«Серпiн-2050» – бiртұтастығымыздың алтын қазығы

Среда, 24 Август 2016 06:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3571 раз

Жуырда облыстық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде қазақстандық татулық пен келісім үлгісін ілгерілету бойынша үш күндік өңірлік семинар ұйымдастырылды. Оған елге белгілі саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, дінтанушылар мен құқық қорғау орындарының өкілдері қатысып, елдің бірлігін сақтап, нығайту жайын жан-жақты талқылады.

seripn 2050

Семинарда еліміздің оңтүстік өңіріндегі жастардың солтүстікке барып, тегін білім алуына мүмкіндік беріп отырған мемлекеттік «Серпін-2050» жобасының елдегі тұрақтылықтың сақталуына тигізер ықпалы жайлы пікір қозғалды. Осы тақырыпта сөз алған қоғам қайраткері, «Серпін-2050» жобасының үйлестіру кеңесінің жетекшісі Мұрат Әбеновтың айтуынша, солтүстікке қоныстандыру арқылы оңтүстік өңірлерде шоғырланған бірқатар этностардың қазақстандық қоғамға тиімді интеграциялануына жағдай жасалады. Өңірдегі еңбек бөлінісі әртараптанады. Шаруашылықтың, еңбектің әртараптануы есебінен дәстүрлі кәсіптерімен ғана шектеліп (соның негізінде мәдени де оқшауланып қалған) келген әртүрлі этностардың жаңа мамандықтарды иеленіп, түрлі салаларға бейімделуіне де жол ашылады. Сонымен қатар, бұл жоба арқылы әр өңірлерде тұрып жатқан қазақ халқының да ішкі бірлігін арттырып, этномәдени жақындаса түсуіне негіз болатыны анық. 

Айта кетерлігі, тиімділігі мол жобаны тұрғындарға түсіндіруде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы белсенділік танытып келеді. Нәтижесінде, «Серпін-2050» жобасы бастау алған 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан 866 жас солтүстік өңірлерде тегін оқуға мүмкіндік алса, 2015 жылы жоғары оқу орындарына 3 мыңға жуық жас грант иегері атанды. Ал биыл 8897 талапкер жоба аясында білім алуға құжат тапсырды.

Семинар барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаидың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары: азаматтық бірегейлікті қалыптастыру» тақырыбында жасаған баяндамасы тыңдаушыларға үлкен әсер қалдырды. Ол Ұлт жоспарындағы әрбір қадамды жүзеге асыруда сіз бен біздің жауапкершілігімізді ұғынықты етіп түсіндірді.

Раушан АМАНОВА,
облыстық жастар саясаты мәселелері
жөніндегі басқармасының бас маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.