Жалпы, бұл тақырып бүгінгі қоғамда өте өзекті. Елімізде психикалық бұзылулар мен тәуелділіктерді диагностикалау, емдеу және олардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, соңғы жетістіктер мен инновациялық тәсілдерді талқылау үшін психиатрия және наркология саласындағы жетекші сарапшылар мен спикерлердің тәжірбиесі қажет. Сондықтан Психикалық денсаулық орталығының жетекшілігімен өткен семинар дәл осы мәселелер аясында болды.
Семинарға ДДҰ-ның Орталық Азия елдері бойынша Еуропалық бюросының психикалық денсаулық жөніндегі Еуропалық коалициясының консультанты, Шығыс Еуропа елдеріндегі Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың өкілі, жоғары санатты психиатр Николай Негай және м.ғ. д. профессор, ҚРМУ НУО психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі С.Ешімбетова, білікті невролог Назира Асанқызы қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, аутизм әлемде 160 баланың біреуінде кездеседі. Аутизмге шалдыққан балалар саны бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да өсуде. Қазақстанда 12 087 бала аутизмге шалдыққан. Шымкентте де аутист балалар қатары жыл санап артып келеді. Негізінен, аутизм – ауру емес. Әрбір адамның қайталанбас тұлға екенін және аутизмі бар адамның өзінің мықты тұстары мен дарыны бар екенін есте ұстаған жөн. Қоғам тарапынан тәлімгерлік, түсіністік және төзімділік таныту аутизмі бар адамдар үшін өз потенциалын аша алатын қолайлы орта құруға көмектеседі. Біз барлық қоғам қайраткерлерін, қоғамдық ұйымдар мен азаматтарды аутизмі бар адамдар мен олардың отбасыларын қолдау әрекеттеріне қосылуға шақырамыз. Біз бірге әр адам тең мүмкіндіктер мен құрметке ие болатын мейірімді және инклюзивті қоғам құра аламыз,– деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ережепов.
Шығыс Еуропа елдеріндегі Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың өкілі, жоғары санатты психиатр Николай Негай кез келген сырқат миға түсетін ақпараттармен тығыз байланысты екендігін түсіндірді. Түрлі аурулар мен тәуелділіктер мида қалыптасқан әрекеттерден туындайды, – дейді жоғары санатты психиатр Николай Негай.
Ал, нашақорлық бойынша Шымкент қаласындағы статистика да көңіл көншітерлік емес. Биыл былтырғыдан да жоғары. Өкініштісі, бұл синтетикалық өнімді қолданатындардың басым көпшілгі – жасөспірімдер. Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев осы мәселеге алаңдаушылығын білдірді.
– Нашақорлық қоғамның басты мәселелерінің бірі болып қала береді. ДДҰ мәліметтері бойынша, 2023 жылы әлемде синтетикалық есірткіден 30 миллионнан астам адам қайтыс болды. Батыс елдерінде әрбір жиырмасыншы жас адам есірткіге тәуелді. Бүгінде Қазақстанда нашақорлықпен есепте 18 мыңнан астам адам тұрады, бірақ мамандардың пікірінше, нақты көрсеткіш бұдан 10 есе жоғары. Заңсыз есірткі нарықтары барған сайын қоғамға зиянын келтіріп, кең тарауда. Синтетикалық препараттардың арзандығы мен оңай қолжетімділігі оларды тұтыну статистикасының жыл сайын 2.5-3 есе өсуіне әкеледі. 2023 жылы 75-тен астам синтетикалық есірткі зертханалары анықталды және жойылды. Бүгінгі таңда әлемде әртүрлі синтетикалық препараттардың 1000 түрі бар.
Сондай-ақ, қаламызда лудомания дерті дендеп барады. Елдегі әрбір бесінші жас құмар ойынның құрығына ілінген. Сарапшылардың айтуынша, лудомания диагнозымен 10 адам тіркелген. Тиісті орталық мамандары емдеу шараларын жүргізгенімен, қауіп сейілмей тұр. Психикалық денсаулық орталығында былтыр ойынқұмарлықтан 7 адам ем алса, осы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 10 адам дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Осыдан-ақ, құмар ойын мен бәс тігудің шырмауына түсіп жатқандардың қатары артып келе жатқанын аңғару қиын емес.
Семинарда дәл осы мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерден 200-ге жуық маман қатысты. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде шетелдік мамандармен тәжірбие алмасу жалғаса береді дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