ТАМЫЗДЫҢ ТАМЫЛЖЫҒАН КЕШІ ҚАНДАЙ?! Избранное

Среда, 07 Август 2024 06:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 686 раз

сол кеште Сіз алаңсыз серуендесін деп мемлекет миллиардтардың жұмысын атқаруда

Шымкентте жаздың аптап ыстығы әзірге басыла қойған жоқ. Бірақ, шілде айындағыдай емес, түнге қарай салқын түсетінін байқап жүрміз. Қас қарая берген кезде қапырықтың беті қайтып, салқын леп біліне бастайды. Тамыздың осындай тамылжыған кештерінде шырайлы Шымкенттің жасыл желекке оранған саябақтарында отбасыңмен немесе құрбы-құрдастарыңмен бірге серуендеген қандай керемет десеңізші?! Күні бойы аптап ыстықтан қашып, кеңсесі мен үйіне тығылған қала тұрғындары кешқұрым шырайлы шаһардағы саябақтар, гүлзарлар мен аллеяларға қарай ағылады.

Tam11

 

Иә, у-шуы бітпейтін, қым-қуыт тіршілігі әсте толастамайтын үлкен қалада бір ауық таза ауамен тыныстап, табиғаттың аясында серуендеудің өзі бір ғанибет. Мұндайда бойың тынығып, ойың сергіп, өмірге деген сүйіспеншілігің мен құлшынысың артып сала беретіні бар. Демек, тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін қаланы көгалдандыру, халыққа қолайлы, жайлы орындарды қалыптастару, серуендеуге болатын орындарды көбейту – жергілікті атқарушы биліктің алдында тұрған маңызды міндет.
Бүгінде Шымкент қаласында осынау маңызды міндетті жүзеге асырумен айналысатын арнайы басқарма жұмыс істейді. Ол – қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы. Алғашқы құрылған кезде басқарма міндетіне тек көгалдандыру жұмыстары кірсе, бүгінде оған жүктелер қызмет аясы кеңейген. Басқарма жоғарыда аталған міндеттен бөлек, саябақ, гүлзар, субұрқақ, ескерткіштерді күтіп ұстау, саябақтар құрылысын жүргізу, күре жолдардың тазалығына жауап беру, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны қызметін іске асыру, су шаруашылығы, оның ішінде арық-арналарды тазалау мен жөндеу, құрылысын салу секілді жұмыстарды да қоса атқарады. Жақында осы басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар баспасөз брифингін өткізіп, жарты жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлардан хабардар еткен-ді.

