Бұқараның тілегі – биліктің назарында Избранное

Пятница, 05 Апрель 2024 06:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 256 раз

Шымкентте тұрғындар тарапынан жолдардың сапасына қатысты әлі де шағым көп. Әсіресе, әлеуметтік желілерде ойдым-ойдым, шұңқыр жолдарды жөндеу бойынша өтініштер, сыни пікірлер жиі жазылады. Атап айтқанда, қала тұрғындары Қонаев даңғылы, Ерімбетов, Қазиев (Рысқұловтан Арғынбеков көшесіне дейін) көшелері мен А-2 айналма жолында шұңқырларды тезірек жамалып, жөндеу туралы шағымдарын жеткізген. Қазір бұл мәселе қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің назарында тұр. Аталған көшелердің жайын біз де көзбен көріп қайттық.

Jol

 

Қонаев даңғылына қатысты мәселе шешімін шапты. Жөндеу жұмыстары жоспарға сай, кезең-кезеңімен атқарылуда. Аталған даңғылдың Жандосов көшесінен Тәжібаев көшесіне дейінгі аралығы (оң жақ бөлігі) наурыз айында жөндеуден өтті. Қазір Желтоқсан көшесінен Тәуке хан даңғылына дейінгі аумағында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қонаев даңғылы негізгі магистральдық көшелердің бірі болғандықтан, көлік қозғалысы өте жоғары. Құрылыс басында 20 адам жұмыс істеп жатыр.
Көшенің асфальты отырып, кедір-бұдыр болуы, жарылуына байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау үшін, сонымен қатар пайда болатын шұңқырларды жамауға кететін қаражатты үнемдеу мақсатында орташа жөндеуден өткізуге шешім қабылданған еді.
Аталған орташа жөндеу жұмыстары асфальттың тозған қабатын жаңартуға және жол жамылғысын сақтап, алдағы уақытта көліктердің және жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Тұрғындар көп шағым айтқан аумақтың бірі – Қазиев көшесі (Рысқұловтан Арғынбековке дейінгі аумақ). Аталған көшеде ойдым-ойдым шұңқырлар халықты әбігерге салып жатыр. Көшені аралау барысында өзіміз де көз жеткіздік. Расында, тезірек жөндеуді қажет ететін нысанның бірі. Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауса, жол мүлдем көрінбейді. Қыстан бері жол жарылып, шұңқырлар пайда болған.
Әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан А-2 автожолына қатысты да өтініш-арыздар көп түсуде. Осыған байланысты қала әкімінің тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар қолға алынған.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қаладағы барлық көшелердің жағдайынан хабардар. Басқарма мамандарының мәлімдеуінше, көшелердің асфальтбетон қабатында қысқы мезгілдегі жауын-шашын салдарынан пайда болған ойық-шұңқырларды жамау жұмыстары жоспарға сай іске асырылуда.
Бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көлік ағыны жоғары орталық магистраль көшелер жөндеуден өтуде. Шағынаудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріндегі шұңқырларды жамау жұмыстары содан кейін ғана жүргізіледі.
Жыл басынан бері А-2 автомобиль жолы, Бәйтереков, Сайрам, Рысқұлов, Ерімбетов, Бақбаев көшелері, Бәйдібек би даңғылы және Темірлан тас жолында шұңқырлар жамалып, жөндеу жұмыстары атқарылды.
Тұрғындардың белсенділігінің арқасында Қазиев көшесінде де жөндеу жұмыстары 3 сәуір күні басталды. Бұқараның тілегін еститін, халық үніне құлақ асатын биліктің әрекеті осындай болса керек.
Қалада сапасы құрыған жолдар әлі де көп. Әлеуметтік желіде әркім көрпені өзіне қарай тартып, өз көшесін тез жөндеп берсе дейді. Дегенмен, әр көшенің жолын жөндеудің өз мерзімі бар.
Сапалы жолдар – экономиканың күре тамыры. Қалада орташа жөндеу, қайта құру, жалпы жол құрылыстарында сапаны арттыру бағытында халықпен бірлесе атқаратын жұмыс көп.
Басқарманың мәліметінше, биыл А-2 айналма жолында тегістеу қабатын төсеу, Түркістан, Көшеров, Қазиев, Құртаев, Сіргелі, Бөгет, А-2 айналма жолы, Момышұлы көшелерінде шұңқырларды жамау, Ерманов көшесінде жол белгілерін жаңарту, Бозарық айналма жолында жол белгілерін қалпына келтіру, Орынбаев,Тәшенов көшелерінде жол белгілерін түзету, қайта орнату жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.