«БІР ЕЛ, БІР ХАЛЫҚ БОЛЫП ӘРЕКЕТ ЕТУІМІЗ КЕРЕК» Избранное

Пятница, 05 Апрель 2024 07:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 274 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көруден басталды.

PresDent

 

Президент Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты.
«Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген.
Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр. Қарғын су басқан аумақтардан 7 мыңға жуық тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. Су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр» делінген хабарламада.
Президент су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан кейін аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке барды. Мемлекет басшысы гуманитарлық көмекті тарататын пункттің жұмысымен танысып, су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен әңгімелесу барысында мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Бірақ биылғы тасқын одан да асып түсті.
Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты.
– Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады, – деді Президент.
Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады.

PresDent-1


Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша Үкіметке тиісті тапсырма беретінін жеткізді. Сонымен қатар қарғын суды халықтың игілігіне пайдалану қажет екенін атап өтті.
Кездесуден соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлерде тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қолға алынып отыр.
Штаб отырысында Президент су тасқынының кері әсерін алдын-ала ескертуге және жоюға бағытталған ұйымдастыру, алдын алу, инженерлік-техникалық, сондай-ақ шұғыл шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
– Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып, гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке, уәкілетті органдарға, облыстардың әкімдеріне қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін шаралар қабылдау, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын бақылау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, малдың жаппай қырылуына байланысты ушыға түскен эпидемиологиялық жағдайға арнайы тоқталды.

Материал akorda.kz және kaz.inform.kz
сайттарынан алынды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.