Басқарманың деректері бойынша, қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы аумағы 210 гектарды алып жатқан 10 саябақ, 44 гүлзар мен аллея бар екен. Оған қоса аумағы 117 гектарлық Дендросаябақтың да орны ерекше. Биыл Шымкенттің екі шетінде жатқан екі шағынауданда, атап айтқанда, Сәуле мен Шымситиде екі үлкен саябақ ашылып, халық игілігіне берілді. Кешқұрым сол жаңа саябақтарға барсаңыз серуендеуге келген адамның қарасы қалың екенін байқайсыз. Яғни, саябақтарға деген сұраныс өте көп. Осыны ескерген қала әкімдігі саябақтар мен гүлзарларды көбейтуді мақсат етіп отыр. Бұл жұмыстың нақты жоспары жасалып, межелері де белгіленіп қойған. 2025 жылдың соңына дейін Шымкентте саябақтардың санын 15-ке, ал, гүлзарлар санын 50-ге жеткізу мақсатында қызу жұмыс жүріп жатыр екен.
–Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, қалада тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, халық көп шоғырланған аумақтарда жасыл желекті көптеп егу жұмыстары жоспарға сай қолға алынды. Биыл жалпы ұзындығы 36,4 шақырымды құрайтын 20 көшенің бойын абаттандыру, көгалдандыру жоспарлануда. Газон егумен қатар, әр түрлі ағаш көшеттері де (52 345 түп) отырғызылмақ. Бұл өз кезегінде шаһарға көрік беріп қана қоймай, қаланың ауасының тазаруына да көп септігін тигізеді. Осы бағытта биыл қалада рекордтық көрсеткіште, 400 мың шаршы метр жерге газон екпелері егілуде. Мәселен, Дінмұхамед Қонаев даңғылы бойына осыдан 10 жыл бұрын газон екпелері егілген еді. Қазір көгалдың көп бөлігі сарғайған. Сол себепті ескірген көгалды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл қаланың орталық көшелерінде бұрынғы раушан гүлдер ауыстырылып, гүлдердің жаңа түрі егіледі, - дейді Әбілқайыр Оңғар.
Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мердігер мекемелер тарапынан көшелерді тазалауға 50 адамнан тұратын бригадалар құрылып, халық көп жүретін қоғамдық орындар мен аялдамалардың, жол жиектерінің тазалығын тұрақты қамтамасыз ету жұмыстары күнделікті атқарылуда. Бүгінгі таңда мердігер мекемелер қала аумағындағы қылқан жапырақты ағаштарды жәндіктерге қарсы арнайы препараттармен дәрілеу, жай жапырақты ағаштарды әктеу және арнайы пішін (формовка) беру жұмыстарын жүргізуде. 2025 жылға дейін Шымкент қаласында жасыл аймақты 21 544 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Онда 6,5 млн. түп ағаш-бұталар өсіріледі.

Субұрқақтар балаға да, басқаға да қуаныш сыйлап тұр

Отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан кезде ерекше қуанатын, әрине, балалар. Балалардың саябақтар мен алаңдарға барған кезде алдымен қызықтайтыны субұрқақтар десек қателеспейміз. Олар бір-біріне су шашып, асыр салып ойнап, қуанышқа бөленеді. Субұрқақты көргеніне мәз болып қуанған баланың риясыз күлкісін көрген кезде қаланы абаттандыруға, саябақтар мен субұрқақтар салуға, оларды күтіп ұстауға бюджеттен бөлініп жатқан миллиондаған қаржының босқа кетіп жатпағанын ұғынасың.
Иә, субұрқақтар айналасына салқын леп таратып, микроклимат жасау арқылы балаларға ғана емес, үлкендерге де қуаныш сыйлайды. Сондықтан мемлекет саябақтарды көбейтуге, барын күтіп ұстауға баса назар аударып отыр.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы қала тұрғындарының ұсынысы негізінде Ж.Тәшенов пен Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан тарихи Көл аумағын толығымен жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жаңадан үш субұрқақ қойғызған. Сонымен қатар Ордабасы алаңындағы қоршаулар, гранит жабындылары, субұрқақтар мен өрнектастар жаңартылды. Әкімшілік іскерлік аумағындағы «Тайқазан» субұрқағының электрлік жүйесі мен насостары, Әуежай аумағындағы, Металлург саябағындағы субұрқақтардың насостары жаңартылды. Орталық саябақтағы субұрқақтың насостарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орыс драма театр аумағындағы субұрқақтардың насостары жаңадан қойылып, Абай саябағындағы субұрқақтың электрлік жүйесі ретке келтірілді.
Қазіргі уақытта Әкімшілік-іскерлік аумағындағы әуенді субұрқақтың барлық насостары жаңартылды. Қала аумағындағы субұрқақтарды күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары өткізіліп, соттың шешіміне сәйкес мердігер анықталған. Қазіргі уақытта келісімшартқа тұру жұмыстары жүргізілуде.

