Адам папиллома вирусы дегеніміз не?

Среда, 04 Сентябрь 2024 04:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 152 раз

Адам папиллома вирусы (АПВ) 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуына себепші бола алады.

 

АПВ сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. АПВ инфекциясы ұзақ уақыт бойы симптомсыз болып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Көптеген адамдар аурудың клиникалық көрінісінсіз патогенді тасымалдаушы бола алады. АПВ-ны адам өмірінде қайталап жұқтыруы да мүмкін. Өйткені АПВ инфекциясынан айыққандардың барлығында вирусқа төзімділік қалыптаса бермейді. Көбінесе, аурудың клиникалық белгілері ерте кезеңдерінде пайда болмайды. Әдетте алғашқы белгілері қоздыратын факторлардың әрекетінен кейін пайда болады.
Жоғары онкогенді қауіпті штаммдар (16, 18, 31, 33 және т.б.);
Төмен онкогенді қауіпті штаммдар (6, 11, 32, 40-44, 72);
Вирустардың төмен онкогенді штамдары денеде сүйелдер мен тері папилломаларын пайда болдырады. Вирус штаммдарының жоғары онкогенді түрлері аногенитальды аймақта, әйелдерде жатыр мойнында және ерлерде жыныс мүшесінде кондиломалардың пайда болуын тудырады. Ағзаға вирустың 16, 18, 31, 33 типті штамының ұзақ уақыт әсер етуінен жатыр мойны дисплазиясына және одан да ауыр ауруға – жатыр мойны обырына әкелуі мүмкін.
АПВ тұрмыстық байланыс және вертикальды жолмен беріледі. Жұқтырған кезде вирус эпителий жасушаларына еніп, бөліну процесін бұзумен әртүрлі аурулардың дамуын белсендіреді. Негізінен, вирус несеп-жыныс жүйесінің органдарына және аноректалды аймаққа әсер етеді. Әйелдер мен еркектер патогенді бірдей жұқтырады. Әдетте, АПВ алғашқы жыныстық қатынастан кейін жұғады, бірақ инфекцияның басқа жұғу жолдары да анықталған. Вертикалды жолы – АПВ жұқтырған әйелдің босану жолы арқылы өту кезінде туылған нәрестеге жұғуы мүмкін. Аутоинокуляция эпиляция немесе қырыну кезінде өзіне-өзі жұқтыру (дененің бір аймағынан екіншісіне ауысу) мүмкін.
Тұрмыстық байланыс – АПВ қоршаған ортада біраз уақыт өмір сүре береді. Сондықтан оларды қоғамдық орындарға (монша, спорт залы, бассейн, т.б.) барғанда жұқтыру мүмкін.
Байланыс – инфекция терідегі немесе шырышты қабаттардағы жара беті арқылы жұғуы мүмкін (абразиялар, жаралар, көгерулер). Кез келген адам вирустық инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс. Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90%-дан астамға төмендетеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы егу жоспарлануда.

Самат Сейдалиев,
Жалпы тәжірибелік дәрігер

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.