Өскелең ұрпаққа – ұлттық тәрбие

Пятница, 01 Июль 2016 06:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4653 раз

2008 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға шақырып, жас ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы сан алуан өзгерістерге баса назар аударып келеді. Төлеби ауданы «Алма тау» демалыс аймағында өткен «Салт-дәстүрлiк iс-шаралардың деңгейiн биiктетудегi зиялылардың, ардагерлердiң және жастардың рөлi» жиынында да келелі мәселелер ортаға салынды. Баяндама жасағандар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты көздің қарашығындай сақтап, діннің тазалығын сақтауға шақырды. Той мәдениетін жетілдіру жолдарын айтты. Салмақты, салиқалы ой өрбітті. Сол ойларды ықшамдап газетімізге жариялауды жөн көрдік.

 MG 4862

 MG 4846Жеңiсбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Оңтүстiк Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы:

Той өткізу үлгісін реттеу керек

Той түптеп келгенде – ұлттың мәдениетi, салт-дәстүрдiң бiр көрiнiсi. Қай кезде де той өткiзу мәдениетi сақталуы керек. Той салтанаты жарасымды салт-дәстүрiмiздiң аясында өту үшiн ұшқыр ойы, жүйрiк сөзi, ұлттық намысы бар асаба азаматтарға да байланысты. Қысқа да, нұсқа айтылған сөздердiң бағасы әлдеқайда басым. Бейәдеп ойын, арзан әзiл-қалжың, тiптi орынсыз анекдоттың айтылуы тойдың әдемi өтуiн өзгертiп, қонақтарды жалықтырып жiберетiндерi де жасырын емес.
Осы орайда мен мынадай ұсыныс айтқым келедi. Әуелi асабалар белгiлi бiр орталыққа тiркеуден өтуi қажет секiлдi. Той өткiзу жөнiнде өңiрлiк кеңес құрылып, оның құрамына беделдi зиялы қауым өкiлдерi, iшкi саясат бөлiмi, мәдениет саласы, жастар ресурстық орталығынан өкiлдер енгiзiлсе жөн болар едi.
Сонымен, қорыта айтқанда, бүгiнгi тойымызға ұлттық нақыш керек. Оны ешкiм жасап бермейдi. Өзiмiз жасауымыз керек. Ауыл болып, ағайын болып ақылдасып қолға алуымыз қажет. Бүгiнгi қосыла салып айырылысып жатқан жастарымыздың санасына ұлттық дәстүрiмiздiң ұлағатты үрдiстерiн үйлену тойының үстiнде де үлгi етiп, аз-аздап болса да санаға сiңiре бiлсек, еңбектiң еш кетпегендiгi.


 MG 4883Абай БАЛАЖАН,
«Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң директор-бас редакторы:

Ұлттық дәстүр – ұлттың тамыры

Тамырынан ажыраған өсiмдiк не iстейдi? Әрине, қурайды. Мәселеге осы қисын тұрғысынан келсек, дәстүрiнен ажыраған ұлт та жойылып, жоқ болады.
Бұл сөзiмiздi бiреулер құп алар, бiреулер құп алмас, алайда, бәрiбiр айтуға тура келедi, егер дiн iздесеңiз қазақтың дәстүрi дегенiңiз тұнып тұрған дiн! Қазақтың шыр етiп дүниеге келгеннен бастап, ақтық демi бiтiп, жер бетiндегi сапары үзiлгенге дейiнгi аралықтағы өмiрiнiң бәрi дiннен тысқары емес. Сәби дүниеге келгенде «Әлди-әлди» деп бесiк жырын айтасыз ба? Айтасыз. Сiз сол кезде-ақ перзентiңiздiң құлағына Алланың ұлық есiмiн құйып отырсыз. Лингвист ғалымдар «Әлди-әлдидi» «Алла-Алла» деген сөздiң фонетикалық өзгерiске ұшыраған түрi деп түсiндiредi.
Балаңыз апыл-тапыл жүре бастағаннан ала жiппен тұсауын кесесiз. Неге ала жiппен? Әрине, кiсiнiң ала жiбiн аттамасын деген игi де iзгi тiлекпен. Ал кiсiнiң ала жiбiн аттамау дегенiңiз ислам дiнiнiң алтын өзегi емес пе?! Артынша сүндетке жатқызып, мұсылман етесiз. Қыз ұзатып, келiн түсiрiп, «Жар-Жар» айтасыз. Демек, Құдайтағаланы тағы да еске түсiресiз. Ең
соңында ағайын-туыс марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда да дiни жоралғылардың бәрi орындалады. Сонда қазақтың бесiк пен бейiтке дейiнгi жолының бәрi дәстүрмен әдiптелiп, дiннен алшақ кетiп жатқан жоқ. Ендеше, дiн ешуақытта да мешiт санымен өлшенбейдi. Дiн жүректiң тазалығымен өлшенедi. Ал қазақтың бүкiл дәстүрi жүрегiңiздi кiрлетпеуге жұмыс iстейдi.