Ирригация жүйелері құрылысы қарқын алған

Басқарма басшысының мәліметінше, қала аумағы арқылы ағып өтетін Бадам өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 9 шақырым өзен жағасын бекіту жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарда. Қазіргі таңда Еңбекші ауданы аумағындағы 3 елді мекенде бұл жұмыстар 90 пайызға аяқталды. Мердігер мекеме өз есебінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын қоса атқаруда. Сонымен қатар, Қызылжар, Игілік тұрғын алаптарында да жаға бекіту жұмыстары жүзеге асырылуда.
Су тасқынының алдын алу мақсатында Ақжар су қоймасына қүрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленуде. Жобаның жалпы құны – 70,9 млн.теңге қаралған. Текесу су қоймасы бойынша көп факторлы тексеру және бөгеттерін декларациялау жұмыстарына бюджеттік өтінім ұсынылып, мердігер мекеме анықталды.

IroG


Сонымен қатар, ағымдағы жылы 3 каналдың (Қызыл-сеңгір, Янгибай, Ақсай-Қарабастау) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіледі. Мердігер анықталғаннан кейін өндірістік кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Қошқар ата өзені жағалауын (Жангельдин көшесінен Алпысбаев көшесіне дейін) абаттандыру жұмыстарын жүргізуге демеушілер есебінен жобалық сметалық құжаттама әзірленуде.
Биыл қолға алынған оңды істердің бірі – Дендросаябақ аумағын суғару жүйесінің жаңартылуы дер едік. Қазіргі таңда саябақты 17 секторға бөліп, суғару жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Одан бөлек, дендросаябақтың аумағында 150-ден астам жарықшамдар ауыстырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалды.

9 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала аумағында көшелер, аяқ жолдар, ирригациялық жүйе, канал мен арықтарда тазалық жұмыстары ұдайы атқарылуда. Сонымен қатар, ағаштарды әктеу мен санитарлық кесу жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылды. Тарихи-мәдени ескерткіштер және мазараттар аумағында абаттандыру мен тазалық жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, қала аумағындағы «Бадам», «Қошқар ата», «Қарасу» өзендерінің, «Бадам» су қоймасының және каналдардың жағалауларында тазалау жұмыстары жүргізіліп келеді. Қураған ағаш бұталарын аралау, шөп ору, санитарлық тазалау, күл-қоқыстарды шығару жұмыстары атқарылды. Қошқар ата өзені арнасының тазалау жұмыстары күнделікті кестеге сәйкес жүргізілуде.
Аталған іс-шараларға жалпы 190 мыңнан аса адам қатысып, 2100-ден астам өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 681 әлеуметтік нысан қамтылды. Бұл жұмысқа 9157 бірлік техника пайдаланылды. Науқан барысында 8 мың шақырымнан астам көше, 9 мың шақырымнан астам аяқ жол, 724 шақырымнан астам ирригациялық жүйе, канал мен арық тазаланып, нәтижесінде 9 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Қазіргі уақытта, Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда.

ТҮЙІН:

Иә, өмір бар жерде, тіршілік бар жерде түрлі қиындықтар мен проблемалар бола беретіні белгілі. Бірақ, бүгінде қаламызда адамның игілігі үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Көрші шағын аудандағы жаңадан ашылған саябаққа немесе үйдің іргесіндегі гүлзарға барсақ та, түнгі қаланың көшелерінде самаладай жарқырап жанып тұрған шамдарға қарасақ та, балаларымыздың заманауи, зәулім мектептерде білім алып, үйірме мен спорт секцияларына тегін қатынап жүргенін немесе қарт ата-анамыздың емхана мен оңалту орталықтарында тегін дәрі-дәрмек пен ем-дом қабылдап, денсаулығын күтіп жүргенін еске алсақ та, осының барлығынан мемлекеттің өз азаматтарына деген, адамға деген қамқорлығын көріп, сезінеміз.
Бүгін біз баян еткен шаруалар Сіз бен біздің игілігіміз үшін істеліп жатқан жұмыстың азғантай бір бөлігі ғана. Тағы да қайталап айтамыз, елімізде халықтың игілігі үшін көп жұмыс істеліп жатыр. Тек соны көре білетін көкірек көзіміз, қадірлей білетін пайым-парасатымыз болса болғаны.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.