Өмірі өнегелі азамат Избранное

Среда, 07 Август 2024 05:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 455 раз

Пердеш ағаны шаһардағы мәдени көпшілік, қоғамдық іс-шаралардан жиі көреміз. Бейнеттен зейнетке шықса да әрдайым сергек қалыпта. Тағылымды іс-шаралардың ортасынан табылып, жастар және әлеуметтік мәселелерге келгенде үнемі ой қосып, бастама көтеріп жүргені. Мақтаарал, Жетісай ауданының Құрметті азаматы, ақын, мемлекеттік қызметтің ардагері Пердеш Есенбеков ағамыз 70 жасқа толып отыр. Әлі ширақ. Ағамыздың еліне берері әлі де көп. Бүгінде көкейдегі ойларын қағазға түсіріп, біздің редакцияға жиі жолдап тұрады.

azamat-1

 

Пердеш аға бүгінде Қаратау ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұрпақтар сабақтастығы, ардагерлерді ардақтау, жастарды отансүйгіштікте тәрбиелеу сынды ұлағатты міндеттерді мойнына алған.

azamat


Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан аумағында тазалық іс-шараларына атсалысып, аудандық ардагерлерді жақсы бастамаға ұйыстырып келеді. Қаратау ауданының ардагерлері көктемнен бастап іс-шараға белсене қатысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, көпшілікті тазалық акциясына қатысуға шақыруда. Мінекей, осы жұмыстың басы-қасында Пердеш ағамыз жүр.
– Шырайлы Шымқаламызды шын мәніндегі жасыл қалаға айналдыру жөнінде көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары алаңдардан бастап аулаларға дейін атқарылып жатыр. Тазалық – мәдениеттіліктің белгісі, денсаулықтың кепілі. Өзіміз ауасын жұтып, өмір сүріп жатқан ортамыздың таза болуы, жасыл желекке айналуы өз қолымызда. Бізге сырттан басқа біреу келіп істеп бермейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», сондықтан бәріміз бірге қаланы гүлдендіргенге не жетсін?! Үйдің ауласына егілген көшеттердің саясына ертең сол тұрғындардың өздері, балалары саяламай ма? Таза ауасын жұтып, қонақтаған құстардың құйқылжыған үндерін өздері естімей ме? Тұрып жатқан қаламыздың, көп жүретін көшеміздің, ыстық қоныс үйіміздің жақсы, жайлы, желекті болғаны баршамызға ортақ емес пе, ағайындар?! – дейді ағамыз көпшілікке үн тастап.
Акция барысында Нұрсәт шағынауданындағы көпқабатты үйлер аулаларына 87 жастағы Қожабай Кәрібаев бастаған қариялар көшет отырғызды. Қадірлі ақсақалдар игілікті іске сәттілік тілеп, жастарға батасын берген-тін. Өкінішке қарай, сол көп қабатты үйдің тұрғындарының самарқаулығына, селқостығына жаны күйініп, осылай өкпе-ренішін жеткізді. Тұрғындардың өз аулаларын абаттандыруға жарты сағат уақыт бөлмегенін айтып, шырыл қағады көкеміз. Орынды-ақ.
Пердеш ағаның өмір жолы, саналы ғұмыры мемлекеттік идеология саласын жандандыру, тарихымызды, руханиятты түгендеумен байланысты. Мырзашөл өңірінің қоғамдық-саяси өміріне бар күш-жігерін арнап, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет саласында қажырлы еңбек етті. 1994 жыл Жетісай ауданы Үлгілі ауылдық округіне әкім болып тағайындалды. Бірнеше жыл Үлгілі, Қазыбек би, Жаңа жол ауылдық округтеріне басшылық етті. 2007 жылы іріленген Мақтарал ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілідерді дамыту бөліміне басшы болды. Маңызы зор ішкі саясат саласының тамырына қан жүгіртіп, мәдениет саласында талай ілкімді іс-шараларды ұйымдастырды. Дарында жастарға қолдау көрсетті.
