңда Шымкентте тұрғындардың 78 пайызға жуығы МӘМС -пен қамтылған. Халық саны 2022 жылмен салыстырмалы түрде 1165340 (1135248), оның ішінде сақтандырылғандар 906760 (901922) сәйкесінше (77,8%/79,4%), сақтандырылмаған азаматтар 258580 (233326) сәйкесінше (22%/19,6%).
Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастыруда. Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босатылған тұрғындар саны 700 мыңнан астам. Биыл мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды.
Әлі де сынға алынып, наразылық тудырғанымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тиімді тәсіл екені анық. Себебі, денсаулық сақтау секторын қаржыландыру сақтандыру жарнасы есебінен өседі. Медицина қызметкерлерінің сапасын бақылау мен күнделікті мониторинг жүргізу жүйелі жүзеге асады. Еңбек өнімділігі артып, экономикалық шығындар азаяды, жұмыс уақыты оңтайланады. Жаңа дүниені қабылдауға қашан да уақыт керек. Алайда, уақыт керек екен деп немқұрайдылық танытуға да болмас. МӘМС – бұл әлемдік деңгейдегі тәжірибе. Мұны дұрыс қолдана білсек, халыққа да, мемлекетке де тиімді болары анық.

Г.БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.