 MG 4864Баршагүл ИСАБЕК,
Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық
институтының бiрiншi проректоры:

Жас ұрпақ тәрбиесi – баршаға ортақ iс

Қазақ елiнiң жаһандану жолына бет бұрған кезеңiнде қоғам алдында тұрған аманаттың бiрi – ұрпақты заман талабына сай интеллектуалды, мәдениеттiлiгi имандылықпен ұштасқан ұлтжанды ұрпақ етiп тәрбиелеу бағытын дұрыс жолға қою мiндетi тұр.
Халықтық салт-дәстүрлер ұрпақты тектiлiкке, кiсiлiкке, парасаттылыққа тәрбиелейдi. Ұлттық дәстүрдiң жаманы болмайды, тозығы болады, тозығы қолданыстан шығып, озығына орын берiп отырады. Дәстүрдiң жоғалтқан жақсысын түгендеп, бүгiнгi заман талабына сай дамытып, жетiлдiре түсу қажет. Салт-дәстүрлердi сақтай бiлген ұрпақ болашақты баянды етiп, Мәңгiлiк ел болу идеясын жүзеге асырады деген сенiмдемiз. Ұлымыз ұлағатты, қызымыз инабатты, халқымыз салауатты болсын! Рухымыз сөнбесiн, бағымыз өрлесiн, ағайын!


 MG 4894Ерлан АЙТБАЕВ,
облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқарманың
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нiң басшысы:

Психологиялық көмек көрсету орталықтары ашылса...

«Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумның ықпалымен 2011 жылы барлық аудан, қалаларда «Жастар орталықтары» ашылды. Аталған орталықтар жастармен жүйелi түрде жұмыс жүргiзiп, оларға тиiмдi жағдай жасап келедi. Бұл аталған форум жұмысының нәтижесiз емес екенiнiң бiр көрiнiсi. Дегенмен, талқылануы тиiс өзектi мәселелер, шешiмiн күткен проблемалар әлi де жетерлiк. Мәселен, бүгiнгi таңдағы өте өзектi мәселе – қыз балалардың кәмелеттiк жасқа толмай ерте жүктi болып қалуы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлiметi бойынша облыста жыл басынан берi 349 кәмелеттiк жасқа толмаған қыз бала жүктi болғаны тiркелген. Қазақстан бойынша кәмелеттiк жасқа толмаған қыз балалардың ерте жүктiлiгi жөнiнен алдыңғы бестiкке кiрiп отырғанымыз өкiнiштi жағдай. Сонда бiздiң ұлттық дәстүрдi сақтағанымыз, жастарға өнегелi тәрбие бергенiмiз қайсы?! Мұндай мәселелер айтылған жерiнде қалмай, ата-аналардың, мектеп басшыларының, ақсақалдардың, тұтас қоғамның тұрақты бақылауында болуы тиiс.
Осы орайда, психологиялық көмекке мұқтаж жандарға, болашақ ана, қыз баласына, жалпы жастарға көмек көрсету мақсатында барлық аудан, қалаларда бiлiм бөлiмдерiне қарасты психологиялық көмек көрсету орталықтары ашылып, педагог-психологтарды елiмiздегi, облыстағы үздiк психолог мамандары арнайы курстарда оқытса деген ұсынысым бар.
Менiңше, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы осындай саналуан проблемаларды қозғауымен, нақты ұсыныстарды ортаға салуымен құнды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.