Абзал азаматтың ауданда жүзеге асырған, бастамашы болған істері көп-ақ. Мақтарал ауданында ауылды, елді мекендерді көгалдандыру ісінде белсенділік танытқанын көпшілік білер. «Туған жерді түлетуге үлес қос» қағидасын берік ұстанып, өзі тұратын А.Қалыбеков ауылдық округіндегі мектепке, мәдениет үйіне ағаш көшеттерін сыйға тартты. Атамұра ауылы тұрғындары мен жолаушыларға арнап аялдама орнатып берді. Ауылдардағы көшелерді жарықтандыру, мазараттарды тазарту, көгалдандыру жұмыстарына ұйытқы болды.
Мақтарал ауданы әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының мүшесі болып, көптеген тағылымды жиындарды жүргізді. Сонымен қатар, облыс орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына ауысқалы Мақтаарал ең шалғай аудан болғанын, жаңа ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа жөнелту үшін темір жол мен әуежай қажеттілігін де алға тартып, мәселе көтерді.
Мырзашөл өңірінің өркендеуіне бар күш-қайратын жұмсаған Пердеш аға қазір зейнет демалысында. Бірақ бір орнында отырған кезі жоқ. Үнемі жақсы істердің жаршысы, бастамашысы болып келеді. Бүгінде осындай өнегелі істерін Шымкент қаласында да жалғастыруда. Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне өткен жылы кірісіп, бірқатар тағылымды іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосты. Биыл жазда аудан ардагерлері Түркістан облысы Бәйдібек ауданы аумағында орналасқан Бәйдібек баба қабірі басына, «Ақмешіт үңгірі» аталатын киелі орындарды аралап қайтты. Қайтар жолда Сайрам ауданы аумағындағы «Домалақ ана» кесенесіне зиярат жасады. Былтыр ардагерлер ұлт ұясы Ұлытаудағы Жошы хан кесенесіне де сапарлап қайтқан-тын. Мінекей, осындай ізгілікті істі ұйымдастырушылардың бірі – Пердеш ағамыз.
Қалада аудандық ардагерлермен бірге Мемлекет басшысының жолдауын көпшілікке түсіндіру, жастар тәрбиесін жандандыру бағытында ұстаздармен, жастармен кездесу, кітапхана, театр, мұражайларда іс-шараларға қатысуға бастамашылық етіп келеді. Одан бөлек, ардагерлерді баспасөзге жаздыру мәселелері де ағамызға жүктелген. Биыл күз айында бастауыш ардагерлер ұйымының семинар кеңесі өтпек. Қазіргі таңда Пердеш Есенбеков бастаған аудандық ардагерлер осы іс-шараға дайындыққа кірісіпті.
Ағамызды қоғамдағы өзгерістер, замана үрдістері, руханият саласындағы мәселелер жиі толғандырады. Ішкі саясат, идеология саласының ардагері көкейдегі бұлқынған ойларын ақ қағазға түсіріп, мақалалар жазады. Қызметте жүрсе де шығармашылықтан қол үзбей, «Құба таңда құба жыр» жыр жинағын оқырманға ұсынды.
Пердеш Есенбеков ағамыз Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Еңбегі ел Үкіметі тарапынан еленіп, «ҚР Тәуелсіздігіне 20, 25, 30 жыл» мерекелік медальдары, мемлекеттік «Шапағат» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Түркістан облысының Құрмет грамотасымен наградталды. Бүгінгі таңда Сәлима апамыз екеуі ұл-қыздарынан немере, шөбере сөйіп отырған үлгілі әулет. Сондай-ақ, бүгінде ұл-қыздары да әке жолын қуып, БАҚ саласында еңбек етуде.
Қазір Парижде жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Пердеш аға жарыстағы спортшылардың жағдайын сұрап, жиі-жиі қоңырау соғады. Ел үміт артқан спортшылардың қашан шығатынын, мүмкіндіктері қандай екенін, қарсыластарының әлеуетін сұрайды. Иә, ардагер аға әрбір қазақ жасына шын тілеуқор. Олардың әлемдік спортта топ жаруына тілеулестік танытып, спорттағы бәсекеге алаңдайды-ақ.
Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын, Пердеш аға. Ұрпақ тәрбиелеу, қарияларды қадірлеу, аға буынның өнегелі өмір жолын дәріптеу, қоғамдық мәселелерді көтеру жолында әлі де береріңіз көп деп білеміз. Қолға алған барша бастамаларыңыз баянды болып, бейнеттің зейнетін көре беріңіз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.